Өлең, жыр, ақындар

Әпкеге арнау

Әпкем Гүлсараға арнау

Ес білгелі көріп келем мейірімін,
Әпкем менің жанашырым, қорғаным.
Ол бар кезде сезінбедім аштықты,
Ол бар кезде сезген емен еш уайым.

Отбасына бермесе де қысылмай,
Бар дәмдісін бізге берді қашан да.
Сөз есітіп ата-ене мен күйеуден,
Жылдап, айлап орын берді отаудан.

Қас-қабаққа қарап біздің абайлап,
Ұрсуға да бата алмайтын батырып.
Өйткені оның жүрегінде бауырмал,
Махаббат бар бізге деген жасырын.

Сол ұлы күш бізді ойлатып тыншытпай,
Уайымға түсіреді әпкемді.
Келген сайын жаңа жасы, есейіп -
Мұңға батам, есіме алып өткенді.

Әпке сіздің жас күніңді тауып ап,
Сыйласақ қой, орап әсем қағазға.
"Мәңгі-бақи жанымызда жүрші" - деп,
Кигізуші ек қырау шалған самайға!

Тісіңді де қайта өсіріп түбінен,
Бірге отырып шекілдеуік шағар ек.
Ұмыт болған арманыңды кіршіксіз,
Жастық шақтың қойнауынан табар ек?!

Жездеміздің мұңын тыңдап, күш беріп,
Екеуіңізге бақыт жолын нұсқар ек.
Бірақ өмір өкініштен тұрады,
Өйтпегенде біз періште болар ек!

Десе де Аллаһ сыйын берді қаншама,
Саналы ғып ұрпақ берді мың шүкір.
Қалған ғұмыр ертегідей боп өтсін,
Деп тілейміз айта бермей көп күпір.

Бар бола бер, асыл әпкем, қымбаттым,
Лайықтысыз небір ғажап бақытқа.
Қос өмірде көрмей ешбір уайым,
Шаттана бер күліп барлық уақытта!

Сіз қуансаң - бізге сол да жетеді,
Қабағыңа түспесе екен қаяу мұң.
Ата-анамның тұңғыш қызы, төл басы -
Үлкен әпкем, мың жасай бер, аяулым!

Қызығын гөр Сырымың мен Сұлтанның,
Бағын тапсын Саятайың күн-айың.
Бар арманың орындалып қашан да,
Жүре бергін ортамызда Күшайым!

Гүлмекен Қасенбай
04.04.2025



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер