Уәзірдің батасы
І
Ерте, ерте заманда,
Ата салтым аманда,
Ұлы ержетіп патшаның
Жар салыпты ғаламға:
– О, жамағат, халайық,
Сөзге құлақ салайық.
Мұрагерім – ұлыма
Көптен бата алайық.
Ел ардақтап көсем дер,
Келсін ділмар, шешендер.
Үздігіне сыйым бар,
Сендер мықты десеңдер.
Құлақтандыр халқымды ал,
Қояр мұндай шартым бар:
Айтылмаған еш жерде
Бата болсын ол тыңдар.
Бата болса көп білер,
Мойнын қылыш дөп тілер!
Жаңа, тосын тілекпен
Шықсын, қане, тектілер!
Суық ойлар қамалап,
Жым-жырт болды жамағат.
Шарпысуда байлық пен
Өлім деген жаманат.
Бірі табыс күрейді,
Бірі – өлім үрейлі.
Көзсіз, байлық табам деп,
Кім ажалды тілейді.
Хан кәрінен қорқа ма?
Жан шықпады ортаға.
Бір ақылгөй табылмай,
Қатты батты арқаға.
Тұрған үнсіз қалқада,
Шықты уәзір ортаға.
Жауап бермек қалайда
Мынау қиын қолқаға.
Ақыл-ойы көшелі,
Уәзірлер көсемі,
Ортада тұр. Бағы ма?
Соры ма, әлде бес елі?
Жүзінен нұр төгіле,
Емірене, егіле,
Бастап кетті ол сөзін
Барлай қарап еліне.
– Уа, халқым, Отанды,
Ұл азамат атанды.
Күллі елінің алдында
Берейін ақ батамды.
«Жатыңдай күт жақынды,
Көрсетпейді жаттық ол.
Әңгі есектей ақылды,
Құмырсқадай мықты бол!»
Батасы осы аталық.
Бәрі естіді ап-анық.
– Мазағың ба, мұның не?! –
Хан ақырды тақалып.
Ызбар шаша, суына,
Қыннан қылыш суыра,
Уәзірге оқталды
Жан апшысын қуыра.
– Бас алмайтын жұмыстан,
Жөн-ақ болсын құмырсқаң!
Есегің не, есегің?..
Анық басың кесерім! –
Деп ханымыз ақырды.
Қалың қауым «аһ» ұрды.
Уәзір:
О-о, дат тақсыр, хан ием!
Мәртебеңе бас ием.
Хан:
Оның қандай дат тағы?..
Әттең, қолым батпады.
Өз сөзің бе, мынауың,
Әлде, кімнің шатпағы?!.
Уәзір:
Жақсыда – бір жамандық,
Жаманда ¬– бір жақсы бар.
Есте сақтар амал ғып,
Есекке бұл бақ шығар.
Сыйын берсе құдірет,
Одан ешкім қашпайды.
Тайған жерін бір рет,
Есек қайтып баспайды.
Мықты есектің қапері,
Анық мұның дерегі.
Қайталамау қатені –
Адамға ең керегі.
Үсті-үстіне сүрініп,
Мұны өмірден байқадың.
Қалмас үшін ұрынып,
Осы еді ғой айтарым!
Тәлім алған әкеден,
Біз жалғанның құлымыз.
Бір жіберген қатеден
Сабақ алсын ұлыңыз!
Біліп тағдыр қатерін,
Таза ұстаса қаперін,
Білем көпке жетерін,
Сізден де асып кетерін.
Сөздің білер қасиетін,
Осы еді бар ниетім.
Бұрыс десең мұнымды,
Міне, басым иетін...
Сөз төркінін ұғына,
Қылыш кірді қынына.
«Бәсе, уәзір еді ғой
Салар тағдыр сынына».
Аталы сөз астарлы,
Ойға салды бас ханды.
Көз алдына оралтып
Өмір жолын асқарлы.
ІІ
Болмас ешбір алаңдау
Жас кезі еді балаңдау.
Жауламақ боп көрші елді,
Жоспар құрды қарамдау.
Сөйтіп жас хан түнерді.
Барламаққа бұл елді,
Өткен талай сындардан
Жансыздарын жіберді.
«Сыры қандай тасалы?
Бар ма бұдан асары?
Батырлары көп пе екен,
Қанша түмен жасағы?
Қандай күзет қосыны?
Қару-жарақ пошымы?..»
Жансыздардың міндеті –
Біліп қайту осыны.
«Шабу аңдып, шолып та,
Бізге қиын болып па?!» –
Деген оймен хан ием
Дайындалды жорыққа.
Батырларын түгендеп,
Тұлпарларын жүгендеп,
Әзір отыр: «Жауымды
Талқан қылып үгем!» – деп.
Жауын ойлап тұншығар,
Жас ханзада құлшынар.
Қуанышты хабармен
Келіп жетті тыңшылар.
«Берік емес қамалы,
Ерлері де шамалы.
Берілмеске шабыспай
Қалмас, сірә, амалы».
Дегенді естіп, мастанды,
Алғандай боп асқарды.
Осы кезде бір уәзір
Тежей берген жас ханды.
– Қараша елдің жақыны,
Даналардың хакімі,
Білдіңдер ме олардың
Қанша екен ақыны?..
Шаққандай хан тауанын,
Уәзірдің сауалын
Аяқтатпай тыңшылар
Берді бірден жауабын:
– Өнер десе, жанатын,
Сөзден шырақ жағатын,
Десек болар ол елде –
Шеттерінен бәрі ақын.
Емес мұным тосын ой,
Ақын – көңіл қошы ғой, –
Деді уәзір қинала –
Ең қиыны осы ғой!
Ақыны көп ел мықты,
Тақыры жоқ жер құтты.
Ақыны жоқ, халқы жоқ,
Қолдаушысыз ер күпті.
Ақын – рух еліне,
Жыры – қорған жеріне.
Ақындары көп елді
Әлжуазға теліме.
Ақын – айбар, ұраның,
Сынға салар пырағың.
Сол тұтатар жүректе
Ар-ожданның шырағын.
Демек, олар күштірек.
Ақын – елге күш, тірек.
Жауласпайық, хан ием,
Үш өтінем, үш тілеп!
– Ақындар ма дәрменді?! –
Деген жас хан кәрленді.
Дереу соғыс ашуға
Беріп бұйрық пәрменді.
Термелетіп нақылын,
Бермек болған ақылын,
Көр зынданға тастатты
Жас уәзір пақырын.
Хан өзі қол басқарып,
Кетті соғыс басталып.
Атойласты екі жақ
Рухты ұран тасталып.
Қолдан бермей намысты,
Кескілесті, шабысты.
Қарша борап жебелер,
Сом білектер қарысты.
Артынан да, алдынан
Қоршап алып, салды лаң.
Берер емес күш бірақ,
Басқыншыға қаңғыған.
Бұзып кірер қамалды
Таппай айла, амалды,
Жас ханзада ес таппай,
Түпсіз ойға қамалды.
Болмас іске шатылған
Алжасты хан ақылдан.
Көнбей қойды сонда да,
Мәмілеге үш шақырған.
«Қажытты ма жан неме,
Жауығасың сен неге?
Қан төгіспей бекерге,
Келейік те мәмілеге.
Қанша ердің нар құнды,
Қаны бізге артылды.
Не ойың бар, хан ием?
Алдыма жай шартыңды».
Дегеніне көнбеді.
Өзінікін жөн деді.
Басын имей жауына,
Айқын жаншып жеңбегі.
Әттең, ойдан шықпады,
Қолы қашып, ықтады.
Түре қуған қарсылас
Қамалында бұқпады.
Дес берместен жандыға,
Қарсы жақ күш алды да,
Қойша қуып әскерін,
Тұтқындады ханды да.
Үзілді арман, үміт те,
Бітіп соғыс, бүлік те.
Түсті жас хан зынданға,
Жем боп бүрге, сүлікке.
Кеше тақта баптанса,
Бүгін тұтқын – жас патша.
«Бақ пен сордың арасы –
Деген – кірпік қаққанша».
«Көріпкел ме уәзір?
Әлде жын ба әзәзіл?..»
Шырмауық ой шырмайды,
Жан әлемі – аза жыр.
Ақыл-есін қан жаулап,
Ширығады тал қармап.
Өксіп жатып өткенге,
Ұйықтап кетті талмаурап.
Өңі ме, әлде түсі ме?..
Көр зынданның ішіне
Кірді келіп Қыдыр қарт
Рақым нұрын түсіре.
– Балам, – деді мейірмен, –
Жақсылық қыл пейілмен.
Қателікке бой ұрма,
Өкінердей кейіннен.
Ханы бола бір елдің,
Үш қателік жібердің.
Ақылға сап, саралап,
Келді соны білер күн.
Қателігің алғашқы
Қайталанып жалғасты.
Бас уәзір сайлауда
Кетті ағаттық ең басқы.
Жас уәзір дегесін,
Тыңдамадың кеңесін.
Біле тұра өзгеден
Артық туған өресін.
Білмей ақыл төресін,
Өзгелерге ересің.
Содан, міне, тағдырдың
Опығын жеп келесің.
Десең мені демесін,
Қатеден дән тересің.
Нәтижесін бұл сөздің
Ертең таңда көресің.
Деп, жоқ болды бір демде,
Тың ой тастап білгенге...
Жеңген патша алдыртты
Түн түндігін түргенде.
– Қалай екен жан деген?
Мәмілеге көнбеген?..
Саған өмір сыйлайын,
Атың бар ғой хан деген.
Жерім – байтақ құба бел,
Жоқ-ты менде мұрагер.
Мол мұрама ие боп,
Хансарайда тұра бер.
Деді: – Бірақ шартым бар:
Тағым менен халқымды ал.
Қос хандықты қос-дағы,
Бейбіт өмір салтымды ал.
Содан кейін айтарым:
Сен де жаса қайтарым.
Зындандағы уәзір –
Данагөйің, байқадың.
Құпиям жоқ жасырар.
Мерейіңді асырар –
Данышпан сол уәзірді
Кеңесші етіп, қасыңа ал.
Болғанға не дерің бар,
Осындай да ерің бар.
«Ханым ғой!» деп бас тартты,
Деп ем: «Сенен кегіңді ал!»
Әділдікпен тумалас,
Айтқанына құлақ ас.
Сонда туың желбіреп,
Ордаң мәңгі құламас!..
ІІІ
Түсінген хан өлерін,
Ақиреттің келерін,
Аң-таң қалған біле алмай
Сенбесін, не сенерін.
Менмендіктен аспаған,
Өзі көрге тастаған,
Ақылымен уәзірдің
Жаңа өмір бастаған.
Хан еді ғой сондағы...
Бүгін тағы оңбады.
Кемеңгерге көтерген
Қылышы не қолдағы?!.
Ақылгөйі қолдағы,
Өмір атты жолдағы.
Қателерін жөнге сап,
Қаншама рет қолдады.
Дәл қазір де, кеше де,
Қайталама десе де,
Жалған намыс ашуы
Орға жықты нешеме.
«Жағып өмір маздағын,
Мәуелеткен жаз бағың,
Бағбаныңды тағы сен
Шауып тастай жаздадың».
Деп қуырды өз-өзін,
Өрттей тіліп өзегін.
Қуып ашу сайтанын,
Алды жөн сөз кезегін.
– Уа, халайық, жараным!
Уәзірім, бараным!
Өтінемін мен ғафу,
Ашу ашса аранын.
Сындырмастан сағымды,
Ақылға ашу бағынды.
Батасы үшін уәзірге
Сыйға тарттым тағымды!
Бас уәзір демеңдер,
Ол – данышпан, кемеңгер.
Көмегімен даналық
Шапағатқа кенелді ел.
Қалың елім, құрымды,
Ерсі көрме мұнымды.
Соған сеніп тапсырдым
Тағым менен ұлымды.
Сенім артып зор маған,
Қаншама жыл қолдаған,
Мендей ханнан не пайда,
Есек құрлы болмаған!
Бердім енді жол басын,
Қыдыр бабам қолдасын.
Тым болмаса өскелең
Ұлым мендей болмасын...
Деп түйінді шешті хан,
Демек, енді ескі хан.
Қолдап, қостап бұл ісін,
Риза болды есті жан.
Той басталып аста-төк,
Би билеген жас та көп.
Жер бетіне сыймады
Келген жұрты асқа тек.
Сенбесең қой, сен мейлі,
Ән менен жыр селдейді.
Сол уәзірдің ұрпағы
Қазақ деген ел дейді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі