Өлең, жыр, ақындар

Таза бұлақ

  • Bain
  • 29.04.2015
  • 1
  • 2
  • 18227
Бар екен таудан аққан таза бұлақ,
Түк ел жоқ маңайында қылған тұрақ.
Жағалай біткен ағаш жапырақты,
Жайқалып күн мен желден тұрған қорғап.
Шілденің тас қыздырған ыстық күні,
Мөп-мөлдір суы салқын, әйбат түрі.
Шыныдай жалтыраған тазалығы
Көрініп айнадай боп жатқан түбі.
Жиһангез үш жолаушы келе жатқан,
Шөлдеген ыстық күнде таңдай қатқан.
Кез болып бақытына әлде қалай,
Су ішіп мейірі қанған сол бұлақтан.
Рахат сусын қанып, жан жайланып,
Қарап тұр аққан суға қайран қалып.
Көреді суағардан жазулы тас,
Жағалап жоғарырақ жүрсе барып.
Үшеуі мұны көріп қалды тоқтай:
Жапанда жазуы бар неткен тақтай?!
Жазылған оқып көрсе, сөзі мынау:
«Болсаң бол, ей, жолаушы, бұл бұлақтай!»
Саудагер екен бірі үшеуінің,
Тыңдаңыз сондағы айтқан сөзі мұның:
- «Япыр-ай! Бұл жазылған ақыл екен,
Өткізбей ағар бұлақ күні-түні.
Алысқа бармакшы ол тынбай ағып,
Қосылмас өзге бұлақ бұған нағып?
Зорайып ақырында өзен болып,
Суынан пайдаланар тамам халық.
Менімше, мұнан мұрат, мағына сол,
Кәсіп қыл, жалқауланбай, талапты бол.
Бұлақтай мақсұдына сен де жетіп,
Басыңа тигізерсің пайданды мол».
Екінші ғалым екен аса зерек,
Ол айтты басын шайқап, назданып бек:
- «Бұл сөздің мағынасы сіз айтқаннан,
Менімше, болса керек тереңірек.
Бұл сөзден- ғибрат сол адамзатқа,
Тегін кыл жақсылықты, пұлға сатпа.
Бұлақтай кез келгенге даяр болып,
Міндетсіз біліміңді тарат халыкка».
Жас жігіт жолаушының үшіншісі,
Әдемі көрер көзге көркем кісі.
Тоқталып еш нәрсе айтпай тұрып еді,
- «Не ойлайсың, сөйле, мырза!» - деді өзгесі.
Бұл жігіт берді жауап сонда тұрып:
«Орнында ақпай бұлақ тұрса тұнып.
Шөп-шалам, шаң-топырақ, іселеу басып,
Сарқылып қалар еді әлі-ақ құрып.
Жұрт құмар бұлақ таза болғандықтан,
Жазудан мағынам сол менің ұққан.
Көңліңді бойыңменен таза сақта,
Пәклікпен артыларсың сонда жұрттан.
Ақ пейіл, таза жүрек, жүзің жарқын,
Секілді мөлдір бұлақ суы салқын.
Болғандай дертке шипа жаны сүйіп,
Шүбәсіз пайдаланар болсын халқың».



Пікірлер (2)

Асем

Маған Д.б.

Ттттт

Негізі адамдар өлендерді жаттаған өте дұрыс! Менде бос уақытымда жаттаймын!

Пікір қалдырыңыз

Шешенің балаларын сүюі

  • 1
  • 2

Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,
Қуанышына қуанып, қайғыңа - күйетұғын?
- Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.

Толық

Қайда едің?

  • 1
  • 2

Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,

Толық

Абақтыда айт күні

  • 1
  • 1

Күзетшілер оянды ерте ақырып,
Шай алуға тұтқындарды шақырып.
Бейшаралар уқалай көзін жүгірді
Тастаған ғой тізесін әбден батырып.

Толық

Қарап көріңіз