Нартайлақ пен Айсұлу
- Bain
- 03.05.2015
- 1
- 2
- 50419
ӘҢГІМЕНІҢ СЫРЫ
Естілер көп жазады әңгімені,
Жазбайды ермек үшін әлденені.
«Жиреніп жаманынан, жақсыны ұғып
Алсын» деп жазады ғой өнегені:
Залымды жек көргізіп, күйгізеді,
Ақ жүрек әділетті сүйгізеді.
Өгейлік, өзімшілдік, бақ-күндестік,
Мейірімсіз залалкесті білгізеді;
Қос қатын алу жаман салты екенін,
Күндестік араздықтың шарты екенін,
Қыз бермей сүйгеніне, малға сату
Адамның ең рахымсыз анты екенін;
Аямай жетімдерді ұрғандығын,
Азаматты күң менен құл қылғандығын.
Не пайда, не өзінің мақтаны үшін,
Дап-дайын қан төгуге тұрғандығын;
Махаббат шын асықты неткендігін,
Құрбан боп жар жолында кеткендігін,
Тұрғанда әлі жетіп, ашу кешіп,
Мархабат дұшпанға да еткендігін –
Айтады осы әңгіме соның бәрін,
Байқаста, сыртын ұқпай, ішкі нәрін.
Жаңа өскен жасыл гүлдей жас ұландар,
Дей көрме «бір ескіден қалған сарын».
***
Өткен іс ойға түсер әлдеқайдан,
Айтайын аз әңгіме ескі жайдан.
Атақты Әмір Темір заманында
Арқаны мекен еткен Арғын, Найман.
Арғынның тоқалынан Бозша деген,
Момындық, әділдікпен ел билеген.
Жәнібек – жалғыз ұлы жастау өліп,
Артында үш ұл қалды немереден.
Құр — үлкен, Балға — оған тетелесі,
Қаранай — үшеуінің ең кенжесі.
Бұл жонды Үшбозша деп атайтыны —
Жайлаған Бозшаның үш немересі.
Солардың осы үш өзен мекендері,
Жаз жайлап, сән-салтанат құрған жері.
Бұл жерден өзі кетіп, аты қалған,
Құр, Балға, Қаранай деп сонан бері.
Құр менен Қаранайдан басы бөлек,
Бір су бар ортасында шолақ өзек.
Күнбатыс жағасында бір ақ тас бар,
Сөйлеуге соның жайын келді кезек.
Сол тастың жырасында бір үңгір бар,
Жатуға екі кісі болмайды тар.
Ол тасты «Айсұлудың Ақтасы» деп,
Атапты бізден гөрі бұрынғылар.
Мен көрдім сондай үңгір қыз мекенін,
Асықтың арманда өткен із-мекенін.
Талпынған талапты жас, тыңдасаңыз,
Айтайын Айсұлудың кім екенін.
Балғаның ол Айсұлу үлкен қызы,
Нартайлақ — Қаранайдың бір жалғызы,
Қосылып, асық болып сол арада,
Үңгірде өзі кетіп, қалған ізі.
Айсұлу ол Ақтаста жүрген ойнап,
Қараған әлгі үңгірге бір күн бойлап.
«Дариға-ай, асық жармен құшақтасып,
Үңгірде жатар ма еді», – дегенді ойлап.
Айсұлу ол кезінде он бесте екен,
Күн сайын сол араны қылған мекен.
Бірге ойнап Нартайлақпен сол үңгірде,
Байласқан асықтыққа белді бекем.
Екі жас жылға жақын ойнап жүрді,
Сезген жоқ ешкім әлі осы сырды.
Қосылған жазға салым бұл екеуі,
Жаз өтіп, келетұғын күз де кірді.
Мен бардым сол Ақтасқа түлкі қағып,
Үңгірде өткенді ойлап тұрдым бағып.
Тастағы қырау еріп күн нұрымен,
Тастан да, көзімнен де жас кетті ағып.
Бір ұл бар Самсы деген Құрда тағы,
Самсап ұл көбейсін деп қойған-дағы.
Сол атпен аталады күні бүгін
Қаранай, Дарасудың саға жағы.
Самсы да асық болып Айсұлуға,
Бата алмай жүреді екен сөз айтуға.
Сүйтсе де жанасалап бір қалмайды,
Дегендей «бұқа буға, азбан дуға».
Балғаның екі қызы, бір ұлы бар,
Ерте өлген бәйбішеден туған бұлар.
Тай еді ұлдың аты жастай өлген,
Былқылдақ келіншегі қалған шығар.
Бір ұл бар тоқалынан Барғана атты,
Қоя ма қазақ тұтпай ескі салтты?
«Аға өлсе, жеңге мұра» деді-дағы,
Қатын қып Былқылдақпен бірге жатты.
Күнсұлу, Айсұлумен екі қызы,
Бір туған өлді олармен Тай жалғызы.
Қолында өгей аға қорлық көріп,
Қыздарға жетімдіктің батты сызы.
Айсұлу Нартайлаққа болған асық,
Үңгірде қосылысып мауқын басып.
Балғаның тірісінде Айсұлуды
Матайға бермек болған баталасып.
Ол күйеу Балқыбектің баласы еді,
Қортықтау, Барлы деген аласа еді.
Әкесі бай болса да, бала нашар,
«Жында ма, ынжық па» деп талас еді.
Сондықтан Балға онан мал алмаған,
Аулына құдам деп те бара алмаған.
Бермеймін Айсұлуды деп жүргенде,
Тағдырдан қаза жетіп, қала алмаған.
Сол Барлы Балға өлген соң ұрын келген,
Қыз оның сырттан байқап, түрін көрген.
Қасына күйеуінің бір күн жатпай,
Менсінбей тіпті қисық, қырын келген.
Ол күйеу қызға өкпелеп үйге барған,
Барған соң әкесіне кісі салған.
«Болса да аузы қисық, байдың ұлы»
Бақаның көп мал беріп қызын алған.
Бақа да, Балқыбек те Матай еді,
Бір суды өрлей-жайлап жата берді.
Тантық қыз Ханым деген ол алғаны,
Аузына келген сөзді шатар еді.
Балқыбек суы атанған сол атпенен,
Беріктас, Үйтас, Томан — мол атпенен.
Шоқыда жалғыз қызыл Барлы туып,
Атанды Барлықызыл ол атпенен.
Бағана Самсыны біз бастап едік,
Жай-күйін біраз айтып тастап едік.
Байқатып Айсұлуға асықтығын,
Онан соң не қылғанын ашпап едік.
Бір күні Самсы келді Барғанаға:
«Ағатай, – деді, – сөкпе, қарғама да.
Асық боп Айсұлуға өлер болдым,
Мені өлтір құлат-дағы жарға ғана.
Ұнатсаң егер тірі қалғанымды,
Орында малымды ал да арманымды.
Сізбенен ақыреттік дос боламын,
Алсаң да аямаймын бар малымды».
Тағы да Былқылдаққа айтты ойды,
Алдына асыл шапан, жамбы қойды.
«Періште алтын көрсе жолдан таяр»,
Қу нәпсі мал көрген соң жеңді бойды.
Өгейлік Барғананың ойын бұзды,
Көрдің бе, міне, осындай қара жүзді?
Шапан мен алдындағы жамбыны алып,
Үш күнде көндірмекші болды қызды.
Нартайлақ келді бір күн Ақтасына,
Үңгірдің уағдаласқан қақ басына.
Былаудай екі көзі, өксіп жылап,
Айсұлу келіп тұрды нақ қасына.
Көрді де Нартайлақтың есі кетті:
«Сәулем-ау, мұнша жылап саған нетті?
Құшақтап, рахаттанып жатпақ едім,
Көз жасың жүрегімді елжіретті».
Қыз айтты: «Асық жарым, тыңда мұны,
Немене жетім қыздың көрген күні?
Қолында өгей аға қор қылғанша,
Алмады-ау ажал жетіп мен сорлыны!
Бастады аға-жеңгем бір жұмысты,
Самсымен тамыр бол деп көрдей қысты.
Көзімді жаудыратып малға сатпақ,
Көрем деп ойлап па едім мұндай істі?
Көнбедім мен олардың ептеріне,
Түкірдім «жүзіқара» деп беттеріне.
«Көндірем көнбесең де» деп ақырып,
Барғана қамшы басты еттеріме.
Қоймады бір-ақ ұрып, көп сабады,
«Жетім қар» деп етімді жеп, сабады.
«Самсыға Күнсұлуды күң қылам да,
Барлыға сені ұзатам» деп сабады.
Тай ағам бүйтпес еді-ау тірі болса,
Не әкем, не әжемнің бірі болса.
Дариға! Бұл өмірден өлім артық,
Жетімнің көрген күні осы болса!
Өгей ұл Барғана ойлап қастық жағын,
Былқылдақ ұмытты Тайдың аруағын.
Ағам мен ата-анамды қабат алып,
Құдай да қайтып алды-ау берген бағын».
Нартайлақ деді қызға: «Қалқатайым,
Мәнісін бұл сөзіңнің қылдым пайым.
Шынымен құдай қосқан жарым едің,
Сені алып алыс жерге, кел, қашайын».
Қыз айтты: «Күнсұлуға қоштасайын,
Айттым ғой, күң болмақшы, оның жайын.
Оны да, реті келсе, бірге алып қаш,
Бола алсақ ертең кешке мұнда дайын.
Тайлақжан, аз күн көрдім қызығыңды,
Мұндайда тағдыр жазған сызығымды.
Босатпай, егер кетсем ұзатылып,
Жіберем Күнсұлуға жүзігімді.
Сол жүзік тиісімен өз қолыңа,
Құрбанмын, кел де алып қаш, мен жолыңа.
Алты айлық құрсағымда балаң жатыр,
Тапсырар соны өзіңе күн болар ма?»
«Қош» десті бір сүйісіп амандасып,
Нартайлақ кете берді белден асып.
Ауылға қыз қайтарда солай қарай,
Былқылдақ келе жатыр жебей басып.
Келді де: «Қайда жүрсің, еркем, – деді, –
Бір адам дөңнен асып селтеңдеді,
Жеңгеден қайынсіңлі сыр жасырмас,
Разымын, жөнін айтып берсең», – деді.
Қыз айтты: «Елестеген сайтан-дағы,
Күнде ойнап осы арадан қайтам-дағы.
Сен маған не пәлені салмай жүрсің,
Бір жала жаппақ болған айлаң-дағы».
Ол айтты: «Өкпелеме, еркем, маған,
Жүргем жоқ қылайын деп қастық саған.
Қатында ері айтқан соң ерік бола ма,
Бәрін де істеп жүрген Барғана ағаң.
Барғана сен кеткен соң өзі барып,
Қайныңа Байқошқардан хабар салып:
«Қалыңмал, ілу, жыртыс әкелмей-ақ,
Келінін кетсін, – депті, – жылдам алып».
Байқошқар – Барғананың нағашысы,
Дәулетті, заты Матай, ұста кісі.
Сөз салып сол арқылы Балқыбекке,
Құтылмақ қайтсе сенен – бар жұмысы».
Айсұлу айтты ызалы күлкіменен:
«Барлыға қосылмайды менің денем.
Не басқа біреу алар, не жер алар,
Ол сырды жасырмаймын, жеңгем, сенен».
Барғана үйге келсе ұнатпайды,
Сұрланып жотығырсып сөз қатпайды.
Өмірін өксіп жатып ақылдасқан,
Сорлыға екі жетім таң атпайды.
Күн шықты, бесін өтіп, кеш те болды,
Екі қыз байлап қойған барар жолды.
Күндегі ойнайтұғын Ақтасына
Жөнелді айқастырып белден қолды.
Барғана жүгірген соң «ей, тоқталап»,
Былқылдақ: «Қой, барсын», – деп келді жанап.
Қамшылап бәрін үйге қуып тықты,
Қатынын қыздарменен қоса сабап.
Шығармай бірін тысқа қойды қамап,
Көзінен жетімдердің қан сорғалап.
Әлі тұр ащы дауыс құлағымда,
Сорлының жылағаны «Тай ағалап».
Жас дауыс жылағанмен қарлыға ма,
Ой жібер, міне, осындай зарлыға да.
Осымен бұл сөзіміз тұра тұрсын,
Келелік Балқыбек пен Барлыға да.
Байқошқар Балқыбекке кеше барған,
Барлыны жіберуге дайындаған.
Дарақы, тантық өскен Ханым қатын
«Оны алсаң, мен кетем» деп азап салған.
Жиылып ақсақалдар маңайдағы,
Сөз айтқан келісімді қай-қайдағы.
Дегеннен «жесір кетті» – өлген артық,
Келгенмен – бір қызметкер малай-дағы:
«Ей, Ханым! Сен тұрасың үлкен үйде,
Бір күңнің келгеніне жанып-күйме.
Болғанда көсеу ұзын қол күймейді,
Керек қой бір қызметкер мұндай үйге».
Сол күні Барлы күйеу келіп жеткен,
Барғана тоқты сойып ырым еткен.
«Тойындай жетім қыздың» деген бар ғой,
Зарлатып ертеңіне алып кеткен.
Айсүлу кете барған көзі жайнап,
Осы ғой берді деген қолын байлап.
Тілеген жылап тілек Барғанадан:
«Былқылдақ апарсын, – деп «ағатайлап», –
Жеңгемнің, қандай болам, көзі көрсін,
Жай-жапсар, көргенімді айтып берсін.
Мен кештім, тәңірі кешсе, қылығыңды,
Ол байғұс аздан соң-ақ өлді дерсің».
Қасына Былқылдақты қосып берді,
Сол күні-ақ Балқыбекке жетіп келді.
Отауын оқшау тігіп бөлек қойды,
Той қылып бір күң үшін жисын ба елді!
Былқылдақ қызды қимай, екі ай өтті,
Көп жатты, қайтатұғын мезгіл жетті.
Отауға сонан бері бір жатпаған
Барлыға: «Бір сөзім бар, тыңда», – депті.
«Айтатын тілегім бар, күйеу, саған,
Осы түн отауға жат, берсең маған.
Барған соң қарындасым не болды деп,
Сұрайтын онда бар ғой бір қайнағаң.
Сұраса, «отауына жатты» дейін,
«Екеуі махаббатты татты» дейін.
«Күйеуің, қарындасың, құдаларың
Разы боп бәрі сәлем айтты» дейін».
Барлы айтты қыбыжықтап басын қасып:
«Өзім де Айсұлуға едім асық.
Ұрсады мұнда жатсам Ханым маған,
Отырмын сонан қорқып, қатты сасып».
Былқылдақ ол күйеудің сырын білді,
Білдірмей езу тартып іштен күлді.
«Ханымға айтатұғын арызым бар», –
Деді де жолдасынан хабар қылды.
«Ей, Ханым, тоты құстай біткен денең,
Бір тілек қабыл алшы, қалқам, менен
Отауға бүгін кешке жат деп едім,
Именіп мына Барлы отыр сенен.
Орында, рұқсат бер де, тілегімді,
Ашылтып нұр құйғандай жүрегімді.
Осында жалғыз түні жатсын күйеу,
Білерсің кейін өзің күндегіңді».
Ол айтты: «Көп оттамай кет үйіңе,
Тек берген теңдік бар ма жетіміңе?
Көзіне көк шыбынды үймелетіп,
Мұны күң, қолыңды әпкел, етуіме!»
«Ай-үйге» қарамай-ақ ол жүзіқара,
Барлыны сүйреледі бара сала:
«Ұмыттың ба, ақсақалдар не деп еді,
Бұл үйде отырмысың күңге бола!» —
Деді де жетіп барды Айсұлуға:
«Бай керек пе салдақы сендей қуға!»
Жұлқылап бүркеншігін, ішке тепті,
«Ойнастан дайынсың, – деп, – ұл табуға».
Былқылдақ барып еді арашалап,
Қоймады Айсұлуды иттей талап.
Енесі, ауылдасы – бәрі келіп,
Шығарды әзер үйден көптеп қамап.
Былқылдақ қайтпақ болды атын ерлеп,
Боқтап жүр Ханым қатын бәрін жерлеп.
Айсұлу Былқылдақты шығарып сап,
Қоштасты құшақтасып «бері кел» деп:
«Жеңеше-ау, айтпап па едім бұрын саған,
Барлының түк керегі жоқ деп маған.
Мейірімсіз өгей ағам ұстап берді,
Ол түгіл құдай мені аямаған.
Тайды алды жан жақыным, жалғыз көзім,
Сол Тайдан жесір болып қалдың өзің.
Ұмытпасаң, ағам қонған тұғыры едің,
Аманат тапсыратын бар бір сөзім.
Тез тапсыр жүзігімді Күнсұлуға,
Ұялман енді саған сыр ашуға.
Жүзікті Нартайлаққа жылдам берсін,
Сол келсін меніменен қоштасуға.
Жеңеше-ау, жасырайын сенен несін,
Сәлем де Нартайлаққа, жылдам келсін.
Беретін бар бір асыл аманатым,
Үш күннен қалса, мені «өлді» десін.
Сәлем де үш қайтара Барғанаға,
Тапсырдым аруақ пен Аллаға да.
Әжемнен тумаса да, әкем бірге,
Бармайды аузым оны қарғауға да.
Айта бар барсаң сәлем Самсыға да,
Самсыға сүймеген қыз жар шыға ма?
Шөгеріп шөкпес нарды мінемін деп,
Тастады-ау талай бүлік артына да.
Сәлем айт жалғыз бауырым Күнсұлуға,
Қор болып жетім қалған сұм сұлуға.
Құшақтап үш қайтара сүйер едім,
Еркім жоқ көремін деп ұмтылуға.
Барғана екеуіңнен бір тілегім –
Кетпесін ақиретте сізде кегім.
Беріңдер Күнсұлуды сүйгеніне,
Самсыға қор болмасын жеткіншегім!»
Соны айтып талып кетіп бөгеледі,
Былқылдақ жылап елге жөнеледі.
Қыламыз енді әңгіме Нартайлақты,
Ол байғүс неғылады, не көреді.
Әрине, осы сөзден екі ай бұрын,
Ұқтыңыз Нартайлақтың кеткен түрін.
«Самсы мен Барғанаға қор қылман» деп,
Әкетпек балдызы мен асық нұрын.
Ол қайтып өз үйіне барып еді,
Қыз үшін екі ат ерттеп алып еді.
Құрдасын Бөбек деген қасына ертіп,
Күн бата Ақтасқа кеп қалып еді.
Сол түні отыр еді қызды тосып,
Артынан дыбыс естіп қалды шошып.
Екі атты қараңғыда келе жатыр,
Отырды «жылқышы ма, жау ма?» десіп.
Жүгірді екеуі аттан түсе сала,
Ұстасты біреуімен Бөбек бала.
Қолында біреуінің қылышы бар,
Ұмтылды Нартайлаққа тура ғана.
Нартайлақ құр қолымен қылыш қақты,
Қызыл қан оң қолынан судай ақты.
Ұстатпай шыр айнала қашып жүріп,
Қылышпен тұла бойын шабақтапты.
Жүзі өткір қылышының, ұшы қайқыш,
Әр жерін жаралапты ұйқыш-айқыш.
Қайран ер белдесе алмай қанға батты,
Қарусыз қапияда келген байғұс.
Бірталай арпалысты соныменен,
Басынан қан сорғалап жоныменен.
Ұстауға оң қолымен келмеген соң,
Солақай таспен атты қолыменен.
Қолына тигеннен соң тас қапыда,
Деді де «ойбай, ұрды», мінді атына.
Бөбектен жолдасы да босанып ап,
Қарамай қашты екеуі алды-артына.
Нартайлақ атқа мінді қумақ болып,
Бөбек тұр «қаласың, – деп, – қапыда өліп».
Есіл ер есі кетіп аттан түсті,
Жеңі де, қойны-қоншы қанға толып.
Батырды ыза қысты қапы қалып,
Кейіді «келмедім, – деп, – қару алып».
Жарасын көйлек жыртып байласа да,
Қансырап таңға жақын қалды талып.
Көтеріп Бөбек оны атқа салды,
Мінгесіп аш белінен ұстап алды.
Қолында үш жетегі, алдында ол,
Күн шыға азар жүріп үйге барды.
Келген соң Тайлақ батып қызыл қанға,
Ауылдың адамдары қалды таңға.
Қызды айтпай, «жылқыға жау тиді» дейді,
Бөбектен «не болды?» деп сұрағанда.
Нартайлак сол жарадан екі ай жатты,
Батырға екі қайғы бірдей батты.
Білмейді дұспанының кім екенін,
Қайғысы Айсұлудың одан қатты.
Ойға алып жазылған соң асық нұрды,
Сандалып Ақтасына қарай жүрді.
Алдынан бір ауылдың өтіп еді,
«Тоқта» деп бір бүркенген қыз жүгірді.
Батырдан қыз қарайды алмай көзін,
Нартайлақ шырамытты қыздың өзін.
Әперіп алтын жүзік қалтасынан,
Айтыпты Айсұлудың сәлем сөзін.
Таныды Күнсұлуды келбетінен,
Бір сүйді аттан түсіп оң бетінен.
«Не қылсам, Айсұлуға жолығам» деп,
Жөнелді Балқыбекке сол бетімен.
Барғана қалмаушы еді күндіз малдан,
Сол күні сол ауылға Самсы барған.
Үйінде соны көріп, қайтарында
Тайлақ пен Күнсұлуды көзі шалған.
Алыстан Нартайлақты танымаған,
Түскенін, еңкейгенін байыптаған.
Ауылға келе сала Күнсұлудан
«Жолыққан жолаушың кім?» – деп сұраған.
Ол айтқан: «Мен ешкімді көргенім жоқ,
Жолығып жолаушыға келгенім жоқ,
Жазықсыз жала жауып неге ақырдың,
Ешкімге ештеңемді бергенім жоқ».
«Сен бердің сол аттыға бірдемені,
Бауырына аттан түсіп басты сені.
Көргенді көзімменен танып тұрсың,
Шыныңды айт шатпақтамай әлденені!»
Қыз айтты: «Айтарым жоқ өлтірсең де,
Аузымнан қара қаным келтірсең де.
Көрдім деп көрмегенді айта алмаймын,
Аптығып, ашуланып желпінсең де».
Ақырып Күнсұлуды ұстай алды,
«Айт-айт» деп әрі-бері азап салды,
«Көзіңді шын айтпасаң шығарам», – деп,
Пышағын оң көзіне тура оқталды.
«Қой-қойлап» Самсы келді арашалап,
Жақындап Күнсұлуға жанасалап:
«Ағаңның көрген ісін танба, қалқам,
Айта ғой, қарашығым», – деп майдалап.
Барғана «айтпадың» деп тағы да ұрды,
Ұрғанға болмаған соң буындырды.
Булығып дем ала алмай өліп жатып,
Бірталай уақыттан соң жаны кірді.
Арсызға Барғанадай малы тәтті,
Жетімге Күнсұлудай жаны тәтті.
Амалсыз жылап тұрып сырын айтты,
Қайтсін-ай, қатты қинау жанға батты.
Тайлақты жасырмады көргендігін,
Жүзігін Айсұлудың бергендігін.
«Үш күннен қалмай жетсін Нартайлақ» деп,
Тағы айтты сәлемінің келгендігін.
Сәлемді есіткенде күйгендігін,
Бетінен «балдызым» деп сүйгендігін.
«Не қылсам, Айсұлуды аламын» деп,
Сол жерден Балқыбекке жүргендігін.
Күнсұлу мұны айтқанда жылап түрды,
Барғана «жылама!» деп тағы да ұрды.
Бұл сұлу Самсыға айтты апасынан,
Осымен ойнап-күл деп тілек қылды.
Самсы айтты: «Тым жас қой бұл әзір маған,
Айтайын бір сырымды, достым, саған:
Кез келіп Айсұлудың Ақтасында
Мен едім Нартайлақты қылыштаған.
Үш күн деп маған уағда қылып едің,
Шыдамай ертеңінде-ақ жүріп едім.
Ойнасы Айсұлудың осы ғой деп,
Қылышпен тұла бойын тіліп едім.
Не қылсам, өлтіруге асық едім,
Қылышты аямай-ақ басып едім.
Болған соң қаруы жоқ таспен ұрып,
Қалған соң қолым сынып қашып едім.
Тоғысай құлым еді қасымдағы,
Бұл сырдың маған сор ғой ашылмағы.
Білсе кек алмайды деп ойламаймын,
Қорқыныш, қатерім сол басымдағы.
«Ол енді, – Барғана айтты, – маған да жау,
Ойнас боп Айсұлуды бұзғаны анау.
Матайдан тағы барып алып кетпек,
Аулақта, әттең, дүние, жолықпайды-ау!»
Самсы айтты: «Ескерелік жолын тосып,
Отырмын әрі ыза боп, әрі шошып.
Сездірмей еш адамға өлтірелік,
Жолықса оңашада құдай қосып».
Екеуі Балқыбекке қадам басты,
Не қылса өлтірмек боп Тайлақ жасты.
Егерде ойлағаны бола қалса,
Айтпасқа ант етісіп уағдаласты.
Адамзат әрбір іске кез болады,
Біреуге жай, біреуге тез болады.
Бұлар да, Нартайлақ та бара тұрсын,
Айсұлу енді азырақ сөз болады.
Бір күң бар Балқыбекте Томан деген,
Күн сайын сөгіс естіп, таяқ жеген.
Отауда жалғыз жатқан Айсұлуды
Еш адам онан басқа елемеген.
Күзетші қарашада әлгі Томан,
Біржола қой күзетпек міндет оған.
Отаудан жас баланың үні шығып,
Жүгіріп Томан кемпір келді соған.
От жағып үйді жарық еткен кемпір,
«Бұл не?» деп Айсұлуға жеткен кемпір.
Қараса, бір ұл тауып талып жатыр,
Кіндігін, баланы орап, кескен кемпір.
Жүгірсе «сүйінші» деп, таяқ жейді,
Ол кемпір соны біліп үндемейді.
Баланы әбден жайғап болғаннан соң,
«Қалайсың, Айсұлужан, қалқам», — дейді.
Аздан соң есін жиды сорлы келін,
Байлады күлдарамен кемпір белін.
Бір қарап баласына, кемпірге бір,
Көзінің айтып болмас аққан селін.
Қандарын, жолдас, шелін тазалапты,
Көрпеге киізбенен орап сапты.
Көне ғой күң де болса көпті көрген,
Бәрін де әр нәрсенің сол жайғапты.
Күн шықты, сәске болды, ел де тұрды,
Жоқ еді ешкім білген мына сырды.
Баланың шырылдаған даусын естіп,
Отауға Ханым қатын келіп кірді.
Ұмтылды жас баланы көре сала,
«Өлтірем, ойнастан, – деп, – туған бала».
Қусырып Томан қолын арыз айтты,
Алдына көлденеңдеп тұра қала:
«Өлтірме бұл баланы тектен-текке,
Мұныңыз қисынбайды ашу-кекке.
Басшымыз сол кісі ғой, не дер екен,
Туғанын білдірейік Балқыбекке».
Томан мен Ханым қатын сонда барды,
Балқыбек мұны есітіп ойға қалды.
«Бетіме дұспандарым күнде басар,
Құрғырдың көзін жоғалт», – деп-ақ салды.
«Бай, сізге, – Томан айтты, – арызым бар:
Бұл бала тағдыр айдап туған шығар.
Нәресте жас баланың жазығы не?
Боласың қан жүктеуге неге құмар?
Елу жыл күң қылғаның саған дайын,
Құлдық қып бәрін ұмытып бас ұрайын.
Бала құл, мен күң болсам — екеуміз сай,
Маған бер бұл баланы, асырайын».
«Алсаң ал» дегенді есітіп Ханым тұрып;
Деді: «Сен асырамайсың мұнда жүріп.
Бұл үйде, баланы алсаң, тұрғызбаймын,
Ауылдан көз көрмеске кет қаңғырып!»
«Шының ба, – деді Томан, – ойының ба,
Болады бала қалса қойынымда.
Балқыбек, енді маған бостандық бер,
Қалмасын менің хақым мойыныңда».
Балқыбек азат қылып бата берді,
Отауға Томан кемпір қайта жүрді.
Кетпегін баланы алып айтып еді,
Айсұлу мынаны айтып, мақұл көрді:
«Ей, шеше, сені құдай жарылғасын,
Мен енді ақыреттік қарындасың,
Қалған соң балам тірі, арманым жоқ,
Не болса, бола берсін менің басым.
Бұл бала — Нартайлақтың аманаты,
Атақты Бозша байдың жұрағаты.
Шешеке, сенен қатты тілегім сол,
Баланы соған тапсыр, келсе сәті».
Ол Томан сол ауылдан азық алды,
Емізік, бір сауыт сүт тағы да алды.
«Тапсырам, құдай қосса, Тайлаққа», – деп,
Қоштасып баланы алып кетіп қалды.
Аяңдап Қандығатай байға келді,
Білетін бұрын өзі жайға келді.
Қантекең қойын өзі бағушы еді,
Қоралап кешкі малын жайлап еді.
Жолшыбай дірдек қағып тоңды кемпір,
Кешке кеп сол ауылға қонды кемпір.
Өз жайын, бала жайын байға сөйлеп,
Үш күндей сол ауылда болды кемпір.
Болса да екі ағамның бірі жетім,
Бұл бала өзгелерден ірі жетім.
Тірідей ата-анадан айрылған соң,
Баланың аты болды тірі жетім.
Сапанай — Қантекемнің үлкен ұлы,
Үшқызыл тұмсығына қонған жылы,
Қатыны жесір қалған бір қыз тауып,
Қыз өлген Томан сонда келген күні.
Баланы сол емізген үш күн ұдай,
Кез қылған өлмесін деп оны құдай.
Сөйлелік, бұл тоқтасын, Айсұлуды,
Көрді ме тағы қорлық бұрынғыдай.
Тағы ұрған Ханым оны «жыладың, – деп,
Ойлама енді мұнда тұрармын», – деп.
Боласың, Томан кетті, сен күзетші,
Қонақ үй бұл отауды қыламын», – деп.
Текпілеп «үйден шық» деп, шаштан алған,
Көсеумен шыдай алмай о да салған.
Ханымның ұрған көсеу басын жарып,
Жығылып сол соққыдан талып қалған.
Айсұлу енді ойлаған: «Тірі қоймас,
Қор қылар, не өлтірер – бәрі бір бәс.
Онан да өзімді-өзім өлтірейін,
Бұл өмір болмайды, – деп, – маған жолдас».
Желбауды бұғалықтап қойды жайлап,
«Нартайлақ, аман бол», – деп үш айғайлап.
Бақанды өрлеп шыққан алып тастап,
Мойнына бұғалықты салды байлап.
Есітіп айғайлаған сол дыбысты,
Жүргендер алыстағы жүгірісті.
Буынып өлген қатын, талған қатын,
Үстінен екеуінің келіп түсті.
Аздан соң Ханым есін жиып алды,
Балқыбек ақыл таппай көп сандалды.
Ел білсе, «қашып кетті» демек болып,
Қорымға жаназасыз көме салды.
Айсұлу бұл жалғаннан сөйтіп өткен,
Өгейлік, күндестікпен түпке жеткен.
Әйелдер ол кездегі мал есепті,
Кім сатса, қайда айдаса – сонда кеткен.
Ол өлген бір көре алмай сүйген жарын,
Ішінен тарқата алмай мұң мен зарын.
«Елу, – деп, – ел құлағы» мақал бар ғой,
Естіген Қандығатай мұның бәрін.
Біз тағы сөз басталық Нартайлақтан,
Жолығар қайсысына сор мен бақтан.
«Не қылсам Айсұлуға жолығым» деп,
Бағана кетіп еді-ау Ақтас жақтан.
Жолшыбай бір қойшыдан жөн сұрасқан,
Қойшы айтқан: «Өз жайыңды айт әуел бастан».
Нартайлақ аты-жөнін түгел айтқан,
Бармағын Балқыбекке жасырмастан.
Қойшы айтқан: «Бағың да бар, сорың да бар,
Кез болған керегіңе жоғың да бар.
Айсұлу дүниеден өтті, балам,
Бір ұлың сонан қалған қолымда бар».
Нартайлақ айтты: «Сөзге көңілім сенді,
Аманат тұра тұрсын балам енді.
Оны да білесіз ғой, мұны білдің,
Сүйегін Айсұлудың қайда көмді?»
«Айтайын мен бір ақыл сен балаға,
Қаңғырма сүйек үшін құр далаға.
Үйтастың маңайында бір қорым бар,
Көміпті жаназасыз сол араға».
«Ататай! Сол молаға барам-дағы,
Бір көріп бетін ашып қалам-дағы,
Сізбенен қайта келіп ақылдасып,
Баламды Томанменен алам-дағы».
Соны айтып қамшы басып жүріп кетті,
Тапты да Айсұлуды, ашты бетті.
Бір сүйіп суық беттен қайта жауып,
Аулына Қандығатай түнде жетті.
Қойшыға бұл кеткен соң екеу кепті,
«Ауылы Балқыбектің қайда?» – депті.
Әлгі шал ауыл жөнін айтып беріп,
«Қайтам, – деп, – амандасып» сонда кетті.
Ол екеуі Барғана мен Самсы болар,
Тайлақтың жолын тосып жүрген солар.
«Айсұлу қашып кетті» дегенді естіп,
«Нартайлақ әкетті-ау» деп қайтқан олар.
Қантекең айтқаннан соң түсін, өңін,
Барам деп Балқыбекке кеткен жөнін.
Нартайлақ терең ойға түсіп кетті,
Білген соң Барғана мен Самсы екенін:
«Япырау, неге келді олар мұнда,
Бермек пе Күнсұлуды Самсы сұмға?
Күнсұлу айтып қойып кеткенімді,
Тықпақ па әлде өлтіріп мені құмға?»
Нартайлақ бұл туралы көп ойлады,
Кейде ашу, кейде айламен еп ойлады.
«Айсұлу өлді олардың салдарынан,
Кек алам, құдай қосса» деп ойлады.
Ол сүйтіп отырғанда ойға кетіп,
Кемпір де баланы алып келді жетіп.
«Мынау, – деп, – Айсұлудың аманаты»,
Сүйгізді бетін ашып иіскетіп.
Ол күні тыным алып сонда жатты,
Ел тұрып, ертеңіне таң тағы атты.
Жайланып, тамақтанып болғаннан соң,
Нартайлақ Қантекеңе жауап қатты:
«Көлік пен кісі әкелем үйден барып,
Қайтамын Томан менен баламды алып.
Сүйегін Айсұлудың тастамаймын,
Қоямын жаназалап елге апарып».
Қантекең аз ойланып бас көтерді,
Бір дара ат, бір жолдас пен атан берді.
Дара атқа Томан мініп, баланы алып,
Айсұлу моласына бәрі келді.
Атанға Айсұлуды артып алып,
Еліне «жиылсын» деп хабар салып,
Арулап, жаназалап болғаннан соң,
Басына Тазқызылдың қойды апарып.
Нартайлақ сол арада айтты көпке:
«Ей, халқым, сөйледі деп мені сөкпе!
Самсы ма, мұны өлтірген Барғана ма?
Матай ма, не болмаса мен тентек пе?
Рас, Балға Балқыбекпен баталасқан,
Деген соң «баласы ынжық» қайта басқан.
«Самсыға сатқаныма көнбедің» деп,
Барғана берді обалға қарамастан.
Мен едім Айсұлудың сүйген жары,
Арманда кетті ішінде қайғы-зары.
Өлтірді Ханым қатын тепкісінде,
Самсы мен Барғананың қылғандары».
Ұйлықты қауым бұған жауап таппай,
Кеңесті ақсақалдар сөзді саптай.
Самсы мен Барғанаға хабар салды,
«Берсін, – деп, – көпке жауап үйде жатпай».
Олар да келіп айтты білген дауын,
Тайлақтың бозбастық қып ойнақтауын.
Әртүрлі әрқайсысы жауап айтып,
Бұл сөзге қақ жарылды қара қауым.
Сондықтан сөз аяға шешілмеді,
Талас боп қыздың құны кесілмеді.
Ең түпкі үшеуінің нағашысы,—
Ақсақал Қандығатай келсін деді.
Қантекең бір ұлы еді Бақанастың,
Бақанас батыры еді барша алаштың.
Заты арғын Темірханға жолдас болып,
Ағызған қанын судай талай бастың.
Ділдә еді Бақанастың бәйбішесі,
Көп болған ұлы, қызы, немересі.
Қызықты қыз да болса ерке болған,
Баланың Қазбала еді ең кенжесі.
Тым жақсы ата-анасы көріп еді,
Көп жігіт Қазбалаға жерік еді.
Сұраған талай жасқа бермесе де,
Ұнатып Жәнібекке беріп еді.
Қантекең Қазбаланың ағасы еді,
Сондықтан Үшбозшаға нағашы еді.
Байлады сол айтсын деп ақсақалдар,
Әйтпесе бұл сөзге көп талас еді.
Жиенге нағашысы би болды сай,
Өзге жүрт сөз сөйлемей отырды жай.
Бар дауын үшеуінің тыңдап алып,
Байлады сөзді былай Қандығатай:
«Жазалы Барғана ғой Самсыменен,
Қыстаған ойнас қыл деп қызды неген.
Қосылған өзі сүйіп Нартайлақты,
Демекті жазаласын, жөн көрмеген.
Рас, қазақ қыз алмайды жеті атадан,
Мұны айтқан дінсіз кезде өткен адам.
Қосады немерені шариғатта,
Ақтығы Нартайлақтың – осы арадан.
Айсұлу күйеуіне көнбей кеткен,
Басы бос қыз есепті сол себептен.
Еркімен ер жеткен қыз байға тиер,
Ондайға жарамайды зорлық еткен.
Беріңдер Күнсұлуды Нартайлаққа,
Разылығын керек бірақ сұрамаққа.
Самсы мен Барғана көп айып тартсын,
Барайық құнды сұрай Матай жаққа.
Біз оған күң қылсын деп бергеміз жоқ,
«Не қылдың, не қойдың» деп тергеміз жоқ.
Барлы мен мұны өлтірген Ханым қатын,
Қанды қол онан өзге көргеміз жоқ».
Барғана: «Разымын», – деп құлдық етті,
Самсы: «Мен көне алмаймын бұған, – депті,
Нағашым қазақ жолын қайта бұзды,
Бұл елде тұрмаймын», – деп қашып кетті.
Барғана тоғыз-тоғыз айып берді,
Жасаулап Күнсұлуды алып келді.
Басқаға бір Самсыдан хабар айтып,
Той қылып тойғызыпты Тайлақ ерді.
Қырық құрдас, Самсы қашты, жиып алып,
Жер іздеп жасырынар орын шалып.
Тазқызыл, Балғашоқы арасында,
Аласа Қызылжалға жатты барып.
Елеусіз елсіз су деп соған барған,
Күн көріп, ұрлық қылып жатып алған.
Бөтен жау жататұғын орын емес,
«Қызыл, – деп, – қырық қарақшы» сонан қалған.
Ел қонса Көксеңгір мен Шақпаққа кеп,
Самсы елді шыдатпаған мал ұрлап жеп.
Қаранай сағасында Қараша адыр
Атанған сол себепті «Тектұрмас» деп.
Матайдан ел жиылып құн сұраған,
Жасау мен қыздан қалған пұл сұраған.
«Қалыңмал, ілу, жыртыс алғамыз жоқ», –
Деп даулап, соның бәрін шын сұраған.
Жүгінген Қантекең мен Досқанаға,
Сұраған адам құнын бос қала ма?
«Басы – атан, ең аяғы – сүт тайлақ» деп,
Бұл құнды олар кескен жүз қараға.
Мал таңдап аламыз деп ел өштескен,
Сондықтан әлгі екі би қайта кескен.
«Жартысы мал, жартысы жер болсын» деп,
Байқошқар, Балқыбектен Матай көшкен.
Бұл бітті, тағы келдік Самсы жаққа,
Ол кеткен айып бермей жамағатқа.
Тыңдаушы керек қылар соның жайын,
Ұрды-ау деп не бітімге, неше таққа.
Нартайлақ оны іздеген астыртындап,
Әркімнің Самсы жүрген малын ұрлап.
Елеусіз кісі тонап, иен малды алып,
Шыдатпай Тектұрмастан қарауылдап.
Бір күні жатқан жерін білген Тайлақ,
Қарумен дайындалған жолдас сайлап.
Соқтығып түн ішінде талқан қылып,
Самсының қол-аяғын алған байлап.
Тимеген қасындағы жолдасына,
«Не қылсам қыламын, – деп, – бір басына».
Ет кесіп оң бетінен алақандай,
Сүйретіп алып шыққан қыр басына.
Бетіне көмір жағып күйе сепкен,
Қарабет қыламын деп үйе сепкен.
«Ақтаста мені аямай қылыштаған
Сен бе едің, шыныңды айт», – деп басқа тепкен.
Самсы айтқан: «Рақым ет те күнәмді кеш,
Кешпесең – көп қинамай басымды кес.
Жүргенше қарабет боп өлген артық,
Не өлтір, не кеш-тағы қолымды шеш».
Нартайлақ көңілі толқып көп ойлады,
Кейде аяу, кейде ыза мен кек ойлады.
«Тұрғанда әлі жетіп ашу кешпек –
Адамның ең асылы-ау», – деп ойлады.
Соны ойлап аяды да қолын шешті,
Шынымен екеуі де «кештік» десті.
«Қызғану Айсұлуды айып емес», –
Десті де, дұспандықты мүлде кесті.
«Бірбет» деп онан кейін атанған ол,
Сол аттан кейінгіге қалған бір жол.
Бұл күнде Әбден ауылы қыстап жүрген,
Самсының «Бірбет» деген мекені сол.
Томанды шеше қылған батыр Тайлақ,
Бәйек боп қатты күткен «әжетайлап».
Құнға алған Балқыбекте Томан өліп,
Күмбездеп мола соғып қойған жайлап.
Самсы өлген аз жылдан соң бала қалмай,
Айтылсын аяқ жағы шала қалмай.
Барғана — баласыз шал қой тоғытып,
Сүйегін, суға кетіп, қалды ала алмай.
Қараған ошақ салып, жарда шауып,
Денесін ала алмаған судан тауып.
Өткен соң бір талай жыл бір жиені
«Таптым» деп мола соққан жала жауып.
Тұқымы Үшбозшаның Нартайлақтан,
Қалған жоқ еркек бала өзге жақтан.
Күнсұлу Айдаркені тапқан жолы
Баладан жазым болып қаза тапқан.
Оны да қойған Тайлақ Тазқызылға,
Көремін аңда жүріп әрбір жылда.
Айсұлу, Күнсұлумен елестейді,
Дегендей ишаратпен «біздер мұнда».
Жүрегім көрген сайын кетер жанып,
Білгендей сол екеуін анық танып.
Қорамнан Шақпақтағы көрініп тұр,
Екі оба дәл екі емшек сияқтанып.
Ол оба бұрыннан да болған еді,
Хан Шыңғыс жайлап бұған қонған еді.
Шыңғыстың әскербасы нояндары
Жебенің Сүбетей мен қорғаны еді.
Нартайлақ оның жайын білуші еді,
«Болам, – деп, – мен де ноян» жүруші еді.
Сол жерге екі жарын қойғандығы –
Батырдың орнын құрмет қылушы еді.
Туған жан бір өлмекке тағдыр еткен,
Елуде Нартайлаққа қаза жеткен.
Құр менен Қаранайдың құйғанында
Тайлақтың моласы бар жер боп кеткен.
Шын аты Айдаркенің болған Шақпақ,
Шақпақтан бұзып айтып деген Шақшақ.
Басына айдар қойып Айдарке деп,
Салты бар бір адамға екі ат тақпақ.
Қазақта, ойласаңыз, осындай көп,
Болады жалған аты шын атқа есеп.
Болған соң шашы сары бұзып айтып,
Аталған Тіріжетім — Сарыжетім деп.
Бұл жерден, Тайлақ өліп, ел кеткенде,
Айдарке, Тіріжетім ержеткенде,
Бөлініп Орта жүзден сол екеуі
Кетіпті Кіші жүзге сол кеткенде.
Сол елде Шақпақ пенен Сарыжетім бар,
Айдарке, Шақшақ дейді ондағылар.
Оларды Тоқал арғын деп атайды,
Тұқымы Нартайлақтың, міне, осылар.
Оқыған осы өлеңді жаңа талап,
Мін тағар төрт тарабын бірдей қарап.
Сыртынан сырын ұқпай сыр береді-ау,
«Отыр, – деп, – өтірікті жүндей сабап».
Шынды айттым, не өтірік қисындырып,
Өнеге, тәлім ал деп исіндіріп.
Сөккенмен өлген шалды түк өнбейді,
Айтқанмен сыбыр, өсек сырттап жүріп.
Бекзат
Шәкәрім Құдайбердіұлының Нартайлақ пен Айсұлу өлеңі ұнады
Бекзат
Шәкәрім Құдайбердіұлының Нартайлақ пен Айсұлу өлеңі ұнады