Өлең, жыр, ақындар

Карлдың қайнар бұлақтары

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1139
(Аңыз-дастан)

Жолың болсын, жолаушы
Сәрсенбінің сәтті күні
Жолға шықтың, жолаушым.
Еліктірген ат дүбірі,
Көрер қызық мол-ау шын.
Белес-белес белден өтіп,
Дөңгеленер кең дала.
Талай-талай жерге жетіп,
Есік ашар ел жаңа.
Бөтен елдің сүзіп көріп
Мәдениет мұрасын,
Содан кейін қызық көріп,
Сіміресің сырасын.
Мүмкін, саған ұнап қалар
Күлімдеген қыздары.
Мүмкін, саған сыр ақтарар
Өзен, тоғай, құздары.
Мүмкін, сені таңдандырар
Әшекейлі үйлері.
Мүмкін, сені алдандырар
Бикештердің билері.
Мүмкін, сені толғандырар
Таңғажайып жерлері.
Мүмкін, сені ойландырар
Ертеде өткен ерлері.
Бірақ, кері бұрыларсың,
Бұрыларсың еліңе.
Сонда ғана ұғынарсың
Жер жетпесін жеріңе.
Ей, жолаушым, қалауыңда,
Мейлі, қайда барсаң да.
Қой ақылды қарауылға,
Жолға шыға қалсаң сен.
Тек бір жерді ұмытпағын,
Тастап өтіп кетпегін.
Жолға шықсаң құнттағын,
Соған қарай беттегін:
Еуропаның қақ ортасы,
Еуропаның жүрегі –
Карловы Вары* бақ ордасы,
Барған адам біледі.
Кең құшағын жайып тұрып,
Барсаң, көкке көтерер.
Ауруыңнан айықтырып,
Көңіліңе от өрер.
Еліктірген ат дүбірі,
Көрер қызық мол-ау шын.
Жолға шығып сәтті күні,
Жолың болсын, жолаушым.

Алтын киік аңызы
Астында арғымағы,
Аңшылық бар құмары.
Келеді Карл** патша,
Тарқамай жан құмары.
*Карловы Вары – Чехославакиядағы атақты курортты қала.
**Карл ІҮ ( 1316-1378) Чехия королі.
Маңқиған марал мейлі,
Азулы қабан мейлі,
Көзіме көрінсе екен,
Бәрібір маған дейді.
Патшаға зауық керек,
Тамаша, сауық керек.
Алдынан өте шықты
Бір кийік шауып кенет.
Карл тез қуып берді,
Бір шама жуық келді.
Киік те барады ұшып,
Парлатып суық терді.
Көзінің тұнуын-ай,
Демінің құруын-ай.
Жай емес – алтын киік,
Өзінің сұлуын-ай!
Карл шын қызығады,
Жете алмай, қызынады.
«Атсам ба, атпасам ба?» –
Ойы он бұзылады.
Киікке таяйды да,
Атуға аяйды да.
Жазықсыз жануарды
Жайрату жарайды ма?
Атуға құштар ма еді?
Тірідей ұстар ма еді?
Қалды артта талай құздар,
Қиқулы құстар легі.
Жан керек киікке де,
Барады күйіп дене.
Сағалап сай-саланы,
Тартады биікке де.
Карл де қарысады,
Желменен жарысады.
Киікті көгендемей,
Қалайша қалысады?
Алқынып, ал бірақта,
Келеді арғымақ та.
Кездесер болса тік жар,
Шама жоқ қарғымаққа.
Кимек пе қара тұзақ?
Киік те барады ұзап.
Күйініп, намыс қысып,
Карл дем алады шақ.
Осындай орам шақта,
Қол салды қорамсаққа.
Қолқаға қадалмасын,
Жебені содан сақта.
Бір тастың тасасынан
Шыққанда басы ашық аң,
Карл да тартып қалды
Артқы аяқ ашасынан.
Жан-тәні қақсап күйіп,
Барады ақсақ киік.
Құлшынып қаша берді,
Тауына бастап биік.
Карлге көңіл керек,
Көрікті өңір керек.
Киікке қансыраған
Өлмейтін өмір керек.
Іздеп бір таса жерді,
Жаралы аң қаша берді.
Карл де арғымаққа
Қамшыны баса берді.
Қабағын салқын түйіп,
Тұрды алда жар тым биік.
Төменге қарғып кетті,
Бөгелмей алтын киік.
Қуғыншы тұрып қалды,
Ат басын бұрып қалды.
Ойлады: «Алтын киік
Мертікті, құрып қалды».
Өлдіге санап енді,
Төменге қарап еді,
Көрді де кереметті,
Таңырқап қала берді.
Бұлақты аймақ жатыр,
Сан бастау қайнап жатыр.
Бірінде алтын киік –
Жанары жайнап жатыр.
Аңдамай түсті ме деп,
Япырмай, пісті ме деп,
Карл кеп төніп тұрды,
Қабақтың үстіне кеп.
Аяғын сілкіп алып,
Құраққа сүртіп алып,
Бір кезде алтын киік
Самғады үркіп анық.
Ол енді ақсамады,
Бұлақты бақ санады.
Ағылып бара жатты,
Жазып ап жас жараны.
Карл тұр қайран қалып,
Сауық пен сайран қалып.
Су сырын білмек болды,
Қайнарлы сайдан барып.
Біріне түсіп көрді,
Суынан ішіп көрді.
Күш бітіп құдіретті,
Денесі ысып берді.
Қайнарлы бұлақтарды
Карл шын ұнатқан-ды.
Он екі ыстық бастау
Он екі сыр ақтарды.
Шаттықта шек болмады,
Пайдалан тек болғаны.
Карл тез жарлық берді,
Сол жерге ел кеп қонғалы.
Суы ем, дәрі деген
Даңқы жер жарып ерен,
Сол жерге қала орнады
Карловы Вары деген...

Он екі бұлақ сыры
Бар Карловы Варға сен,
Сал көзіңді маңға әсем.
Сыр шертеді сан бұлақ,
Керектісін таңда сен.
Дертке дауа, бәрі ізгі,
Бәрі-дағы маңызды.
Жергілікті тұрғындар
Айтады әзіл аңызды:

1.Патша бұлағы
Қайнап тұрған бұлақ бұл,
Түскен адам шыдап бір,
Патша болмақ түбінде –
Әркімдерге-ақ мұрат бұл.

2.Байлық бұлағы
Бұл бұлаққа түсті ме?
Бал суынан ішті ме?
Ондай адам бай болмақ,
Барып тұрған істі де.

3. Шаттық бұлағы
Бұл бұлаққа түсті ме?
Бал суынан ішті ме?
Ондай адам шат болмақ,
Қайғысы аулақ ұшты де.

4. Махаббат бұлағы
Бұл бұлаққа түсті ме?
Бал суынан ішті ме?
Ондай адам қашанда
Шын сүйгенін құшты де.

5. Сұлулық бұлағы
Бұл бұлаққа түсті ме?
Бал суынан ішті ме?
Сұлу болмақ сол әйел,
Жол бермейтін түстіге.

6. Күштілік бұлағы
Бұл бұлаққа түсті ме?
Бал суынан ішті ме?
Күшті болмақ ондай жан,
Әл бермейтін күштіге.

7. Ақындық бұлағы
Татқан жан бұл бұлақтан
Тәтті дәмін ұнатқан.
Ақын болмақ айтулы,
Үні кетпес құлақтан.

8. Диірмен бұлағы
Бұлақ аты «Диірмен»,
Түскен адам сүйінген.
Бал суынан ішкеннің
Дән арылмас үйінен.

9. Тұрақсыздық бұлағы
Бұл айрықша бұлақ бір,
Басқалардан жырақ тұр.
Татқан адам таба алмас
Махаббаттан тұрақ бір.

10. Жұбайлар бұлағы
Бұл да қызық бұлақ бір,
Әзіл сөзге құлақ түр.
Суын ішкен жұбайлар
Тату тұрмақ ұзақ жыл.

11. Тілек бұлағы
Бұл бұлақтың бір емі,
Ішкен адам біледі:
Өмірдегі ойлаған
Іске аспақ бар тілегі.

12. Еркіндік бұлағы
Бұл бұлақтың бір емі,
Ішкен адам біледі:
Қайда барса жол ашық,
Өмірде еркін жүреді.

Он үшінші бұлақ
Тағы да бар бір бұлақ,
Ақпайды ол ұрғылап.
Он екіден басқаша –
Бөтелкеде бұл бұлақ.
Мәлім оның тұрағы –
Дүкендерде тұрады.
Жадыратар жаныңды,
Бұл көңілдің бұлағы.
Ішкен де одан арманда,
Ішпеген де арманда.
Артық бұлақ бар ма екен
Бал шараптан жалғанда?!
Аралап бар алапты,
Аңыз болып тарапты.
Он үшінші бұлақ деп,
Атапты ел шарапты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Болсаңшы кешірімді

  • 0
  • 0

Аяулы асыл әнім саған арналды,
Ояттың ойымдағы арай арманды.
Асыға күтіп жүрдім талай таңдарды,
Болшы, еркем, кешірімді,

Толық

Біреулер айлап ішті

  • 0
  • 0

Біреулер айлап ішті,
Біреулер жайлап ішті.
Біржола ішпесе де,
Өзіне байланысты.

Толық

Бұл – менің Қазақстаным

  • 0
  • 1

Таулары көкті тіреген,
Басында бұлты түнеген.
Бағында сайрап бұлбұлы,
Даласы қайта түлеген.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар