Тұсаукесер – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Тұсаукесер» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 20.07.2019
  • 0
  • 0
  • 5174
Былтырғыдан, балдырған,
Қалдың біраз есейіп.
Жарылқасын алдыңнан,
Тұсауыңды кесейік.
Тұсаукесер – ежелгі
Дәстүр-салты халқыңның.
Адымда да тез енді,
Алға қарай талпынғын.
Алаңдама жетекке,
Қалдың, қалқам, есейіп.
Оралма енді етекке,
Тұсауыңды кесейік.
Бар баланы жинайық,
Жаяу жарыс жасайық.
Көршілерді сыйлайық,
Шай қойып, ет асайық.
Қосыларсың қатарға,
Адам болсаң есейіп.
Аттан ұлы сапарға,
Тұсауыңды кесейік.
Арман қуып самғасаң,
Сан өткелден өтерсің.
Талпынудан талмасаң,
Мұратыңа жетерсің.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері