Нұрға толы, жырға толы Алматы – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Нұрға толы, жырға толы Алматы» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.07.2019
  • 0
  • 0
  • 2374
Алматының көктемі бар керемет,
Дембіл-дембіл күн жауады себелеп.
Бар аймағы барқыт гүлге оранып,
Бұлбұл сайрап, ұшып-қонған көбелек.
Алматының жасыл желек жазы бар,
Жазында бір әсем әуен сазы бар.
Жапырақтай сыбдыр қағып сырласқан,
Жастарының жарасымды назы бар.
Алматының ерекше бір күзі бар,
Күзінде де гүл көктемнің ізі бар.
Жалт қараса, жүрегіңді жандырған,
Қырға біткен қызғалдақтай қызы бар.
Алматының албыраған қысы бар,
Қысында оның аққу құстың түсі бар.
Сезіміңді самалымен сергітіп,
Ақ өңірін, пәк көңілін ұсынар.
Алматының таңдары бар шуақты,
Алматының таулары бар бұлақты.
Нұрға толы, жырға толы Алматы
Мәңгі көктем, мәңгі жап-жас сияқты.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері