Бәйгіде – Светқали Нұржан

Бұл бетте «Бәйгіде» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.06.2019
  • 0
  • 0
  • 2844
Осы екен ғой, дариға-ай, тұлпар деген! —
Жарысты тек тұлпармен іңкәр-белең.
Құртар ма екен төзімді бойымдағы,
Бұрқанды өлең,
Кеудемді жыртар деп ем!
Кейде күліп шыққанмен сөйлеп алдан,
Неге қатал болады кейде жалған?-
Шаңын жұтып шарасыз тұрып қалдым,
Сынық қанат қасқалдақ — бейбақ арман.
Арманымнан алғаным бөлек пе едің? —
Бөлек демің, ей, тағдыр, — керек дедім.
Алмауыттың артында шаң қауып Мұң —
Келіп кетті-ай соңынан дедектегім!
...Дүлділдерін бәз дала көксеулі екен,
Көтеріліп тұрған жоқ өкшем бекер!
Бұлыңдаған сағымға мен де ендеше
Жете жаздап... жете алмай өтсем бе екен?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері