Өлеңдер Бөлімі

Есек пен үкі

  • 23.03.2015
  • 1
  • 2
  • 9807
Үркектеу, үйір емес онша қолға,
Бір Есек ұзақ сапар шықты жолға.
Есектің бойы тәуір болғанменен,
Есепте қосылмайды есі молға.
Және де бұл Есектің көзі соқыр,
Басшысыз соқыр қалай жүрсін оңға?
Лағып тура жолдан қаңғып кетті,
Қисайып, қыңыржақтап, шығып жонға.
Ішіне қалың орман барып кірді,
Білмеймін, не жол тауып, неғып жүрді.
Күн батып, қас қарайған уақытта
Есектің лаққанын Үкі көрді.
Үкі айтты: «Мінгіз, Есек, мені, - деді,
- Мініп ап, мен бастайын сені, - деді.
Жолды айтып, жөнді сілтеп мен отырсам,
Көзіңнің еш нәрсе емес кемі», - деді.
Бір ауыз сөз қайырмай, Есек көнді,
Мініп ап, Үкі отырды сілтеп жөнді.
Жерлерден адыр-бұдыр аман өтіп,
Ағаштың жиегіне жақын келді.
Жол тапқан қараңғыда басшысына
Ден қойып, «бастағыш» деп, Есек сенді.
Бір кезде таң сарғайып, машырықтан
Ағаштың арасына сәуле енді.
Үкілер күндіз соқыр, түнде көргіш,
Есекең іс мәнісін білмей ергіш.
Үкіден таң атса да айрылмайды,
Деп ойлап: «Жарықта да жөн сілтегіш».
Күн шықты, жарық болды дүние жүзі,
Үкінің бұлдырайды көрмей көзі.
Өзгеге жөн көрсетіп, бастау түгіл,
Әлі бар отырарлық жай ғана өзі.
Сонда да Есегіне сыр бермеске
Айтатын білгішсініп міне сөзі:
«Ал келдік жаман жерге, енді сақтан,
Жолама сол жақтағы өзенге аққан.
Бетіңді оң жағыңа сала жүріп,
Аман әт мынау жатқан лай қақтан».
(Ол жердің өзені де, қағы да жоқ,
Білмеймін, соқыр Үкі қайдан тапқан?!)
Есекті Үкі билеп, алып қолға,
Салыпты нақ ғазазыл түскен жолға.
Пәлен деп күн ілгері не қылалық,
Түскені ондай жолға бақ па, сор ма?
Бұл сөзді баяндаған болмас айып,
Әркімнің ісіне бар сөзі лайық.
Көркем сөз мұнан артық таба алмадым,
Тал түсте лаққанға жолдан тайып.
Көп білім, көпті үйретер болмасақ та,
Не пайда жабыққаннан құр мұңайып?!
Соқырға көрсеткенмен, көре қоймас,
Сонда да үміт үзіп, отырмайық.
Арланбай, адасқанды әшкерелеп,
Қоялық погоннойын жұртқа жайып.
Болады ақылсыздың мысалы Есек,
Ғылымсыз надан адам соқырға есеп.
Қалпынан Есек асып, ат болмайды,
Қойса да қорасына асыл төсеп.
Алтынды аяғыңа басқанменен,
Болмайды асыл азып балшық кесек.
Жақсыны жақсы деген мақтау емес,
Жаманды жаман десе, болмайды өсек.
Қауымынан мұсылманның шыққан жолды
Айып па ғазазылдың жолы десек?
Білгішсіп кей білімсіз жол айтып жүр,
Байқасақ, не оңды жол ол айтып жүр?!
Халыққа надан адам басшы болып,
Халықтың надандығын молайтып жүр.
Наданға надандықпен жұрт ерген соң,
Тал түсте лақты деп соны айтып жүр.
Жазған сөз жаным ашып Алашыма,
Алаштың адасқан аз баласына.
Қаннан қан, еттен етім, бауыр жұртым
Қараған «Қара таудың» қаласына!
Іші лас, сырты таза залымдардың
Алданып құр сыртының тазасына.
Мәз болып байғазы алған балаларша,
Сатылып жылтыраған танасына;
Әбілдің зияратын аттап өтіп,
Қабылдың бата қылмай моласына.,
Қорыққанға қос көрініп, қойдай үркіп,
Тығылып дажалдың итханасына;
Ес кетіп, сабыр қалмай, сасқалақтап,
Қорыққаннан көзің сыймай шарасына.
Ұмытып Құдайды да, Құранды да,
Бас ұрма Лат, Манат ағашына!


Өгіз бен бақа

  • 1
  • 15

Бір Өгіз айдын шалқар көлге келді,
Жағалап суаты бар жерге келді.
Шілденің сарша тамыз ыстық кезі,
Бек қатты қаны қашып шөлдеп еді.

Толық

Өзен мен Қарасу

  • 1
  • 1

Қарасу Өзенге айтты: «Ғажап мұның!
Мезгілің бар ма, сірә, табар тыным?
Тасисың бірде кеме, бірде салдар,
Қайықтың есебі жоқ сансыз мыңын.

Толық

Жұбату

  • 1
  • 0

Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.

Толық

Қарап көріңіз


Пікірлер (2)

Шұғыла Еркінбекқызы

Өте керемет.

Ержан

Дүние мен Ахыретті таразыға алып шығарған өлең секілді. Бұл өлеңде Қазақтың діннен адастыру саясаты жайында жазылып тұр.

Пікір қалдырыңыз

×