Толғанай – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Толғанай» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 28.07.2019
  • 0
  • 0
  • 7689
Әнін жазған Әбиірбек Тінәлі

Әлди де әлди, Толғанай,
Әлдидің мұңды болғаны-ай.
Желегін жаңа жайғаңда,
Гүлімнің ерте солғаны-ай.
Әлди де әлди, Толғанай,
Көңілдің шерге толғаны-ай.
Кеудемді керсе қасірет,
Тұрайын қалай толғамай.
Әлди де әлди, қызым-ай,
Өмірдің мына қызығы-ай.
Бастауы тура тірліктің,
Басбауын кенет үзуі-ай.
Жапанда өскен жас қайың,
Жапырақ жаяр жаз сайын,
Әлдиім менің Толғанай,
Әнімді мұңды бастайын.
Жан еді анаң ақылды,
Толғатып жатып шақырды.
Жеткізді әрең үздігіп,
Аманат сезін ақырғы:
«Тәңірім жете қолдамай,
Өмірім келте болғаны-ай.
Қыз еді көптен күткенім,
Атағын оны Толғанай.
Аялап өткен жарым ең,
Арманды көктем арым ең.
Қызымды тастап барамын,
Қоштасып тірлік таңымен.
Опасыз мына ғұмыр-ай,
Барады зулап зымырай.
Ізіңді әрбір аңдыған,
Ажалдың арсыз зұлымы-ай.
Өлсем де енді өкінбен,
Өлімге бастан бекінгем.
Арман сол – кетіп барамын,
Қызымды көрмей жетілген.
Өзіңе қызым аманат,
Жүрмесін жылап «аналап».
Көзіне шұқып «жетім» деп,
Түртпесін біреу табалап.
Дайындап қойған сыйым бар
– Бір сандық үйде киім бар.
Қызыма деген басқа да
Бағалы біраз бұйым бар.
Қызыма деген талшыбық,
Ойыншық ерен баршылық.
Жаутандап жалтақ өспесін,
Көрмесін ешбір таршылық.
Демегін, жарым, ол қалай,
Жүрерсің дәйім оң қарай.
Секілді сұлу толған ай,
Толысар әлі-ақ Толғанай».
Осыны айтып анашың,
Көзінің жұмды қарасын.
Толғанай қызым, ұқтың ба,
Мінеки, сондай баласың.
Анаңның айдай арманы –
Сенімен жайнай алмады.
Келер күн туған күні еді,
Оны да тойлай алмады.
Нәресте деген бір шыбық,
Нәресте ерен тіршілік.
Құшағын жаяр келешек,
Нәрестемен күн шығып.
Әлди де әлди, Толғанай,
Әлдидің мұңды болғаны-ай.
Желегін жаңа жайғаңда,
Гүлімнің ерте солғаны-ай.
Әлди де әлди, Толғанай,
Әлдидің мұңды болғаны-ай.
Кеудемді керсе қасірет,
Тұрайын қалай толғамай.
Өмірдің балын жоқ татқам,
Кермекті дәмін көп татқам.
Тынысым барда тірлікте,
Анаңды, жаным, жоқтатпан.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Толғанай өлеңінің авторы кім?

Абдрахман Асылбек — осы өлеңнің авторы.

Толғанай өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Толғанай өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Абдрахман Асылбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Толғанай өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері