Өмірдің жолы бұралаң – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Өмірдің жолы бұралаң» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.07.2019
  • 0
  • 0
  • 4794
Өмірдің жолы бұралаң,
Алдыңда арман – ұлы алаң.
Сүрініп талай құлағам,
Тығылып талай жылағам –
Өмірдің жолы бұралаң.
Өмірдің жолы қияқты,
Арманың асқар сияқты.
Қайрап ап қайрат, қуатты,
Тайдырмай тіреп тұяқты,
Шықпасам шыңға ұят-ты,
Өмірдің жолы қияқты.
Өмірдің жолы тар-ұшаң,
Мақсатым биік танысаң.
Біреулерменен алысам,
Бірулерменен табысам,
Бәйгіге түсіп жарысам,
Өмірдің жолы тар-ұшаң.
Өмірдің жолы шырғалаң,
Шарқ ұрып тынбай тырбанам.
Шетсіз де шексіз бұл ғалам –
Ашылмай жатқан сыр маған,
Жазылмай жатқан жыр маған –
Өмірдің жолы шырғалаң.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері