Өлең, жыр, ақындар

Теңіз төріндегі тайталас

  • 24.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1239
Теңіз патшасы:
Оу, жарандар, жарандар!
Бар мақұлық, бар аңдар!
Зейін қоя құлақ түр,
Бәрің бері қараңдар!

Құлақтанып бар алап,
Кіл мықтысын даралап,
Қазы болып жамағат,
Бәйге өтпекші ғаламат!

Озып бұл тайталастан,
Бар өнері жарасқан
Ең үздігі теңізге
Төре болмақ бағы асқан.

Жатқан жұртым алыста,
Таныс та, бейтаныс та,
Жанкүйер боп жарысқа,
Бағаңды бер, қалыспа!

Сан сынақтан сүзілген,
«Құйрық-жалы» түзілген,
Алуан дүлдүл сыналмақ
Төмендегі тізіммен:

Ақ аю:
«Өтірікке бой ұрман,
Шығарғам жоқ ойымнан.
Менің атым білдей бір
Материкке қойылған».
Ақ аюдың күнделігінен

Мұхитта мұзды қыстағым,
Қармақсыз балық ұстадым.
Арктиканы ен жайлап,
Көрмегем өмір қыспағын.

Қыңсылды білмес, ұлуды,
Көрдің бе мендей сұлуды?!.
Ақ жүнім – батареям ғой,
Күннен алар жылуды.

Жүзе де білем қиырға,
Жүздеген милің бұйым ба?
Тұра да білем қасқайып
Қақаған қарлы құйынға.

Көрінер епсіз – сыртым бұл,
Әйтпесе, ұшқыр, жылпыңмын.
Атылып екі-үш метрге,
Қақпанды торды мың құрдым.

Бойдағы сенген жарағым –
Соққысы батпан табаным.
Ол тисе, алып Көк кит те
Біледі қаза табарын.

Жер шары мен деп айналар,
Терістік желі аймалар.
Жалғыз-ақ аңмын жалғанда
Туған күн тойы тойланар!

Біледі барлық ел осы,
Мекенім – мәлім Жер осі.
Теңіз бен мұхит төрінің
Менмін ғой нағыз төресі!

Әтешбалық:
Келсе сырға қаныққың,
Құспын, өзім балықпын.
«Кукареку» орнына
Ысқырып ән салыппын.

Мінезім бар сәл ұшпа.
Түскендей-ақ жарысқа,
Он бес-жиырма метрдей
Секіремін алысқа.

Қораздайын шошыған,
Тынымсызбын шоршыған.
Әтешбалық, мінеки,
Атаныппын осыдан.

Құс дегенмен атымды,
Балық санар затымды.
Менен артық теңізде
Ас таппайсың татымды.

Бәс талқысы қысқанда,
Күлкі болмай дұшпанға,
Жолды берген жөн болар
Теңіз асты «құстарға».

Баклан:
Ептілікпен еленген,
Баклан құс деген – мен.
Сүңги білем суға да,
Жүрексінбей тереңнен.

Тәтті балық – қорегім,
Теңіз – төрім дер едім.
Толқындармен сырласа,
Тірлік кешіп келемін.

Сыйлар «әке-көкемен»,
Құрмет көрсем мәпеден,
Баптап салған иеме
Балық ұстап әкелем.

Паш етер құс ездігін,
Өлексе емес көз құным.
«Суқұзғын» деп, жәбірлеп,
Қате аударған «Сөздігің».

Зерек болсаң, ұланым,
Сөзіме сал құлағың:
Мен боламын ақиық
Теңіздегі қыраның!

Бекіре:
Сыр ағытсақ көне ізден,
Тұрақ тауып теңізден,
Саулығы үшін адамға
Уылдырық жегізген.

Бекіремін киелі,
Адамзаттың сүйері.
Мені естісе, қышымай
Тұра алмайды иегі.

Жолымды сен кес, кеспе,
Бекіремін бес кеспе.
Тектілермен таласып,
Тектен-текке өштеспе.

Бәйгемді бер, таласпа,
Ар жолынан адаспа!
Төресі – мен теңіздің,
Аты мәлім Алашқа!

Гага:
Асқан асыл бағамыз,
Үйрек текті Гагамыз.
Әрбір күні – ән-аңыз
Бізге әділ қараңыз.

Ақ теңіз бен Балтық қой –
Бауыр басқан өлкеміз.
Тас аралда балқып бой,
Шаттық күйін шертеміз.

Таба алмассың, күн-түн деп,
Бізден асқан құндыны.
Жүніміз бар үлпілдек,
Әрі сондай жып-жылы.

Адамзатқа тиімді,
Атқарамыз жарқын іс.
Бізден алар киімді
Ғарышкер мен альпинист.

Қолға алып ерте сен,
Жасай білсең, жалықпай,
Біз боламыз көрпешең,
Жастығың да мамықтай.

Бұл кәсіптің тұңғышы –
Исландия аралы.
Жылы киім үлгісі
Содан көпке тарады.

Таразылап әр жайды,
Күйімізді бағамдар,
Қорықтарда арнайы
Бізді аялар адамдар.

Дауылпаз:
Құстан – жекжат-жұратым,
Мақтан емес – мұратым.
Өнерім бар – табанмен
Су бетінде тұратын.

Толқын күшін аңғармай,
Шаңғы тепкен жандардай,
Сырғып келе жатқанда,
Тұра алмассың таңғалмай.

Сағаламас сағаны,
Құс боламын бағалы.
Тек жұмыртқа саларда
Паналаймын жағаны.

Толқын үні – жыр-әнім,
Тас болаттай шыдамым.
Дауыл соқса апталап,
Көкте қалқып тұрамын.

Атым содан – Дауылпаз.
Дауылға әсте жаным қас.
Құдіретімді бағалар
Сарапшылар танымпаз.

Өнерім бар осындай.
Қолдай білсең тосылмай,
Атануым жеңімпаз
Болмас, сірә, тосын жай.

Дельфин:
Қысылтаяң керекте,
Қолдау үшін демеп те,
Қатер төнген адамға
Асығамын көмекке.

Адамзатқа үйірмін,
Достығына сүйіндім.
Ақ жүректі жандарға
Келіп тұрар иілгім.

Мұхит төсі – киелім,
Айдынына иемін.
Балалармен жарыса,
Доп ойнауды сүйемін.

Білем бала пейілін,
Кұн нұрындай мейірін.
Уіліндей сәбидің
Менің дағы кей үнім.

Олар да оны біледі,
Аппақ содан тілегі.
Маған салса, жанымнан
Жібермес ем бір елі.

Біл осыдан мықтыны,
Ісі игі, құттыны.
Ұлы бақыт мен үшін
Адамзаттың шаттығы!



Жыланбалық:
Суыңда да, жеріңде
Төзімдіміз аса біз.
Саргасс теңіз төрінде
Уылдырық шашамыз.

Титтей кездің өзінен
Жиһангерлік мұрамыз.
«Өтер жүзік көзінен»
Ұзақ жолға шығамыз.

Тылсым түйсік сезер ме?
Әлде сыннан өту ме?..
Тегі өнген өзенге
Асығамыз жетуге.

Өзге көзге еленбес,
Тек сол жақта шын ғалам!
Біздер үшін сөз емес
Шақырымдар мыңдаған.

Жат өңірге, бөтенге
Қалай бауыр басамыз?..
Ұлы атамекенге
Туа сала «қашамыз».

Білмейтін бас июді,
Өр келеміз, дара, паң.
Отаныңды сүюді
Бізден үйрен, балапан!

Көк кит:
Түп негізім – балықпын.
Аузындамын халықтың.
Кемеге ұқсас сүңгуір,
Мұхиттағы алыппын.

Әлемге аян атағым,
Тым тереңге батамын.
Шыққан кезде айдынға
«Субұрқағымды» атамын.

Көпке тиер сауабы,
Іс қыламын дауалы.
«Субұрқағым» арқылы
Жаңартамын ауаны.

Отыз метр денесі,
Бөлек бітім, өресі,
Мен боламын ежелден
Мұхиттардың төресі.

Құртпа:
Бес миллион бір демде
Уылдырық шаша алар,
Ер боламын білгенге
Құртпа балық аталар.

Орысша атым – Белуга,
Каспий теңіз – мекенім.
Ұзақ жасым – елу де,
Сексенге де жетемін.

Тоннадайын салмағым,
Он метрдей тұлғам бар
(Тістеп қалар бармағын
Аңдаусыз тор құрғандар).

Қала алмаймын керуеннен,
Сейіл құру керек те.
Барып қайтам серуенмен
Еділ, Жайық, Терекке.

Каспий, қаратеңіздік
Ақ балықпын, Құртпамын.
Атанбай-ақ ең үздік,
Себім тиер жұртқа мың!

Нерпа:
Мекен еткен су астын,
Еркесімін теңіздің.
Сыйлап жылы құлақшын,
«Әдемісі-ай!» дегіздім.

Асыр салам керіле,
Суда еркін жүзем де.
Теңесе алмас теріме
Ондатра, Күзен де.

Болғаннан соң жарамды,
Пайдасы көп жануар,
Асқақтатқан бағамды,
Аң атандым танымал.

Оқтай ұшқыр атылған,
Сүңгуірмін жоқ теңі.
Атымнан да, затымнан
Біледі ғой көп мені.

Адамзаттан сүйінген,
Қарық болып лебізге,
Толқынды шырқ үйірген
Төл тентекпін теңізде!

Пингвин:
Ұшпасам да қалықтай,
Суда жүзем балықтай.
Тоңбайтын да таймайтын
Табаным бар шарықтай.

Антарктида – мекенім,
Қиыр, шалғай шеттемін.
Жаяу жүріп адамша-ақ,
Мақсатыма жеткемін.

Адам сынды тұрысым
(Балпаңдау сәл жүрісім),
Мұз үстінде шыныққан,
Мен ғой нағыз құрышың.

Тіршілікте күй-керуен,
Жалықпас еш билеуден,
Менен көріп, адамдар
Фрак киюді үйренген.

Даналарым екшесін,
Сараласын, өлшесін.
Жалғыз құспын тік ұстап
Жүре алатын еңсесін.

Жайлаған мұз аралын,
Бірегеймін, дарамын.
Тұрған полюс төрінде
Төрең – мен ғой, жараным!

Сегізаяқ:
Мұхит түбін сая еткем,
Көрмес үшін тарлықты.
Сенер сегіз аяқ пен
Үш жүрегім бар мықты.

Үш жүректің біріне
Міндет артып Жаратқан,
Негізгісі тәніме
Көгілдір қан таратқан.

Желбезекпен тыныстап,
Қиналмаймын жерде де.
Күткен жанды дұрыстап,
Түйіп алам зердеме.

Адалдықпен нәбидей,
Қолға алса зейіндің,
Еліктегіш сәбидей,
Үйренуге бейіммін.

Талабым бар талғаммен,
Таңдандырар әлемді.
Құлағым жоқ болғанмен,
Ести алам әуенді.

Дәл осындай «ақылды»,
Болған соң нән жануар,
Жырға қосқан атымды
Ұлы Абайдың әні бар.

Теңіз жұлдызы:
Айтар болсам басынан,
Қос қарыстай тұрқым бар.
Кальций карбонатынан
Тұрар тікен, түрпім бар.

Түрлі-түсті бояулы,
Алуан қырлы сәнім де.
Тірлік кешем баянды
Мұхиттардың бәрінде.

Көзің тартар жымыңдап,
Жалындаған шоқтаймын.
Жүре аламын жыбырлап,
Жұлдыз болып ақпаймын.

«Қол-аяғым» саналған
Түтіктерім көп менің.
Өтіп келер солардан
Сіміремін оттегін.

Қиындықтың бетері:
Асқазаным екеу де,
Біраз жәндік кетеді
Соның қамын өтеуге.

Тіршілікте қалыпты
Жаралған соң сол үшін,
Қараңғы мен жарықты
Айырады «қол» ұшым.

...Осы болса негізгің.
Дау тудырмай ол үшін,
Тереңінде теңіздің
Мен болайын болысың!

Тасбақа:
Үш жүз жылдай жасы бар,
Арқалаған тасы бар,
Жұмыртқасын құрлықта
Құм ішіне жасырар.

Кәдімгі Тасбақамын,
Жұртқа мәлім атағым.
Негізінен көбіне
Су түбінде жатағым.

Құр шандырдан түзілген
Жасқанба сен жүзімнен.
Құмда шабан болғанмен,
Чемпионмын жүзуден.

Салмақ салып зердеңе,
Ойлан, өзің зерделе.
Тірлік етер қайсың бар
Теңізде де, жерде де?!.

Үкішабақ:
Түгім – үлпек шашақтай,
Екі көзім – ошақтай
Болғаннан соң беріпті
Қос атауды қосақтай.

Үкішабақ – есімім.
Балық болсам, несі мін?..
Еркесімін мен де бір
Шалқар теңіз төсінің.

Біліп қойғын, білмесең,
Достарыңмен бірге сен.
Терең судың түбінде
Шабақ болып күн кешем.

Шортан:
Иеленген жер атын,
Иеленген көл атын,
Кейіпкермін ертекте
Бұйрығы орындалатын.

Шалт қимылды, қажырлы,
Айбындымын азулы.
Аққу, шаян, мен жайлы
Мысалың да жазулы.

Атым көпке жария,
Төрім – теңіз, дария.
Сырым мәлім болған соң,
Мақтанбайын далия.

Су түбінде саспаймын,
Бола қоймас ас – қайғым.
Тауып алсаң атымды,
Менікі ғой бас бәйгің!

Інжу:
Әулеттілер жағалы
Өңіріне тағады.
Қажет етпес өңдеуді,
Минералмын бағалы.

Асқақтығым шынардай,
Қасиетім тұмардай.
Көз сұғынан қорғаймын,
Саулық сақтар құралдай.

Патша ағзамдар құнытты,
Кей сәттерде күдікті,
Інжу салар сусынға,
Жеңу үшін уытты.

Ақ, қара боп түрлендім,
Алуан пішін түрге ендім.
Қытай сынды кей елде
Ақша орнына жүргенмін.

Байлығыңмын бағалы,
Орным – теңіз табаны.
Әділ болса қазылар,
Өздері іздеп табады.

Автордан:
Ертек емес, аңыз да,
Емес үгіт, уағыз да.
Болып өткен шындық бұл
Күні кеше тамызда.

Қызу тартыс ортада,
Біз де болдық алқада.
Жеңімпазды таба алмай,
Салмақ түсті арқаға.

Бірі шашып айбарын,
Бірі жайып айдарын,
Жанын салды барлығы
Білгеннен соң сый барын.

...Кім көрсетті даралық?
Кім байқатты даналық?
Селт еткізер сезімді
Кім әкелді жаңалық?!.

Талдап жарыс талқысын,
Қайсы жалған, қайсы шын.
Елеп, екшеп, саралап,
Таңдар едің қайсысын?!.

Келгендердің сан қырдан,
Қайсы сені таң қылған?..
Шеш те даудың түйінін,
Бәйгесін бер, балдырған!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көңілді сапар

  • 0
  • 0

Үйелмен де сүйелмен
Вагондары сырнайлы,
Жан-жануар тиелген
Жүрдек пойыз зырлайды.

Толық

Жақсы» деген немене? «Жаман» деген немене?

  • 0
  • 0

Жақсы» деген немене?
«Жаман» деген немене?
«Жақсы» деген – ізгілік,
Арасанбай Естенов

Толық

Нағашы атам ауылында

  • 0
  • 0

Не жетер бас білгенге,
«Аузымен құс ілгенге».
Нағашы атам аулына
Жетіп келдік бір демде.

Толық

Қарап көріңіз