Өлең, жыр, ақындар

Кішкентай баланың арманы


Болсам ғой анашымның телефоны,
Жанынан тастамайды себебі оны.
Маңдайыма бір тиген қолыменен,
Қайта-қайта сипалай береді оны.

Көп уақытын арнайды соған күнде,
Көңіл бөлуді азайтты маған мүлде.
Кейде өзімді ұқсатам күзгі бақта,
Жапырағы сарғайып тоңған гүлге.

Тәтті сөзді айтуы сиреп кетті,
Сабақты да оқуды үйретпеді.
Желіге салады кеп барлық жерде,
Жалғыз өзін түсірген суреттерді.

Өтінеді соткаға тиіспеуді,
Қойды маған сыйлықты жиі істеуді.
Кейде ұмытып қалады еркелесем,
Еркелетіп бетімнен иіскеуді.

Көз алмайды соткадан күндіз түні,
Көп боп кетті сөзі жоқ үнсіздігі.
Айтыңызшы маматай телефоннан,
Іздеуменен үнемі жүрсіз кімді?

Мағанда бір бұрылып қараңызшы,
Ұмытып барасыз ба балаңызды.
Бұл күнде адамдарды былай қойып,
Телефоннан қызғанам ана сізді.

Өміріңіз желіге байланған ба?
Сотка пайда болды екен қайдан ғана.
Анашым интернеттен шығып бір сәт,
Көз салып қараңызшы айналаға.

Күн азайды бала боп қуануға,
Бала шақтың бармадым думанына.
Ақыры соткаң менен артық екен,
Телефон қылып мені тумадың ба.
Өкінемін кейде мен адам болып,
21-ші ғасырда туғаныма.



Пікірлер (2)

AselAlikhanova

Əсерлі өлең! Маған ұнады! Қаламыңыз шыңдала берсін!

Дутың Жансая

өте тамаша

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз