Ар алдында
1
Күмбірлете күйін шертіп май дүбір,
Желбіретіп желектерін жайды гүл.
Үзіп алып қыз төсіне қадауға,
Таптырмайтын тарту ғой бір майғы гүл.
Бейне мәңгі аялаған айды нұр,
Екеу-екеу көше бойлап жайлы жүр.
Тереземнен қарап тұрып соларға,
Есіме алдым өтіп кеткен жайды бір.
Дәл осындай мерекелі күн еді,
Толқын атқан әрбір жанның жүрегі.
Мүмкін, бүгін қуанышты, бақытты,
Ертеңгісін қайдан болжап біледі?
Мүмкін, бүгін шаттанады, күледі,
Ұлы думан құшағына кіреді.
Мүмкін, ертең күміс күлкі сарқылар,
Күні бұрын оны қайдан біледі?
Мүмкін, бүгін түріліп түн түнегі,
Мойынына оралар жар білегі.
Мүмкін, ертең сағымдай боп ант пен серт,
Алдап кетсе, оны қайдан біледі?
Алда тұрған бар өмірі, тілегі,
Жаңыл-дағы көпшіліктің бірі еді.
Бастан кешкен уақиғасы сол қыздың
Көптен бері кекейімде жүр еді.
2
Көбелектей ұшып-қонған сабырсыз,
Ерте бастан ерке өсті Жаңыл қыз
Ананы да ал, мынаны да ал, кием деп,
Ата-анасын мазалайтын дамылсыз.
Болғаннан соң қайтарусыз, әмірсіз,
Үйге кірсе жүре алмайтын дабырсыз.
Ұрысатын кейбір кезде анасы:
«Қойшы қалқам, қойсаңшы енді, тәңірсіз.
Қайран ана қыз бетінен қақпайтын,
Сонда дағы көңілін бір таппайтын.
Бұл көйлегің ұзын, я қысқа деп,
Алған заттың барлығы да жақпайтын.
Өкпелесе, аузына дәм татпайтын,
Теріс қарап ешбір жауап қатпайтын.
Не десе де орындайтын тілегін,
Қатты ұрысуға ата-анасы батпайтын.
Алданатын болмашыға жұбанып,
Шаттанатын болмашыға қуанып.
Көңілденсе тез басыла қалатын,
Салмақтанып, сабыр сақтап бір ауық.
Көк жүзінде күміс күннен нұр алып,
Шешек атты қыр гүліндей бұралып.
Он жетіге толған шақта жас шарқы,
Бойжеткен қыз бола қалды сыланып.
Өмір деген бірде күмбір ағын ғой,
Өмір деген бірде бұлдыр сағым ғой.
Арман, арман! Аяласа жүректі,
Адамзатты алға тартар арын ғой.
Ерке мінез ерте бастан мәлім ғой,
Мұндай жерде тұрақтар ма сабырлы ой?
Айна алдында арлы-берлі көлеңдеп,
Ертелі-кеш түзетеді Жаңыл бой.
Айналып кеп қайта айнаға қарайды,
Тағы өреді, тағы шашын тарайды.
Бірде селдір сілке тастап самайды,
Бұйралатып қоюды да қалайды.
Бірде Жаңыл көзбен шолып маңайды,
Көп нәрсені келбетіне балайды
Кең дүниеде көңіл нені қалайды?
Таба білсең, жарайды қыз, жарайды.
Кеше ғана бітпеді ме мектебің?
Енді қайда, енді қайда беттедің?
Көре білсең, нұрын төгіп көкте күн,
Көз алдыңда күлімдейді көктемің.
Бірақ әлде тағамысың кепке мін?
Неге еңбектен ерте бастан шеттедің?
Әлде өмірдің оңай іздеп өткелін,
Күлкіменен өтіп кетем деп пе едің?
Шыңға біткен шынардай боп шырайың,
Сол бейнеңнен жаңылмашы ылайым
Жадыраған жаз күніндей жайраңдап,
Жүре берші, күле берші ұдайым.
Бірақ,текке бір айдан соң бір айың
Өтіп жатса, қалай ғана шыдайын?
Күміс күлкі қала берер қашанғы,
Қанша жерден қолдаса да Құдайың?
– Жаңыл, осы жарай ма бос жүрісің?
Қабілетті сен де көптің бірісің.
Оқуға түс, не орналас жұмысқа,–
Деп достары айтты оған дүрысын.
– Әлі күнге тарылған жоқ тынысым,
Әкем менен аямайды ырысын,–
Деп Жаңыл қыз жауап берді қысқаша,–
Жанды ауыртып еткен еңбек құрысын.
Бала – өмір, бала – бақыт, бала – гүл,
Бала – көңіл, бала – шабыт, бала – жыр.
Баулып бағып, бауырыңа бас-тағы,
Бойындағы бар бақытын ала біл.
Уайым жоқ, бәрі дайын, бәрі әзір,
Жегім келді, бал бер десе бал әзір.
Қарлығаштай қанат жайып бала үшін.
Жаны қалмай жанып-күйіп ана жүр.
Қайран әке, анаға ұқсап күйді ме?
Бала бағу машақатын түйді ме?
Бар керегін алдына әкеп тастады,
«Ойна да күл, іш мынаны, ки, міне!»
Қызметтен қолы сірә тиді ме?
Кейбір шақта ұмытады үйді де.
Жүре берді Жаңылына мәз болып,
Анда-санда аймалап бір сүйді де.
Жүре берсек, шырағым бір жанар деп,
Мақсат еткен нысанаға барар ма ек?
Таңдай кеуіп, терлеп ішпей тұнықтан,
Мейірленіп мөлдір суға қанар ма ек?
«Қатты айтсақ қапа болып қалар», – деп,
«Келер жылы оқыса да жарар», – деп,
Қынжылмады ата-анасы Жаңылға, –
«Өзіне бір ұнаған іс табар», – деп.
3
Туған айдай қиылса қас-қабағы,
Атқан таңдай арайланды тамағы.
Құдды ерке қара судың шабағы,
Жалын атып жалт-жұлт етті жанары
Көрген адам көз айырмай қарады,
Қиялдады, хұр қызына балады.
Қыз сыртынан құмартқандар қызығып,
Қолым жетпес арманым деп санады.
Тұла бойы талмаураса шыбықтай,
Қара көзі түпсіз терең тұнықтай.
Тұп-тура кеп өңменіңнен қадаласа,
Қоя ма әсте ынта-дертті құрытпай.
Талай жігіт барса дағы жуықтай,
Қыз жүзінен емексіткен сыр ұқпай,
Қапа болып, іштен жанып қалып жүр,
Жібі босап сыртқа тепкен сырықтай.
Тартқан сымдай қастарының арасы,
Тостағандай көздерінің шарасы.
Алматының апортындай беттері,
Шашы бейне маутының қарасы.
Келсе-дағы, келмесе де шамасы,
Алға ұмтылып бағар адам баласы.
Албырт жүрек ақылға ерік берген бе?
Осы қызға бар талайдың таласы.
Мен мен-ақ деп кеуде қағып тасынып,
Зор үмітпен барса-дағы асығып,
Көзге ілінбей қалды көбі шеткері,
От көңілдер су сепкендей басылып.
Осындай да болады екен асылық,
Пәндеге қыз тіл қатпады ашылып.
Жалын атты, жараланды жүректер,
Тәкаппарлық зардабынан ашынып.
Біздің Жаңыл дәл осындай қыз еді,
Босаңдардың бойы жетпес құз еді.
Тұлғасына тамашалап талай жан,
Қыз алдында тұла бойын түзеді.
Қадалады, қиыла көз сүзеді,
Кейбіреулер сақал-мұртын күзеді.
Жалт бұрылып, жауап бермей біріне,
Бәрінің де күдерін қыз үзеді.
Ерке сұлу күннен-күнге ер жетті,
Іздеді ол өз бақытын келбетті.
Жан біткенді жаратпады деді де:
«Не мұрыны, не еріні келмепті».
Не бір шешен жігіттер-ақ сөзге епті,
Теңесе де тұлғасына жер-көкті,
Тыңдамастан жүре берді Жаңыл қыз,
Талайларды тамсандырды, шөлдетті.
4
Ақырындап артқа ығысып апрель
Майды күтіп манауранып жатты бел.
Ақ мақтадай гүл желегін жайыпты,
Кеше ғана мүлгіп тұрған бақты көр.
Самалменен жайлап діріл қақты көл,
Қырмызыдай қырда шешек атты гүл.
Сыйлығы деп жастық шақтың, көктемнің,
Қыз төсіне жігіт барып тақты гүл.
«Ертең парад, ертең қызық тамаша!»
Жатты осы бір шаттық үндер тараса.
Күлімсіреп көкжиекте күн тұрды,
Күлім қаққан күн шуақты балаша.
Желмен бірге желбіресіп жараса,
Тұрды тулар толқын атып таласа.
Еңселері бүгін көкке жеткендей,
Өсе түскен үйлер-дағы аласа.
Қанға бояп қызғалдақтай қырдағы,
Ұясына кетті кіріп күн-дағы.
Ұялғандай аспан беті қызарды,
Табиғаттың сұлулығы бұл-дағы.
Түре түсіп тыныштықты, түнді әрі,
Толқи берді тәтті вальс ырғағы.
Осылайша салтанатпен басталды
Бірінші Май әдетінше жылдағы.
Парк іші, би алаңы, көпшілік,
Көк жүзінде айды бүркеп көшті
Табу қиын адамыңды іздеген,
Кездеспесең қарсы алдынан дөп шығып.
Әлдеқандай осы жерден тосты үміт?
Жаңыл тұрды көпшілікке көз тігіп.
Жасыл жібек көйлегі бар үстінде,
Секілді бір су бойында көк шілік.
Талай көздер ту сыртынан қиылып,
Талай бастар келді алдына иіліп.
Амал қанша, Жаңыл биге шықпады,
Тұра берді сымбатына сыйынып.
Аққан судай бір арнаға құйылып,
Табиғаттың бере салған сыйын ұқ.
Жақындаған жігіттердің бәрі де
Қайтып жатты қапаланып, күйініп...
Қыздың жүзі кенет неге құбылды?
Жұмбақ болған сырына кім ұғынды?
Алма беті сала берді албырап,
Шарт мінезі қайда кеткен бұрынғы?
Қомданатын қаршығадай тұғырлы,
Қара көзі құмартқандай ғұмырды,
Сыр-сымбаты келісімді бір жігіт,
Өте беріп Жаңыл қызға бұрылды.
Шақырды кеп биге қызды ізетпен,
Тынған желдей бола қалды қыз өктем.
Кетті екеуі вальспенен тербеліп,
Қала берді қара көздер күзеткен.
Жігіт те паң тұла бойын түзеткен,
Сақал-мұртын сымпиттай қып күзеткен.
Жаңыл қызды көрген жерден ол-дағы,
Жүз айналып, маңайынан жүз өткен.
Жаңылдың да іздегені осы еді,
Дөңгеленсе, алдынан жел еседі.
Би алаңы бейне толқын, шалқар көл,
Жоқ секілді не қиыры, не шегі.
Қайтарған соң биден олар есені,
Бақтан шығып, кетті аралап көшені.
Бір-біріне күлімсірей қарасып:
«Бүгін ауа неткен ғажап!» – деседі.
Сағынбай деп қызбен жігіт танысты,
Ұзақ жүріп жүректен сыр алысты.
«Бітем жазда дәрігерлік оқуды,
Жібермеймін, – дейді, – ешкімге намысты»
Көп кешікпей құшақтар да қабысты,
Еріндерден ләззат балын алысты.
Манаураған мерекелі май түні
Асық жарлар ай астында табысты...
5
Жаңыл көзін ашты-дағы ақырын,
Бірте-бірте жинады ес-ақылын.
Таңырқана жан-жағына қарады,
«Қайдан келдім, қандай жерде жатырмын?»...
Өз төсегі, таныды өз шатырын,
(Асханадан үйі екі шақырым).
Қалай тапқан, қалай жетіп құлаған? –
Бунағандай болды біреу алқымын.
Өң бе, түс пе, бұл не сұмдық, бұл не еді?
Өткен істі ойлап еді түндегі,
Тұла бойы тітіркенді, түршікті,
Түсі емес, өңі ме еді, шын ба еді?
Шынымен-ақ өмірдің тас күрмегі
Адал жолын шырмағалы жүр ме еді?
Састы Жаңыл, қайта жұмды көздерін,
Жанталасты, не қыларын білмеді.
«Елдің бетін көрем енді не бетпен?
Бұрын мұндай боламын деп елеп пе ем?
Тұрса мінім, бар айыбым ашылып,
Ел тілегі өткізер ме електен?
Жоқ! – деді ол ұшып тұрып кенеттен,
Тағдыр желі соға алады неге өктем?
«Арманымсың, жан жарымсың!» –дегенде ол,
«Мен де сені шын сүйемін», – демеп пе ем?
Осылай деп шешкендей бір түйінді,
Төсегінен тұрды дағы киінді.
Өзін-өзі жұбатса да қаншалық,
Асау жұрек алқына кеп жиі ұрды.
Бір суынды, бір тұтанды, күйінді,
Көңіліне әлденеше ой құйылды:
«Не дер екен, не дер еді ата-анам,
Білсе егер менің осы күйімді?!».
Қыз құлағы ап-анық-ақ есітті,
Жайлап қана қақты біреу есікті.
Балғын дене сала берді балбырап,
Тербеткендей бала жатқан бесікті.
Ашылды есік, Сағынбаймен кезікті,
Жігіт-тағы қыз жағдайын тез ұқты.
Дей берді ол қолын беріп жалма-жан:
– Ұқшы жаным, еш нәрсе жоқ сезікті.
Жаңыл көңлі сонда ғана басылды,
Тұманданған көзі шайдай ашылды.
Осы сенің шын сөзің бе дегендей,
Сағынбайдың иығына асылды.
Тәтті қиял тартып алға, тасынды,
Көңілінен қауіпті ойды қашырды.
– Онда, – деді, Жаңыл жаны шаттанып,
Мамашыма айтайын тез бар сырды.
– Тоқта! – деді Сағынбай да толғана, –
Жақын қалды алуыма жолдама.
Бітіргенше оқуымды шыдай тұр,
Жаңыл, сенен тілерім тек сол ғана.
Бітірген соң кірісеміз тойға да,
Бір-ақ көрсін тамашаны сонда ана.
Қосылып ап, кәдімгідей адам боп,
Сәт сапар деп аттанамыз жолға да.
Айтқан сөзің демеді әсте теріс-ті,
Бұл ақылға Жаңыл бірден келісті.
Кешке қарай төр бақтарын аралап,
Күнде олар сағынышпен көрісті.
Жырға қосты махаббатты жер үсті,
Жылдар күтін тұрғандай мол жемісті.
Жаңыл шексіз қуанышқа бөленді,
Жаны жарқырап жауынгердей жеңісті...
Өтіп жатты арада аялар, апталар,
Бұлбұл сайрап, гүлін жарды бақшалар.
Көк жүзіне күлімсірей қарайды
Алатаудың құздарынан ақша қар.
Алыс жактан әкелгендей шат хабар,
Тау төсінен бұлт тізбегі аттанар.
Күннен-күнге мінезі тым сыпайы,
Жаңыл-дағы жас балаша шаттанар.
6
Күннің көзі қара бұлтпен жабылды,
Моншақ-моншақ мөлдір тамшы ағылды
Шешек аткан қызыл гүлдер желегі
Неге бүгін салбырады, сабылды?
Көремісің ана жатқан Жаңылды?
Неге бүгін қайғы-шерді жамылды?
Тоқтар емес бетін жуған ыстық жас,
Мұншалықты кім көрсетті зәбірді?
Неге бүгін күңгірт тартқан жанары?
Неге бүгін діріл қаққан анары?
Неге бүгін сипамайды самайын
Желпіндіріп жаздың жұмсақ самалы?
Мол емес пе бұл өмірден алары?
Алда емес пе ататуғын таң әлі?
Жаладан ақ, күнәдан пәк сақталған,
Жараланып қалды ма әлде жан ары?
Жан дүниесі жайдары жаз, бұлтсыз,
Кеше ғана шаттанатын күліп қыз.
Бар қуаныш, бар қызықтан айрылып,
Неге бүгін өмірінен үмітсіз?
Мезгілінсіз оралды да суық күз,
Қондырды ма жүрегіне суық мұз?
Неге Жаңыл секіруге дайын тұр,
Қарсы алдынан кездессе егер биік құз?
Өмірінің өзегі мен саласы,
Көздерінің қарашығы, қарасы
Қандай ыстық, қандай қымбат десеңші
Әр анаға іштен шыққан баласы?
Жаңылының жанға батып жарасы,
Жаны қалмай қасында отыр анасы:
Не боп қалды, ауырады қай жерің?
Қамықпашы, қалқам бері қарашы.
Айтшы, қалқам, тіл тигізді кім саған?
Өсіріп ем түсірмей-ақ күн саған.
Әлде ертіп келейін бе дәрігер?
Жатып қалмай төсегіңнен тұршы аман.
Сен қамықсаң – мен де бірге құрсанам,
Сен қуансаң – мен де бірге бусанам.
Одан бөлек не тілер ем тағдырдан,
Күлім қағып қарсы алдыңда тұрса анаң?
– Жоқ, апатай, ауырмайды еш жерім,
Керегі жоқ еш нәрсенің, кетші өзің!
Деген кезде шыға берді сытылып,
Білмеді ана енді оған не істерін.
Өрнегіндей көзді тартқан кестенің,
Қайда-қайда қимас қызық кештерім?
Дейді Жаңыл жанталаса булығып,
Шынымен-ақ жанбай жатып өшкенім?
Қайда күнім, қайда бүгін Сағынбай?
Сәл көрмесем тұра алмаушы ем сағынбай.
Бар қиялым, бар үмітім, арманым
Арбап кетті, алдап кетті сағымдай.
Жанар отым жанбайды енді жалындай,
Жүрегімде ақпайды қан арындай.
Аңқау жандар бар екен ғой өмірде
Жараланып жарға соққан Жаңылдай.
«Аспанымды аялаған биік күн,
Өмірімде жалғыз-ақ сен сүйіктім!» –
Дейтін еді керген сайын аймалап,
Сорлы басым, сырын қайдан түйіппін?
Жаңа туған лағындай киіктің,
Торға түстім тілін білмей тұйықтың.
Бар екен ғой ауылында әйелі,
Мен – өлікпін, мен – жалынсыз күйікпін.
Елдің бетін енді қайтіп көремін?
Жоқ шығар-ау ешкімге де керегім.
Шыдағанша мұндай азап, қорлыққа,
Арқан байлап, асылам да өлемін!
Ішімдегі жас нәресте, сенемін,
Жылы жүзбен қабылдамас сені елім.
Сезімменен бірге әкетіп сені де,
Сұм өлімнің бесігіне бөледім.
Деді-дағы арқан ілді жоғары,
Ақтық демі, жүрек те ақтық соғады
Көздің жасы кетті сол кез көл болып,
Қара судың құлағандай тоғаны.
Көз алдына келді өмірдің көгалы,
Деп тұрғандай көретінің көп әлі.
Сонда-дағы Жаңыл қызға секілді
Бұдан әрман тіршіліктің жоқ әрі.
Кенет іші солқ етті де бүрілді,
Нәрестенің қозғалғаны білінді.
Сен өлсең де мен өлмеймін деп тулап,
Шыңғырғандай естіді қыз бір үнді.
«Жоқ, өлмеймін, күтем алғы күнімді,
Солдырмаймын, үзбеймін жас гүлімді».
Құлап түсті деді де:
«Өмір, қабыл ал
Бір кінәлі, бір кінәсіз ұлыңды...».
7
Арайланып құланиек таң атты,
Көкжиектен күміс күн нұр таратты.
Төсегінде тілсіз жатқан Жаңылды
Кең дүние қайта өзіне қаратты.
Көкірегін қиял тербеп қанатты,
Көңілінен кетті жұлып тағатты.
Үміт оты жүрегінде жалындап,
Сенімменен санатты әрбір сағатты.
Тарт оркестр, тарт жігерлі күйіңді,
Тарт көңілге, тарт өмірге сыйыңды.
Қабақ түйген күннің көзі ашылып,
Алай-тұлей соққан дауыл тыйылды.
Деме Жаңыл кеше текке күйінді,
Тұрды бүгін, жуынды да киінді.
Мұны көріп мұңға батқан ана да
Құшты қызын, шаттанды да сүйінді.
– Апа, бүгін біраз жүріп келейін,
Не қызықтар боп жатқанын көрейін.
Көңіліме ұнағандай жайт болса,
Келгеннен соң түгел айтып берейін.
Қуанышты күйге бөлеп көмейін,
Бұл сөзі оның босатты ана мерейін.
Жалғыз өзім барамын деп көнбеді,
Десе-дағы, қалқам, саған ерейін...
Жаңыл содан оралмады, күн батты,
Әке-шеше іздеп-іздеп түн қатты.
Қызды көрдім деген жан жоқ, тым-тырыс,
Үй ішіне бәрінен де бұл батты.
Деп жазылған: «Мамашыма қымбатты»
Келер күні тапты үйінен бір хатты.
Конвертті қақ айырып жалма-жан,
Не жазғанын күйеуіне тыңдатты:
«Іздемей-ақ қойыңыздар табам деп,
Қамықпаңдар көңілдерің алаң боп.
Еркелеткен ерке желі ауылдың.
Сипамайды самайымнан самал боп.
Бұдан артық қалатұғын шамам жоқ,
Қалғаныммен, бой жасырар панам жоқ.
Екінші рет жасамастай жансақтық,
Тірі болсам шығармын бір адам боп.
Тайғақ жолы тайғанатты тағдырдың,
Абайсызда аққаулықпен алдырдым.
Өткен іске өкінгенмен не пайда?
Жас жанымды жараладым, жандырдым.
Мезгілінде сайрандадым, сән құрдым,
Мезгілінде көз жасымды қан қылдым.
Ата-ананы, елді қию ондай ма?
Амалсыздан бәрін де артта қалдырдым.
Ана, мені өлді екен деп қорықпа,
Күні-түні бір мені ойлап торықпа.
Әлденеше кездесер-ақ қиындық,
Талпынғанға, бірақ, бөгет болып па?
Қапаланба, қайғыланба соны ұқ та,
Мен тірімін, мен жатпаймын қорықта.
Қош бол, әке, қош бол, ана, аттандым
Ар алдында алыс сапар – жорыққа».
Ата-анасы төкті жасын, үдетті,
Кетті қызы шерлі қылып жүректі.
Қайда кетті, қайда екені хабарсыз...
Күз де келді күңгірт тартып күзекті.
Сонда да олар үзбеді үміт, тілекті,
Көктем келді, шұғылалы күн өпті.
Ата-ананың алға тартып арманы,
Ақырындап айлар өтті, жыл өтті...
Ну орманды сонау түкпір Сібірде,
Алып адым құрылыстың бірінде,
Мүмкін, Жаңыл қайта бастап өмірді,
Ер атанып жүрген шығар бүгінде.
«Сүрінсең де өміріңнен түңілме,
Алға ұмтылсаң, жетесің бір түбінде, –
Мүмкін, өзі ақыл айтар деп саған, –
Ер атанғын, еліңе еңбек сіңір де».
Рақатқа бата қою жеңіл ме?
Мехнатсыз сүрген өмір өмір ме?
Бірде боран, бірде көктем болмаса,
Бір қалыпты тұрған көңіл көңіл ме?
Тепсе үзілер, тебіренер темір де,
Күте тұрсаң, күн де күлер көгіңде.
Дүниеде қол жетпейтін арман жоқ,
Берік болсаң, серік болсаң сенімге.
Табиғаттың тағзым егіп ай, күні,
Ұмытарсың біржолата қайғыны.
Толқын атып, тулап-шалқып теңіздей,
Арманыңның алар орап айдыны.
Көңілімде көктеп жұпар май гүлі,
Тереземнен төгілді аппақ ай нұры.
Көкейімнен кетпей қойды сол бір қыз,
Күлім қағып келер екен қай күні?..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі