Шәй
1
Отырдың, қалқам, керіліп,
Айрықша сұлу көрініп.
Толқындай түскен қолаң шаш
Иыққа әсем төгіліп.
Көздерің қиғаш сүрмелі,
Көйлегің жібек бүрмелі.
Сүңгідей сүйір кірпігің
Жебедей жүрек түйреді.
Құманың лезде қайнап қап,
Кесеге құйдың шәйді ақтап.
Талғамай тарта бердім мен,
Ұсынғын сайын қаймақтап.
Еркімді билеп сен менің,
Борша да борша терледім.
Отырған шақта қысылып,
Жөн болды сүлгі бергенің.
Алауын басып сыртымның,
Ақырын ғана сүртіндім.
Айтпақ ем саған көп ойлар,
Айта алмай, біраз іркілдім.
«Бұланарлықтай соншама,
Түсіп пе еңіз моншаға?
Тыйылар емес теріңіз,
Үйіміз салқын болса да...».
Қағыттың жайлап әзілмен,
Әзілге, қалқам, әзір ме ем?
Барынша сыйлап қарсы алдың,
Барыңды берп мәзірмен.
2
Отырдың тағы таранып,
Айнаға кербез қаранып.
Жанымды менің толқыттың,
Ерекше сұлу жаралып.
Қаймақтап шәйді ұсындың,
Қара бір терге түсірдің.
Келесі кезек келгенде,
Кесеңді кері ысырдым:
«Сыр еді, сәулем, сақтаған,
Ішпеуші ем шәйді ақтаған.
Алғашқы жолы өзіңе
Айтуға мұны батпағам».
«Әлде, сіз қазақ емессіз?
Жая да, мүмкін, жемессіз?» –
Дедің-ау өкпе танытып,
Көну де қиын егессіз.
«Құрметтер кәрі-жасымыз,
Жал-жая – ұлттық асымыз.
Қымыз бен шұбат сімірдік,
Қосыла қалса басымыз.
Заманнан бері ықылым,
Нәрін ап малдың сүтінің,
Өзге елден көріп,
Кейіннен
Өсірдік шәйдің тұқымын.
Бұл шәйда шексіз пайда бар,
Ішкеннің жаны жай табар.
Иісі жұпар аңқыған
Үндінің шәйі қайда бар?
Түріп бір үйдің түндігін,
Ішкенде шәйін үндінің,
Жазылып шеке тамырлар,
Қанады құмар-ындының.
Шипалық мәнін ұқпастан,
Шаймалап шәйға сүт қатсаң,
Қасиетін жояр төрт бірдей,
Не қалмақ сонда мықты астан?
Қып-қызыл түсі бұзылып,
Иісі жұпар үзіліп,
Лайсаң сұйық боп шықса,
Кім ішер шәйді қызығып?
Басылса алау ыстығы,
Дәрілік қашса күш-құны,
Тамсанып қалай ішпекпіз,
Тамаша шәй деп біз мұны?
Бұл қазақ ақты құт көрген,
Уланған жанға сүт берген.
Жойылар болса уыты,
Сүт қосқан шәйді құп көрмен».
3
Еліктей ерке көріктім,
Өзіңмен қайта жолықтым.
Бояусыз жүзің нұрланып,
Отырдың күліп, болып күн.
Ойымды, әлде, түсіндің,
Сынымнан, әлде, қысылдың.
Бұл жолы шәйді ақтамай,
Қып-қызыл күйде ұсындың.
Ұрттадым толғап, тамсанып,
Бердің бе, әлде, бал салып?
Иісі жұпар бұрқырып,
Рахат таптым қаншалық!
Аңқыған жұпар исіңе
Еліттім еріп исіне.
Қарлығаш қанат қасыңа
Қарадым талмай сүйсіне.
Алмадай піскен қызыл бір,
Бояуын көріп жүзіңнің,
Қыпша бір белден құшсам деп,
Құмарлық қысып, сүзілдім.
Қолымда шәйі үндінің,
Шалқыды, айым, гүл-нұрың.
Шәйің шын қандай тәтті еді?
Қанбай-ақ қойды ындыным.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі