Сырым баба тойында оқылмай қалған өлең – Светқали Нұржан

Бұл бетте «Сырым баба тойында оқылмай қалған өлең» атты Светқали Нұржан жазған поэзия туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 20.06.2019
  • 0
  • 0
  • 2116
Сырым бабам-ай, Аршыландарға
есе бермей кеткен Қабылан,
Сені көргенде қайырсыз хандар
түңілген табыт — тағынан.
Наркескенің қапты ілулі көкте,
Жарқылдап жүзі жарты Ай боп
Шарық-Аспанға жаныған.
Жау кірген шақта жұлдыз елімді
тауыспақ болып аңша аулап,
Жарағыңа сенің жабысқан сонда
жұртымның Жары — қанша әруақ.
Сілкілеп көріп, күркіреп келіп,
қаңсылап қашқан қара бұлт —
Қабырғаларынан қан саулап.
Безбелді қара бүркіттей бейне
көкжал бөріге кәрленген. —
Жүрегіңді тесіп, тілегіңді тосып,
Білегіңді қосып арлы ермен,
Сұрамай сауға тиіпсің жауға —
Балдағы дандан болатым,
Қайғылы жанын қан жеңген!
Дулығаң гүлдеп, дұдығаң гулеп,
бастасаң қолды, шынды ұрып,
Жүргендей бопсың өзен-бұйдамен
тауды жетектеп, шың мініп.
Шекесі шоқты, ауызы түкті
желкеңе мінбек көп төмпек
Табанында қапты шыңғырып!
Сол бетіңменен кетіпсің ұзап,
айтпайды жөнін сары дала.
Сары құмырсқалы алда төмпектер
қарайды бүгін паңдана.
Баптаған іріткі қаптаған қыртты,
ақтабан жұртты қалдырып
Кетіп ең қайда, жан Баба!?
Пірлі өлкең — мекен, ашығып келіп,
басынып кеткен түрлі ұлтқа,
Кімдер жүргенін білер ме рухың,
сен тастап көшкен тұл жұртта? —
Сенің нәсілің көзіне түссе,
Түндігін қымтап, шықпайды
Тығылып алып күн бұлтқа.
Жанымды менің тоңдырып — жалын,
күйдіріп — ызғар, өртеп — сыз Қарып барады;
алып барады елімді қайда ен тексіз?
Желкелемек түгіл жерге тықса да
бөксемен көкке мөр басқан
Ел — бексіз бүгін, ер — кексіз!..
Сүйегім бастан бөлініп қалды —
Жұлынымды мүжіп жегі құрт,
Иегім жақтан сөгіліп қалды,
тілімді кесіп жөгі жұрт.
"Күніне жүзден жеңіліп кетсең"
бақытты екенсің, біз жүрміз
Күніне мың сан көміліп... 
Жұртында тағы төбелер қапты —
ордалар қонған, ту тұрған,
Төрелер қапты тынысын тапқан
шекпен мен шеннен, құлқыннан.
Ұлысың Хақтан жерініп,
Ырысың Жатқа телініп,
Қылышың көкте ілініп,
ол-дағы, бұлтқа көміліп,
Ыдысың қапты — у тұнған!..
Ұл болып тусаң, — дедім де кеше, —
Запыран ішіп, қан түкір! —
Сен жүрген жолмен сапарға
аттанғам беймезгіл шақта — арты түн.
Алдымнан шығып
әлдекім сусын ұсына берді. —
Жан Баба-ай! —
Ащы екен сенің Сарқытың!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Сырым баба тойында оқылмай қалған өлең өлеңінің авторы кім?

Светқали Нұржан — осы өлеңнің авторы.

Сырым баба тойында оқылмай қалған өлең өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Сырым баба тойында оқылмай қалған өлең өлеңі не туралы?

Бұл шығарма поэзия туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Сырым баба тойында оқылмай қалған өлең өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері