Өлең, жыр, ақындар

Қабыланбайдың «Қарсақ жолы»

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 2269
Шағын бұл дастанда 1837-1838 жылдары Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісне қатысқан батырлардың бірі болған Қабыланбайдың хан мен патша әскерін сарсаңға салып, Иван Сусаниннің ерлігін қайталаған оқиғасы жырланады.

1837 жылы көтерілістің күйіп тұрған қараша айында хан мен патша әскері құмның қуыс-қуысын кезіп, Исатайдың тобын іздеп жүреді. Исатай да қарап жатпай, шолғыншылар жұмсап, жан-жақты барлаумен болады. Сондай шолғыншылардың бірін Қабыланбай Қалдыбайұлы басқарса, екіншісін Әйіп басқарады. Әйіп Өтемістен туған он ұлдың тоғызыншысы еді. Бұл көтеріліске Махамбеттің тете ағасы Қожахмет те қатысады. Алдымен Махамбеттің інісі Әйіптің ерлігіне тоқталар болсақ, ол да ағасы сынды ержүрек батыр болған. Ол жақындап қалған жаудың қарасын көреді де, жақын маңда жайылып жүрген бір үйір жылқыны алдына салып, Исатайлар жатқан жерден басқа жаққа айдай жөнеледі. Ондағы ойы – жаудың бетін өзіне алдандырып, Исатайлар тобын аман алып қалу еді. Құмды суыра, шаңын бұрқырата шауып бара жатқан үйір жылқыны жау Исатайдың қолы екен деп, ізіне түсіп қуа береді. Ентелеген жау қойсын ба, әлден уақытта қуып жетіп, қоршауға алады. Сөйтсе, үйір жылқыны қуып бара жатқан жалғыз адамды көріп, оны тірідей ұстап алуға ұмтылғанда, ол жаумен жалғыз жағаласып, қатты қарсылық көрсетеді.

Өліспей беріспейтінін көрген жау оны жан-жағынан қоршалай келе қылышпен шауып өлтіреді. Сөйтіп, есіл ер Әйіп көпшіліктің мүддесі үшін өз басын құрбан етеді. Махамбеттің інісі Әйіптің жау қолынан қаза тапқан жері Батыс Қазақстан облысының Жаңақала маңынан 12 шақырымдай қашықтағы сайдың іші екен. Кейін көтерілісшілер оның денесін сайдың ішінен тауып, жағалыққа жерлеген. Сол сай күні бүгінге дейін «Әйіп сайы» деп аталады екен.

Ал, Қабыланбай болса, көтерілісшілердің белсенді батыры болған. Ол да шолу жасап жүрген кезде жау әскеріне кезігіп қалып, қатты ұрыс салады. Алайда, көп жасақ патша әскерінің қолбасшысы Геккенің бұйрығымен оны қолға түсіреді. Қанша қинағанымен Қабыланбай Исатай қолының қайда екенін атпай қояды. Содан кейін Гекке айлаға көшіп, адам жіберіп, Қабыланбайдың жаңа дүниеге келген баласын алдыртады. Егер Исатайды тауып бермесең, балаңды өлтіреміз деген соң, Қабыланбай да айлаға көшіп: «Жарайды, тауып берейін» деп, жау жасағын қалың құмға бастайды. Сөйтіп, жаудың қолын әбден қалжыратып, Исатайдан алысқа алып кетеді.

Бұл оқиға мынандай жағдайды дөп қайталайды: 1612 жылы орыс жеріне шабуыл жасаған поляк шляхтары орыс шаруасы Иван Сусанинді ұстап алып, төте жолды көрсетуді бұйырады. Сонда Иван Сусанин жауды әбден сарсаңға салып, қалың тоғай, сор батпаққа бастап барады. Қатты ыза болған жау әскері Иван Сусанинді сол жерде азаптап өлтіреді. Кейіннен Иван Сусанинге Кострома қаласында ескерткіш орнатып, әйгілі орыс композиторы Михайл Глинка «Иван Сусанин» операсын жазған.

Сол Иван Сусаниннің ерлігін қайталаған қазақ батырларына да сондай ескерткіштер орнатылып жатса, құба-құп болар еді.

Жай оғындай жалынды
Өшпей қалған ер ісі.
Ел аузынан алынды
Осы жырдың желісі.
Исатай мен Махамбет
Кек қылышын қайратып,
Қаһарланып, қатаң боп,
Жүрді жауын жайратып.
Хан әскері сабылған,
Батырларды таба алмай.
Ақылынан жаңылған,
Жансыз хабар ала алмай.
Әуре-сарсаң басталды,
Жолыға алмай бетпе-бет.
Бір жағынан жасқанды,
Белдесуге жекпе-жек.
Күздің қашып ұсқыны,
Құбыладан соқты жел.
Қардың түсіп ұшқыны,
Көк тоң болып кетті жер.
Келді өмірге бір бала,
Құм Нарында іңгәлап.
Тұрды ана нұрлана,
Күйге түсіп бір ғажап.
Жаңа туған түлегін
Қуанышпен көрсін деп,
Жіберді батыр бір ерін,
Шілдехана берсін деп.
Ердің аты Қабыланбай,
Тәнименен дос еді.
Қара жүрек қабыландай
Жәңгір ханмен өш еді.
Арзан шенге сатылып,
Байға басын имеген.
Хан қаруын асынып,
Хан шекпенін кимеген.
Сезініп хан зор жәбір,
Тісін қайрап күлетін.
Қас батырды торға бір
Түсірсем деп жүретін.
Бірақ, батыр сенімді,
Махамбетке ілесіп,
Бастап ұлы шеруді,
Кетті жаумен күресіп...
Қара суық қатулы,
Қырау басқан күз де еді.
Балқы бидің айтулы
Ауылын ер іздеді.
Жеңіс деген жеп-жеңіл
Келеді ме тартыспай?
Батыр жортты ер көңіл
Жасағымен алпыстай.
Қас жауына ер төніп,
Сермеді алмас қылышты.
Талай үйлер өртеніп,
Көкке желмен күлі ұшты.
Тұрса-дағы амалсыз
Уақытша ұтылып,
Қара түнде хабарсыз
Балқы кетті құтылып.
Жай кеткен жоқ ол жауыз,
Қайрап кетті тістерін.
Қара жүрек, қанды ауыз,
Сайлап кетті істерін...
Апта өтті ме арада,
Күн де жетті сезікті.
Құм іші – Тасобада
Жаулар қайта кезікті.
Жәңгір менен Балқыға
Патша әскері қосылып,
Келе жатты алқына,
Мол қарумен жосылып.
Қабылан ба бөгелер,
Келер болсаң кел десіп,
Ел деп туған ерен ер
Кетті жаумен белдесіп.
Шаң басқан да қан басқан
Бір сұрапыл басталды.
Жарқ-жұрқ етіп алдаспан,
Қиып жатты бастарды.
Бір жалын боп, бір мұз боп,
Жан денені қозғап бар,
Ағып түсті жұлдыз боп,
Талай тарлан боздақтар.
Екі жақ та сиреді,
Қарашаның кешінде.
Қалды өліктің үймегі
Тасобаның төсінде.
Зеңбіректі, мылтықты
Патша әскері алайда,
Қабыландай бүркітті
Тірі ұстамақ қалайда.
Қол жеткенін қылышпен,
Қашықтауын сүңгімен
Жайпап жойқын ұрыспен
Жау шебін ер үңгіген.
Әкесі мен інісі
Қабыланбайдың қасында.
Ашылды жау тынысы,
Олар да ұқсап жасынға.
Ұстай алмай батырды,
Гекке қатты күйінді.
Солдаттарға ақырды:
«Атын ату тиімді!»
Оққа ұшты аяулы ат,
Көздеді бір жан арсыз.
Қабыланбай жаяу қап,
Қолға түсті амалсыз.
Бұғау салып кісендеп,
Алып келді ордаға.
Қарауыл бай қу жендет
Қуанды бұл олжаға.
Сөз бастады сыпайы,
Сиқырлана күлімдеп:
– Сабыр сақтап ұдайы,
Ақылды бол, інім, – деп.
Алдияр деп ханыңа,
Адалдықпен ант бер.
Не керек өз жаныңа?
Хан сыйлығын алып көр.
Басыңа бақ қонады,
Шен тағасың жағаңа.
Ойлағаның болады,
Сырыңды айтсаң ағаңа.
Қайда Исатай бекінді?
Қанша адам бар тобында?
Күші бар ма жетімді?
Қандай сыр бар ойында?
Өзің бастап апар тек,
Қалың қолын орданың.
Исатай мен Махамбет
Көрсін сойқан болғанын.
Біздің сырды ұқты ма?
Айт батырдың есебін.
Қарулары мықты ма?
Адамы бар неше мың?
Қабыланбайдың жадында
Тайға таңба басқандай.
Бірақ, ханның алдында
Берді жауап жасқанбай:
– Исатайдың тұрағы
Көкте – бұлттың ішінде.
Жай оғындай бір ағын,
Жауды жайпар күшінде.
Ақиықтай айналып,
Орданы ол торуда.
Сәтті күні жайланып,
Қам жасап жүр қонуға.
Алсаң-дағы басымды,
Сырды ашпаспын сенімді.
Қанға бояп досымды,
Таға алмаспын шеніңді.
Азаппенен өлсем де,
Сатылмаспын ақшаға.
Не қасірет көрсем де,
Бағынбаспын патшаға.
Хан бұйырды мың қамшы
Аш бауырдың тұсынан.
Сол кездегі итаршы
Қарауылқожа ұсынған.
Қатал түрін жазаның
Қас батырға арнады.
Дүре соғу азабын
Соза түсіп жалғады.
Батыр шыдап бұған жай,
Қыл шылбырша ширады.
Қанды сорып жыландай,
Қамшы тәнді қинады.
Қызған темір басқандай
Бауыр еттің өзіне,
Қыл арқанға асқандай,
Қан құйылды көзіне.
Бас айналып, тұнды көз,
Шықпай жаны азарға.
Қиянатқа қылды егес,
Қарсы тұрып ажалға.
«Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де,
Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске!»...
Қан кетсе де ауыздан,
Айтпады ер шындықты.
Тартты алға жауыз хан
Одан да өткен сұмдықты:
Қабыланбайдың үйдегі
Нәрестесін алдыртты.
Ердің азап күйдегі
Жанын отқа салдыртты.
Дүниеге шыр етіп
Жаңа келген баласын
Кім істікке түйретіп,
Азабына қарасын?
Ендігі ағат сөзіне
Жау ызасы артады.
Өз баласын өзіне
Қуырдақ қып тартады.
– Жеңдің, – деді Жәңгірге, –
Зұлымдықпен, қулықпен.
Түршігетін жан мүлде
Естімеген сұмдықпен.
Бұзып бала бесігін,
Бұл жасаған ойраның, –
Бір ұрпақтың есімін
Біржолата жойғаның.
Жүр соңымнан, ер енді,
Жетер осы ойнаған.
Жина барлық төреңді,
Бізге тісін қайраған.
Исатайға бастаймын,
Керек етсең батырды.
Қорықпай-ақ қой,
Қашпаймын,
Бер мықты бір атыңды.
Осы жауап Жәңгірдің
Мұз жүрегін жібітті.
Берді хандық әмірін,
Босатуға жігітті:
– Мінгіз өзін бір атқа,
Әкетіңдер баласын.
Исатайдың, бірақ та,
Тарттырамын сазасын.
Айтқанымды беремін,
Алудан ер қашпаса.
Қалың қолмен еремін,
Исатайға бастаса.
Әйтсе-дағы батырың
Көңілде бір сыр сақтап,
Істің күтті ақырын,
Иісе де бір сәтте-ақ.
Гуілдеді қатты жел,
Қылау бүркіп, бұлт ұшып.
Қара тоң боп жатты жер,
Бар табиғат құртысып.
Танымаған Тәңірін,
Аш қасқырдай құтырып,
Қалың қолы Жәңгірдің
Жолға шықты жұтынып.
Соқпады оңай алайда,
Қабыланбай батырға.
Үңіліп жан сарайға,
Салды ойын ақылға:
«Ел еркесі, серкесі,
Айрылғанша ерімнен –
Құшсын мені жер төсі.
Неге қорқам өлімнен?
Бекем буып белімді,
Қас дұшпанмен күрескем.
Сатпау үшін елімді,
Исатайға ілескем.
Аман болсын Махамбет,
Аман болсын Үбі ағам.
Балуан Тәни, Қожахмет
Ел тілегін құп алған.
Жанға батып азасы,
Жойылса да тұқымым,
Жасқандырмас жазасы,
Жау бетіне түкірдім!»
Сыр бермей сырт түрінен,
Бөркін алып қолына,
Хан әскерін түнімен
Салды «қарсақ жолына».
Ұзақ жүріп сандалып,
Ат мойыны талғанда,
Ескі жұртқа барды алып,
Таңға таяп қалғанда.
– Осы, деді, мекені
Исатайдың мен көрген.
Сұра қайда екенін
Асу-асу белдерден.
Қазіргі сәт, мүмкін ол
Жеткен шығар ордаға.
Ордадағы мүлкің мол
Түскен шығар олжаға.
Сендер мұнда тұрғанда,
Бірді мың боп қоршалап,
Жүрген шығар ол онда
Бақытыңды боршалап.
Баймағамбет, Балқыны
Белдерінен қоса аттап,
Зұлқарнайын жалқыны
Тінікейге қосақтап;
Ардан безген қас жауға
Арылмайтын азап сап,
Сұратып бір жансауға,
Тұрған болар мазақтап.
Жәңгір ханның мына сөз
Өңменіне қадалды.
– Хан ақырды:
Сірә тез,
Жойыңдар бұл тажалды!
Исатайлар шынында
Шапқан шығар ордамды.
Ұшыратып шығынға,
Қырған болар мол жанды.
Ата жауым қашаннан
Қара қазақ баласы.
Аямаған, бас алған,
Келе қалса шамасы.
Тобасына келтірген,
Ерегіссе, егессе.
Үш атамды өлтірген
Қара қазақ емес пе?
Деп еңіреп Жәңгір хан,
Ат жалына құлады.
Айрылдым деп тағымнан,
Өксіп-өксіп жылады.
Хан тағында отырса,
Аузын айға білеген.
Кісімсініп ақырса,
Көкке тіреу тіреген.
Көпшіліктің алдында
Болып нағыз шерменде,
Құты қашып ханның да,
Жасығанын көргенде;
Қабыланбайдың өзегі
У ішкендей ашыды.
Келгеннен соң кезегі,
Ашулы сөз тасыды:
– Қазаққа хан атанып,
Сайлаусыз-ақ ел билеп,
Патшадан шен, ат алып,
Қан қақсаттың елді илеп.
Хан дегенім қайырсыз
Ырылдаған ит екен.
Бар арманы – байырсыз
Мал менен бақ, кит екен.
Ұят қайда, хан төрем?
Жау көзінше жасыма.
Адамдар тұр көлденең,
Дейді-ау: «Ханы осы ма?».
Сені көріп жасық дер
Барлық қазақ баласын.
Жанның құлы, пасық дер,
Малмен өлшеп бағасын.
Тыңда, Жәңгір, сен бізді,
Шындық қайда?
Жөнге кел.
Ер деп жүр ғой ел бізді,
Елді елге теңгерер.
Балама да бір істік,
Қарсы емеспін қазаға.
Елге берсін тыныштық,
Мен риза жазаға.
Мынау – біздің ескі жұрт,
Тұрағы емес батырдың.
Сені кім дер есті жұрт?
Маған сеніп шаталдың.
Адастырдым әдейі,
Салып мұнша лаңға.
Осы «сыйым әдемі»,
Сен секілді жыланға.
Түні бойы сандалып,
Нарын құмын шарладың.
Ақымақ боп алданып,
Алтын деп, қи қармадың.
Хан ыза боп жер тепті,
Апшысын тез қуырып.
Бар ашуын селдетті,
Алдаспанын суырып.
Гекке тұрып өзінше,
Мұқатқандай Жәңгірді,
Хан мырзаның көзінше
Қалың қолды таң қылды:
«Күлкі қылып қазаққа
Офицерін патшаның,
Қалып үлкен мазаққа,
Исатайды таппадың.
Алып босқа мазаны,
Елді азапқа салған хан,
Сенсің нағыз жазалы,
Ақымақ боп алданған.
Мен де күлем мазақтап,
Сенің «алтын» басыңды.
Өзің өлтір азаптап,
Исатайдай қасыңды».
Сол кезде бір есерің,
(Қан ағызу арманы)
Жарқ еткізді семсерін,
Басын кесіп алғалы.
Қанға құмар құлқынды
Қандырмақ боп тезінен,
Қабыланбайға ұмтылды
Қанталаған көзімен.
Тура қарап көзіне,
Гекке тыйды бәлемді.
Зекіп оның өзіне,
Сөз айтты бір дәлелді:
«Қайтпас оқтан кезенген,
Ер басына туса күн.
Патшасы үшін өзі өлген
Шаруа Иван Сусанин.
Бұл да сондай болмақ тап,
Өзін ұстай білді шын.
Тұр көсемін қорғап қап,
Көр деп ерлік үлгісін.
Солдат, сарбаз, нөкерге
Мұндай ерлік үлгі рас.
Қолбасшыға қатерде
Жауға құрбан қылды бас.
Дұшпанға сыр-айланы
Қорқып сатқан солдаттан
Итті аяу көп пайдалы,
Жанды жерден дәл қапқан.
Қазақтың бұл ерлігі
Өлімнен басын сақтасын.
Сот құрылып белгілі,
Трибунал соттасын».
Деп, батырды түрмеге
Қырық солдатпен айдатты.
Қолын шандып күрмелеп,
Қыл шылбырмен байлатты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Туған жер

  • 0
  • 0

Туған жер, мен-дағы бір түлегіңмін,
Тулаған тұла бойда тілегім мың.
Алыстан асығыстап келген сайын,
Жылуын жарып бердің жүрегіңнің.

Толық

Бұл өмір керек қылмас құлшылықты

  • 0
  • 0

Бұл өмір керек қылмас құлшылықты,
Сүйенген тіл-жағына жыршылықты.
Сол деп ұқ сөнбейтұғын тіршілікті –
Көгертіп қадап кетсең бір шыбықты.

Толық

Алтын күз

  • 0
  • 0

Берекелі,
Мерекелі
Келді жомарт алтын күз.
Қалада да,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар