Шамығұлдың шағынуы – Светқали Нұржан

Бұл бетте «Шамығұлдың шағынуы» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 20.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1497
Кезінде "Халық жауы" атанып көп қуғын көрген Маңғыстаулық Шамығұл күйшінің ақырғы демі, көргендердің айтуынша, Есбайдың үш күйін: "Әләйім — Мейрам", "Өттің өмірі "мен "Әләйім жалғанын" тартып жатып үзілген...

Домбырам менің, боздашы ең ақырғы рет,
Меңіреу мынау дүниеге білдірт дауысыңды.
Торғай ұшса да төбеден тоңатын жүрек
Сөніп барады... білтесі жым-жырт таусылды.
Оралар ма екен жапаннан нарларым боздап,
Ыңыранып бір ілінші саусақтарыма. —
Сүйегі қураған шалдардың әруағын қозғап,
Қаңырап қалған кеудені қаусат та мына.
Соранды шалып шілденің өрті көктеткен,
Етпеттей шөккен, домбырам, аруанамысың...
Оралар ма екен әруақтар тентіреп кеткен,
Есіткен кезде шанақтың арда дауысын.
Замана желі итеріп көкірегімнен,
Шекемді шақты анау күн сазарған бетбақ.
Машырық пенен Мағұрып көпірі едім мен,
Қайыстырды ғой белімді Тажалдар қаптап.
Жинадым бәрін тал бойға — көпке нұсқаның,
Бейдауа дертке дәру қондырамын.
Ауыртып алмай еппен ұстадым,
Ақ білегінен ару домбыраның.
Сұм Заман қолға кигізді кісенін Жаттың,
Жұдырық білеп қобызға Сойыл - Мұндарың.
Жұмақтан келген қойдың мен ішегін тақтым,
Естіші, Тәңір, момынның — қойыңның Зарын...
Құрдай жорғалап алдында Топас Тақыттың,
Маусымдық Құлдар, сен қанша Даңғылымды аттың!
Халқымның шер мен наласын қапасқа тықтың,
Сол қапасқа күйімді шам қылып жақтым.
Нұр мүсін емес, күл пішін ордама кіред,
Сақалымды сатпан дүниенің қуыс құнына.
Домбырам ғана егіліп қорланады кеп,
Топас балтаның сабымен туыстығына.
Мұп-мұздай үрей миымда топырақ сабап,
Көкірегіме кірді бір ойранды құйын.
Шектерім бырт-бырт үзілді,
шатынап шанақ,
Домбыра ма бұл — мен бе әлде?
Қайда әлгі күйім?..
Күйлерім қайда,
Кеудемде отын жақтырған?
Қара бұлт төнді, жанардан арайымды алған.
...Нажағайлы аспан жалт етті шатырлап тынған:
"Әләйім — мейрам!.." "Өтті... өмір..." "Әләйім — жалған...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Шамығұлдың шағынуы өлеңінің авторы кім?

Светқали Нұржан — осы өлеңнің авторы.

Шамығұлдың шағынуы өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Шамығұлдың шағынуы өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Светқали Нұржан өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Шамығұлдың шағынуы өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері