Өлең, жыр, ақындар

Данышпан Аликтің ажалы

  • 23.03.2015
  • 1
  • 4
  • 23907
Жар салып, жасақ жияр білімді Алик,
Білімсіз хұзарлардан алмаққа кек.
Қаласын, егіндерін ызасы үшін
От пенен қойған арнап қылышқа деп.
Қол бастап, киіп сауыт - Царградты,
Сыр мінез таңдап мініп сенімді атты,
Далада келе жатып, князь көрді
Ішінен қалың орман шыққан қартты.
Перунға көнген, берген ықыласын,
Болжаған болар заман уақиғасын,
Қасына Алик келді қарияның
Өткізген құлшылықпен, балмен жасын.
«Не болар, айтшы, бақсым Құдай сүйген,
Ілгергі өтер жасым нендей күймен?
Жауымды жан-жақтағы қуандырып,
Топырақ тез басар ма денеме үйген?
Ашып айт, бүкпей бәрін, еш қаймықпа!
Аласың таңдап жақсы ат айтқандыққа».
Бақсылар князь сыйын қылмас қажет
һәм қорықпас болғандардан ие жұртқа.
Олардың тілі еркін, сөзі хақ-ты,
Құдірет әмірімен ынтымақты.
Қараңғы таңдағылар тынытпайды,
Жүзіңнен саған деген көрем бақты.
«Ұмытпай, ал жадыңа сөзін қарттың,
Батырға қымбат бұлы дабыс-даңқтың.
Атың зор, айбының мол жау мұқатқан,
Қалқаның қақ басында Царградтың.
Аямай берген саған бақ-талайды,
Күңіркеп, дұшпандарың көре алмайды.
Жер, су да - бәрі саған бағынулы,
Толқыны көк теңіздің ала алмайды.
Айбалта, оқ, найза да, сом қанжар да,
Ешбірі саған залал қыла алмайды.
Астына көк сауыттың жара түспес,
Қорғаушың көрінбейтін бар бір сайлы.
Қатерлі не бейнеттен қорықпас атың,
Сезеді қозғалғанын қалай тақым.
«Тұр!» десе - жауған оққа қимылдамас,
«Шу!» десе - не қамалға кірер батыл.
Суыққа, соғысқа да тұлпар шыдар,
Ажалың бірақ осы аттан болар...»
Сөзіне шалдың айтқан күлді Алик,
Әйтсе де оймен жүзі торғылданар.
Көңілсіз ойдағы жоқ естіп істі,
Үндемей, ерге асылып, аттан түсті.
Сипалап, қасып, қағып мойынға атын,
Айнымас доспен князь қош айтысты:
«Бақыл бол, серік атым, ренжіме!
Айрылар мезгіл жетсе, айырмас не?
Дамыл ал!
Қош, аман бол!
Мені ұмытпа!
Аяғым тимес алтын үзеңгіңе.
Келіңдер, бозбалалар, атты алыңдар!
Жетектеп тоғайыма апарыңдар!
Жабыңдар жабуына түкті кілем,
Тазалап, жуып, бағып, баптаңыздар!
Жеміне ең қалаулы сұлы алыңдар!
Бұлақтың суымен һәм суарыңдар!»
Князьға, атын алып, тосты басқа ат,
Өтеді мұнан кейін неше жылдар.
Басында бір қорғанның Алик тойлап,
Жасақпен жанындағы күліп-ойнап,
Қайғы жоқ, қасірет жоқ, ішіп бәрі,
Күндерді бастан кешкен сөйлер ойға ап.
Ескерді бір мезгілде атын Алик,
Сұрайды: «Есен-сау ма һәм қайда? - деп.
- Жүрісін, жүйріктігін танған жоқ па,
Жабығып қалмады ма, - дейді, - жүдеп?»
Қайда деп жоқтаған соң Алик атын,
Айтады біреу тұрып: «Князь батыр!
Басында биік қырдың әлдеқашан
Тыныштық алып, атың ұйықтап жатыр».
Мұны естіп, Алик жерге қарап төмен,
Ойлайды: «Оттап босқа шал не жеген?!
Қу бақсы!
Өтірікші, алжыған шал,
Атымды айырыпсың босқа менен».
Көруге аттың сүйек-саяқтарын,
Ертіп ап Игор менен қонақтарын,
Сарайдан шығып Алик келе жатыр,
Жағалап Днепрдің алаптарын.
Қураған жатыр сүйек қыр басында,
Селеулер жел құбылтқан тұр басында.
Құм көмген, жаңбыр жуған сүйектердің
Аралап князь Алик жүр қасында.
Ақырын аяғын сап шығып басқа,
Сөз сөйлер князь тұрып өлген досқа:
«Жат, достым!
Кәрі иеңнен қайтқан бұрын,
Құдірет қарамайды көп, аз жасқа.
Жазыпты сені асыма сойғызбасқа,
Қаныңмен топырағым тойғызбасқа.
«Ажалың аттан болар» деп сандалып,
ІІІал мені қорқытқаны осы бас па?»
Білдірмей, бас ішінен жылжып шығып,
Князьға қара жылан шапты ысқырып.
Оралып аяғына, шаққан кезде
Батырдан шықты дыбыс, жаны ышқынып.
Аликті жоқтап, жұрты көп жылайды,
Өлген соң, жылағанға ол тұрмайды.
Днепр жағасында асын беріп,
Көпіршіп саптыаяқтар быжылдайды.
Ольга мен князь Игор дөң басында,
Тойлаған жасақтары һәм қасында.
Күндерді бастан кешкен сөйлей түсер,
Саптыаяқ жүрген сайын ортасында...



Пікірлер (4)

Айсәуле

Не деген ұзақ,ну бірақ,мағыналы екен.

Айткүл

Өте ұзақтекен оқып бітіре алмадым бірақ өте əсерлі екен

Мереке

Өте өте ұзақ екен бірақ өте тамаша екен

Мереке

Өте тамаша екен

Пікір қалдырыңыз

Егіннің бастары

  • 1
  • 36

Бір адам жас баласын жанына алды,
Екеуі сайран етіп кетіп қалды.
Қыдырып әрлі-берлі жүрді дағы,
Егінші егін еккен жерге барды.

Толық

Жұртыма

  • 1
  • 4

Бірлік қып іс етуге шорқақ жұртым,
Табылса оңай олжа, ортақ жұртым.
Сияқты қара қарға шуылдаған
Үрейсіз қоян жүрек қорқақ жұртым.

Толық

Қайыршы мен Қыдыр

  • 0
  • 1

Қайыршы киімі жыртық, жалаң аяқ,
Мойнында ескі дорба, қолда таяқ.
Қалада қайыр сұрап жүруші еді
Күн көріп бергенімен әркім аяп.

Толық

Қарап көріңіз