Дүйсеке ата үні
Мынау мешіт ұрпақ үшін салғанбыз,
Құшағында ғалымдардан қалған із.
Талай сансыз қарылғаштар ұшты одан,
Болмау үшін болашақта қорғансыз.
Әлем ұқсаң күнде тұтар жаңарып,
Тек ғылыммен аша біліп жаңалық.
Білім бердік ұрпақтарға сол үшін,
Имандықтың шуағынан нұр тағып,
Ақиқаттың бақыт туын қолға алып.
Қара суды кері ағызып оқумен,
Жасай білдік теміріңнен алтын кен.
Ауысқанды біз түшкіріп сау қылдық,
Аластатып әз-әзілдің дертінен.
Арашалап сұм ажалдан талайды,
Біз сыйладық қуанышты арайлы.
Кейде күліп, кейде шаншып алатын,
Өмір деген бір қалыпты тұрмайды.
Ұялаттық жүректерге сенімді,
Ұмытпауға жаратушы Құдайды!
Қажет десе көкпен ашық сөйдесіп,
Самал желден тіл алысып, күй есіп.
Бұлт шақырып мынау шөлді далаға,
Ақ жауынды құйдырғанбыз селдетіп.
Біздің ғылым терең ғылым қарағым,
Бастауынан қуат алған Құранның.
Адамзатты имандыққа шақырып,
Қызметтенген бақыты үшін адамның!
Құбылысын табиғаттың ұқтырып,
Өн бойынан ұға біліп ұлылық.
Жалбарынып жаратушы Тәңірге,
Бар адамға тіледік біз жылулық!
Өттік талай дауылдардан, сындардан,
Аямады ызғар төгіп сұм жалған.
Азаттықтың шуағына зар болып,
Алысумен өксік болып өтті арман.
Елің барда үміт толы сенім бар,
Сендерсің ғой болашағым жалындар.
Келешектің жарқын айқын жолы үшін,
Өткеніңді түгел ұғып алыңдар!
Туды алдыңнан біз аңсаған ақ таңың,
Ұмытпа сен Тәңір сыйға тартқанын.
Маңдайыңа қонған бақты қадірлеп,
Елдікті ойла, бірлікті ойла ұрпағым!
Бірлік жоқта тірлік болмас қайда да,
Татусыз ел қуанышын тойларма?
Алауыз боп бір-біріңді шалсаңдар,
Жете алмассың ізгілікті арманға.
Күрес тынбай елдік үшін аянба,
Ырыс қонсын бақыт қонсын ұяңа.
Өсер елдің ұлы қыран болады,
Ерліктермен құлаш ұрған қиянға!
Елгезектеу мінезіңнен серпіл де,
Ғылым ізде белді буып бекін де.
Жер –Анаңа қорғаушы бол, жан балам,
Адамзат тұр шыңыраудың шетінде!
Күте алмасаң табиғатты сай бақ,
Жап-жасыл боп тұрмас мәңгі сый арнап.
Сақ-сақ күліп ақырзаман жақындар,
Тозақ отпен, әсемдікті ойрандап.
Ойлан, ойлан ақылменен бас алға.
Білімдіге дүние жарық қашанда.
Ұлы мақсат болсын алға қойғаның,
Өмір сынақ асулардан асарда!
Және де бар саған қосып айтарым,
Ойнағынан сақтана біл шайтанның.
Олар кіріп ұрпағыңның қанына,
Әрекетін істеді сайқалдың!
Тұншықтырып бойдан қуып иманын,
Сұр жыландай бойдан сорып бар қанын.
Ұмыттырып тілін,дінін ессіз ғып,
Қалдырады тентіретіп құр жанын.
Мойынына түскеннен соң бұғалық,
Солған гүлдей нәрін жойып қуарып.
Тиын қуып керексізді қолға алып,
Сырқат тауып тойымсыздық дертінен,
Ырду- жырду думанменен ән салып,
Жоғалған соң жүрегінен ар- жарық,
Есіртке мен арағына алданып.
Теріс діннің ағымына арбалып,
Өз еліне өзі өшігіп жау болар,
Топастықтан қара киім оранып.
Айтым ұлым саған жүрек сырымды,
Үміттеніп төгіп рух нұрымды.
Оят, оят, адасқанға жол салып,
Кейінгіге мұра қылып жырыңды!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі