Айсұлу
I бөлім
Таудағы қыз
Айтайын ба, оқушым,
Сұлудың қайда жүргенін.
Көз жасымен түн ұзақ
Өзінен-өзі күлгенін.
Пушкин
Ұлытау бір көркем тау көзді тартқан,
Зеңгерлі, зерлі тасты меруерт таққан.
Түстікте ақ шағала отау тігіп,
Маңқиып солтүстікке сұлап жатқан,
Күлімдеп күміс шыны ұлпаланып,
Оранып қызыл гүлге шешек атқан.
Төбесін төңкере кеп торғын аспан,
Күміс түс алтын нұрлы буын шашқан.
Сұлудың шай көрпесі сықылданып,
Бикештің шырт ұйқыда сырын ашқан.
Ақ бұлт серпіледі кейде кейін,
Тау — келін, жел — беташар мауқын басқан.
Көзі жас, көңілі жарым бір жан келед,
Сол тауға күңіренген даусын қосқан.
Аһ ұрып демалады бірер минут,
Келеді сонша қажып жадап-жүдеп,
Бұралып буынын да баса алмайды,
Шырмалған аянышты жанын сүйреп.
Кездесіп үйшік тастар жақпарлы шын,
Түйе өркеш, қыз емшекті жартастар мың
Шаттиып кекірейген жемсаулы құз
Бауырын көлеңкелеп түспестей күн.
Жарқырап кейбір жерде кереге тас.
Тайғанақ аяқ басып жан жүре алмас.
Жырасын орман қаптап қарауытқан.
Тып-тығыз, тышқан да одан жорғаламас.
Аспанмен таласа өскен ақ қайыңы,
Найзадай шашақ баулы қарағайы.
Тәкаппар теріс бұтақ, теректермен
Қатты емен додырайған доданалы.
Жамылып кейбір тастар қына кілем,
Көк - жасыл көзді тартқан ала жирен.
Төселген торғын жібек сияқтанып
Бауырын айшықтатып түрлі гүлмен.
Меңіреу тау ұзын-ырға сұлап жатты,
Аққан су тау қырынан құлап жатты.
Зарлы ән тау ішінде жаңғырығып,
Тау іші бір қайғылы мұңға батты.
Мұңлы ән мүләйімсіп тербетеді,
Үзгендей жүректегі нәзік қылды.
Жаныңның тереңіне қолын салып,
Қынжылтты жас жүректі қыздың үні.
Кейде өксіп, демін тартып, жасын тыйып,
Кейде өксіп, қаруланып, күшін жиып,
Сызылтып шырқатады зарлы әнін
Жаңғыртып күміс шыңды, тауды биік.
Бір жартас бір жартасқа беріп жатты,
Әні деп жетім қыздың алып - іліп,
Арыстан, аю, қасқыр, жолбарыстар
Мызғымай орнында құлақ түріп.
Таңданып тамаша әнге бойы балқып,
Елеңдеп тұра қалды арқар киік.
Қояндар қорыққаннан жалт берісті,
Жылғаға жымы арқылы жоқ боп сіңіп.
Бір қыран шың басында мүләйімсид,
Аяп ма, отыр екен несін ұғып.
Зарланып есіз тауда шерін төгіп,
Ақ бетін моншақтаған жаспен көміп,
Отырды қына жапқан бір жартаста
Ілініп жылауменен жүріп - келіп.
- Ойға алып құтылудың қалай қамын,
Көрсем деп жазық жердің атқан таңын,
Өртенед іші - баурым есіз тауда,
Қайтейін, қайттім енді, жаным, жаным?
Тұмық тау, тілсіз меңіреу түрме болдың,
Балғын ем балбыраған, жүдеп солдым.
Жасымнан кездесті де бақытсыздық
Мекендеп шыңға түнеп, құзға қондым.
- Құлыным, іші - баурым, — дейтін әкем,
Қамымды сағат сайын жейтін әкем,
Көңілі көншімейтін күнде сүймей,
Қайтейін, сорлы әкем, сорлы әкем?!
Не зарлы, бәрінен де ана зарлы,
Ана үшін ол бейбаққа бала зарлы.
Артында бала өлгенде қалса ана,
Аяныш ана халі сонда зарлы.
- Сорлы анам, не күйде өтті, нені көрді?
Улы өмір уысында жанын берді.
Арқасы тесілгенше қап арқалап,
Мал сауып, құрт қайнатты, тезек терді.
Ақылын ақ сүтімен құйған ана,
Моншақ тас жас қызына жиған ана.
Қор қылмай жас ботасын өсірмек боп,
Тұрмысқа аш-жалаңаш сыйған ана.
Тікенек улы өмірді көрген ана,
Бала үшін барлық жанын берген ана,
Қорлықтан көпіршіген қан көрсе де,
Құлынын шығармаған тілден ана.
Қамқоршы өз-өзінен туған ана,
Өмірі, жаны, тәні оның — бала.
Бала үшін іші - бауры жанып - күйіп,
Қорықпас қызыл өрттен, судан ана...
Осы ойға кеткен шомып сорлы жанды,
Кенеттен шошындырды бір сыр тағы.
Алтын күн нұрын шашпай, перде киіп,
Ашумен қабақ түйген сияқтанды.
Түнеріп күн бүркене қабақ түйді,
Үстіне қара бұлттан киім киді.
Желденіп, дауылдана бұрқай соғып,
Қу құйын, тұл табиғат күшін жиды.
Қозғалып ақырғандай тау тәңірі,
Зуылдап ысқыра кеп құйды зәрді.
Алай-дүлей қап-қара боран соғып,
Жер-көкпен айқасқандай күштің бәрі.
Тау басы дүлейленіп түйлікті аспан,
Жын соғып секілденді жанталасқан.
Буырқанған қатты дауыл қаһарынан,
Тарс та тұрс дауыс шықты жансыз тастан.
Құз сүзді қатты күшпен шынды барып,
Тас құшты төмен құлап, домаланып.
Сұлу шың сатыр-сұтыр сынып жатты,
Бір күштен бір күш асып, ызаланып.
Тау шіркін ызғарланды, ішін тартып,
Тау шіркін су-су етті, толқып, шалқып.
Шөп шіркін басын изеп елді қақты,
Жел шіркін. жүнше сабап, қарпу қарпып.
Қара құс қанат қақпай қалды қалқып,
Лашын құс ілгері ұшпай кетті шалқып.
Бөктергі, күйкентайлар бас сауғалап,
- Мұнан, — деп құзғын шулап, — өлім артық.
Ор қоян шоқаң етіп орға құлап,
Өзенге арқар киік кетті шұбап.
Арыстан ашуланып тұрса-дағы
Шегінді сол батыр да жанын қорғап.
Жел кезіп, ыңыранып үдей түсті,
Шың - жартас одан сайын құлай түсті.
Әлдене көкте күшпен гүрілдейді,
Апырмай, жаратылыс неткен күшті?
Аспан көк гүрілдеді, қарқындады,
Ақ бұршақ атқан допша томпылдады,
Нөсерлеп қоса қабат жауын құйып
Аспанда от әлденеден жарқылдады.
Сындырып ағашы мен тасын - дағы,
Қар, жаңбыр, жел мен дауыл басылмады.
Көпірген көл болсаң да бір қоярсың,
Бір асау бола тұршы осындағы.
Тау солай дүлей талқан бола берсін,
Тас сынсын, нөсер құйсын, аңдар зеңсін.
Мен үшін тағы аң, тау қызық емес,
Мейлі өлсін, мейлі жансын, мейлі күйсін.
Тек қана аяғаным жетім қыз ед,
Адасып осы тауда зарлап жүр ед.
Не күйде, әлде өліп қалды ма екен?
Деймін де іздеп оны тапқым келед.
Аш сырын аштық дәмін татқан білед,
Шерленген жетім сырын жетім білмек.
Сондықтан жүрек шіркін қобалжиды,
Аман-сау қалса екен деп тілек тілеп.
Тау тулап, дүлейленіп жынданарда,
Күн кіріп бұлт астына ұрланарда,
Отырып сорлы жетім демалып ед,
Масаты тас пердесі көк қынаға.
Жүріп кеп қына тасқа тоқтағанда,
Меңіреу тау ыңыранған ішін тарта,
Жетімді алай-дүлей қуған құйын
Жөнелген тастан - тасқа домалата.
Түк білмей есі шығып, дәнеңе ұқпай,
Аһылап, қолын сермеп, демін жұтпай.
Бір құлап, бір жығылып меңіреу күштен,
Домалап кете берген еш үн шықпай.
Жыны тарап, долы қарт ашу басты,
Бұлт ыдырап, түнерген пердені ашты.
Кеудеге ай, үстіне жұлдыз қадап,
Қара жібек киінді аспан көшті.
Маужырап, мәпеленді тау арқасы,
Өсімдік гүлге оранды көктеп басы.
Аңқытып әтір майын құйған қызша,
Иісін бұрқыратты тау аршасы.
Тал, қайың, тау еркесі сылаң қақты,
Сусындап ажар кіріп шешек атты.
Алтын түс көк жапырақ балаусадан,
Ұнамды жарқыратып сырға тақты,
Табиғат тыпа - тыныш бола қалды,
Самал жел сипап қана қайың, талды.
Бір тыныш дегендей - ақ басын иіп,
Іздеуге жол бергендей сорлы жанды.
Үйшік тас көк аласың, оң жағаңда,
Жамылып қына барқыт қызыл шұға.
Беткейге жабысыпты домаланып,
Сол шынның енші берген отауынша.
Жазылған тасқа жазу өрнекпенен
Арабша қол қойылып былай деген:
«Бұл жерге Кенесары түнеген кеп,
Аң аулап жүргенінде адасумен».
Және де тағы аңдардың суреті,
Қарулы екі батыр тұр келбеті.
Тек қана қына басып анық емес,
Әйтпесе тым тамаша ою көркі.
Ғажайып қарап тұрсаң сол бір шыңға,
Жабысқан таудың барып бауырына.
Асты үңгір, есігі бар дөп-дөңгелек,
Жол барған сораптанып ауызына.
Аузы тар, түбі терең, кен боп кеткен,
Аң қиы аузын басып жол боп шөккен
Үңгірдің қүлімсіген иісінен,
Жүрмес жан тек болмаса жапа шеккен.
Қапалы қараңғы іші тұнжыр тартқан,
Басқандай ауыр түнек миллион батпан.
Ауыз жақ төбесі ептеп қазылыпты,
Тек қана сол жарықтан күн тіл қатқан.
Үңгірдің босаға жақ аузында,
Селкілдеп шошып түсіп анда-санда.
Іздеген мөлдір кезім осында отыр,
Бірақ та әлі құрып талықсуда.
Бейшара жанталасып қақтыққанда,
Жынданып, тау итеріп, тас жыққанда.
Сорлы жан осы үңгірге келген ғой кез,
Қарманып таудан шипа, іздеп пана.
Демалып жаңа үңгірде отырғанда,
Мейрімсіз меңіреу күштен құтылғанда,
Қызыл көз бір бәлеге көзі түсті
Үңгірдің жатқан түпкі алаңында.
Ентелеп жатып көзін қадап қызға,
Болғандай есіл-дерті жеуге қызды,
Орнынан атып тұрып бас салардай,
Қарашы қорқау қасқыр жатқанына
- Бәрінен мына жауыз жанға батты,
Апырай, көзқарасы неткен қатты!
Жас жаным жай табатын келді-ау кезі,
Алдымнан душар етіп аңнан жатты.
Ұмтылса мені онда жегені ғой,
Ол сұмда менен басқа жоқ шығар ой.
Көмілген көрдегіні жейтін көкжал
Қалайша қалар маған ұсынбай бой.
Жегені - ау мен сорлыны жемтік етіп,
Көзі қалай жаман ед, барады өтіп.
Ұмтылса жейді мені басқа не бар,
Өлімге тұр шынында көзім жетіп.
Жас денем уылжыған қызыл қан боп,
Жанымды шымырлатты түскендей шоқ.
Аузына қорқау қасқыр түсемін мен,
Өлемін, дүниеден боламын жоқ.
Қалайша қасқыр қалар ауыз салмай,
Қару бар қарсы тұрар менде қандай.
Қай жақтан осы үңгірге келдім екен
Қырсығы арылмаған мен сор маңдай.
Өмір - ай, айналайын шырын балдай,
Жастай-ақ, қоштастым - ау дәміңді алмай.
Мазақ боп итке, құсқа, ұры-қарыға,
Арманда қор боп өткен жас жаным-ай,
Деп ойы елестетіп елімді алға,
Ентігіп есі шығып отыр зорға.
Шырмалып шықпай жаны қорқыныштан,
Оралып өлім торы — азап торға.
Кім білсін, ұмтылмасын аш қасқырдың,
Кім білсін, қанданбасын сорлы жанның.
Сілкілеп жас денесін қарбытып жеп,
Кім кепіл, ақпасына қызыл қанның.
Осы кез үңгір іші қап - қараңғы,
Түспейді сәулесі де жарық айдың.
Қараңғы, қара түнде түсі қашып,
Булығып жылауын - ай қалқатайдың.
Сөйткенше дабырлаған екі адам,
Үңгірге таяп қалды басып қадам.
Қуанып, — адам, адам, — деді ақырын.
Деген ой басқа келіп, — мен құтылам.
Және де тағы аңдардың суреті,
Қарулы екі батыр тұр келбеті.
Тек қана қына басып анық емес,
Әйтпесе тым тамаша ою көркі.
Ғажайып қарап тұрсаң сол бір шыңға,
Жабысқан таудың барып бауырына.
Асты үңгір, есігі бар дөп-дөңгелек,
Жол барған сораптанып ауызына.
Аузы тар, түбі терең, кең боп кеткен,
Аң қиы аузын басып жол боп шөккен
Үңгірдің күлімсіген иісінен,
Жүрмес жан тек болмаса жапа шеккен.
Қапалы қараңғы іші тұнжыр тартқан,
Басқандай ауыр түнек миллион батпан.
Ауыз жақ төбесі ептеп қазылыпты,
Тек қана сол жарықтан күн тіл қатқан.
Үңгірдің босаға жақ аузында,
Селкілдеп шошып түсіп анда-санда.
Іздеген мөлдір көзім осында отыр,
Бірақ та әлі құрып талықсуда.
Бейшара жанталасып қақтыққанда,
Жынданып, тау итеріп, тас жыққанда.
Сорлы жан осы үңгірге келген ғой кез,
Қарманып таудан шипа, іздеп пана.
Демалып жаңа үңгірде отырғанда,
Мейірімсіз меңіреу күштен құтылғанда,
Қызыл көз бір бәлеге көзі түсті
Үңгірдің жатқан түпкі алаңында.
Ентелеп жатып көзін қадап қызға,
Болғандай есіл-дерті жеуге қызды,
Орнынан атып тұрып бас салардай,
Қарашы қорқау қасқыр жатқанына.
- Бәрінен мына жауыз жанға батты,
Апырай, көзқарасы неткен қатты!
Жас жаным жай табатын келді-ау кезі,
Алдымнан душар етіп аңнан жатты.
Ұмтылса мені онда жегені ғой,
Ол сұмда менен басқа жоқ шығар ой.
Көмілген көрдегіні жейтін көкжал
Қалайша қалар маған ұсынбай бой.
Жегені - ау мен сорлыны жемтік етіп,
Көзі қалай жаман ед, барады өтіп.
Ұмтылса жейді мені басқа не бар,
Өлімге тұр шынында көзім жетіп.
Жас денем уылжыған қызыл қан боп,
Жанымды шымырлатты түскендей шоқ
Аузына қорқау қасқыр түсемін мен,
Өлемін, дүниеден боламын жоқ.
Қалайша қасқыр қалар ауыз салмай,
Қару бар қарсы тұрар менде қандай.
Қай жақтан осы үңгірге келдім екен
Қырсығы арылмаған мен сор маңдай.
Өмір - ай, айналайын шырын балдай,
Жастай-ақ, қоштастым - ау дәміңді алмай.
Мазақ боп итке, құсқа, ұры-қарыға,
Арманда қор боп өткен жас жаным-ай,
Деп ойы елестетіп елімді алға,
Ентігіп есі шығып отыр зорға.
Шырмалып шықпай жаны қорқыныштан,
Оралып өлім торы — азап торға.
Кім білсін, ұмтылмасын аш қасқырдың,
Кім білсін, қанданбасын сорлы жанның.
Сілкілеп жас денесін қарбытып жеп,
Кім кепіл, ақпасына қызыл қанның.
Осы кез үңгір іші қап-қараңғы,
Түспейді сәулесі де жарық айдың.
Қараңғы, қара түнде түсі қашып,
Булығып жылауын - ай қалқатайдың.
Сөйткенше дабырлаған екі адам,
Үңгірге таяп қалды басып қадам.
Қуанып, — адам, адам, — деді ақырын.
Деген ой басқа келіп, — мен құтылам.
Үңгірдің алдына кеп тұрып бірі,
- Жүр едім өлтіре алмай көптен бері,
Дегені құлағына сарт етті кеп,
Суық сөз жас сұлуға тағы міне.
Тітіреп жас жүрегі дамыл алмай,
Мұздай боп кетті сонша тұла бойы,
- Бұлар — бандит, кісі өлтіргіш,сұмдар екен,
Дегенге бір-ақ барды қыздың ойы.
Кесілген салбыр атып бір қыз басын,
Уыстап, қолмен ұстап қара шашын.
Жып-жылы қара қанын тамшылатып,
Қандатып тұрды жауыз үңгір тасын.
Үңгірге кіре беріп керілдесті,
Жоғалтып кескен бастың, бір сырғасын.
Не деген қаны қара жауыздар бұл,
Аямай басын кескен шіркін жастың.
Сырға үшін қанжар жұмсап жас сұлуға,
Ағызған қара көзден қанды жасын.
Адамның айуаны қаны тасып,
Үңгірге кіріп келді дабырласып.
Сорлы жан қорыққаннан ұшып тұрды,
Орнынан не қыларын білмей сасып.
- Айтшы сен үйден басты қалай алдың,
Қанжарды қай жағынан барып салдың?
Мен - ақ үйге кірейін деп ем мана,
«Мен барам», — деп қалшылдап тұрып алдың.
Ала алмай қолың жеткен қос сырғаны,
Екеуінің біреуі жоғалғаны.
Орынсыз ыңғайсызсың ылғиында
Іздеуіміз керек қой барып тағы...
- Үйге кірсем керіліп кербез бикеш,
Төсекте жатыр екен арда алшын төс.
Боз жігіт бірге жатыр құшақтасып,
Әнеугі болатұғын менімен өш.
Сұлуды қимай тұрдым ақ маңлайлы,
Көзіме елестетіп көктегі айды.
Дегенмен аңдып барған қасым кез боп,
Қанжарға бердім кезек айтып жайды.
Екеуінің басын да қабат қырқып,
Қыз басын жүгіргенде ала ұмтылып,
Түсіп сырға қалмаса мен білмеймін,
Кетіп едім секіріп, жылдам зытып...
- Сырғасыз емес менің көңілім тынар,
Беруге атаманға едім құмар.
Қарашы көп сумма ғой алтын сырға,
Қоржында басты салған қалған шығар.
Екеуі дабырласып кірді үңгірге,
Қараңғы, қара үңгірге қара түнде.
Қанжарын қолдарына мықтап ұстап,
Барады бұғып - кіріп тығып жеңге.
Алдынан біреу – міреу келсе кезге,
Сол қанжарды апырмау сала ма әлде.
Әйтпесе барып мұнда сорлы қыздың,
Білді ме, қанжарларын алды неге.
Қоржынды бірі арқалап, бірі басты ап,
Алақтап жан-жағына кездерін сап,
Үңгірге кіріп кетті екі жауыз,
Қанжарын жарқылдатып қарсы ұстап.
Әркімге жан тәтті ғой осындайда,
Не келмек жаннан басқа сонда ойға.
Қысылып, қымтырылып қыз бейшара,
Жабысып қабырғаға тұр ғой, әне.
Екеуі қызды бірақ көре алмады,
Қараңғы мүмкіншілік бере алмады.
Кішкене саңлаудан ай сәулесін
Үңгірге әлденеден себе алмады.
Екеуі өтіп кетті қыз жанынан,
Қыз сонда демін алды қуанғаннан.
Енді ойлап тұрғанында құтылуды
Жарықтан сумаң етті сарбас жылан.
Түбінде қараңғы үңгір жатқан көкжал,
Оқ тиіп бар сүйегі болып дал-дал.
Сіресіп тұла бойы жатыр еді,
Адамнан құтылуға таппай амал.
Шама жоқ қозғалуға іші жанып,
Жан-жаққа тұла бойдан қаны ағып.
Аш қасқыр бұралумен жатқанында,
Қанжарлы екі адам барды қалып.
Арс етті қасқыр сонда екі адамға,
Ұмтылды екеуі де қанжарды ала.
Иреңдеп түпке қарай барып қалған,
Ыс етті айбат шегіп оқ жылан да.
Алысқан жылан, қасқыр, қанішерлер,
Бір-бірін иә жеңбес, иә жеңер.
Біз үшін қызық емес аң алысы,
Қыз жайын теріс болмас айтсақ егер.
Қасқыр мен екі адам алысқанда,
Ала алмай бір - бірісін жарысқанда,
Тоқпақтай қара шұбар жылан жетіп,
Ысылдап оларменен табысқанда.
Үңгірдің есігінен тез-ақ шығып,
Бір тұрып, жүрегі ұшып, бір жығылып.
Әрең деп тысқа барып жетіп еді,
Алқынып булыққан жан дымы құрып.
Аңырып, айыра алмай оңын - солын,
Қайда қаңғып кетерге білмей жолын,
Айлы түнде тасты өрлеп келе жатыр,
Қайғылы, айтып болмас халін оның.
Шаршап кеп қына тасқа отырды ол,
Құз - шыңнан түн ішінде таппады жол.
Алдынан жылан, қасқыр түрі елестеп,
Құрылып жатқандай боп бір шынжыр тор.
Әл құрып, көз жанарын бұлдыратты,
Елестеп жылан түрі шиыршық атты.
Қаныпезер қан уыстап тұрғандар кеп,
Жас жанын онан сайын шымырлатты.
Тірі жан түнде жын боп көрінгендей,
Маңайы жын-шайтанға көмілгендей,
Жас жаны қайғы-шермен шіріп толып,
Жүректің ыстық қаны төгілгендей.
Қорқыныш жас баланың ойын бермей,
Қазылған тас қараңғы суық кердей.
Алдынан жылан, қасқыр өтіп жатты,
Жүрегін жалмап - жұтып кеудені өрлей.
Бір кезде тау арасы ың-жың болып,
Гуілдеп түсініксіз шуға толып,
У да шу, айғай да айғай болып кетті,
Жын-пері жатқандай боп көшіп-қонып.
У да шу, азан-қазан таудың іші,
Түсінбек бұл ызыңды қандай кісі.
Қыз сорлы жүрегі ұшып аянышта,
Түнеріп, сескенгендей солды түсі.
- Дейтұғын жезтырнақ бар таулы жерде,
Кісіні өлтіретін түссе көзге,
Адамның жанына ол құмар дейтін,
Алуға арбап - алдап көзбе - көзде.
Ер қара мерген тауда аң аулап,
Бірнеше киік атып, арқар байлап,
Аң етін атып алған күлге аунатып,
Отырған от басында жүзі жайнап.
Сексеуіл шатыр-шұтыр жанып маздап,
Көк түтін көкке өрлеп, бұлтты қозғап.
Ер мерген хабарсыз боп еш нәрседен,
Етін жеп жатқанында тойын тойлап.
Бір сұлу сылқ-сылқ күліп келмеді ме,
Ғашықтай уәдесін қойған байлап,
Таудағы түн ішінде түнеп жатқан,
Мергеннің алмақ болып жанын арбап.
Сайқалдың жезді тырнақ жегі екенін,
Ер мерген біліп, қамдап оғын қармап.
Жезтырнақ енді баспақ боп тұрғанда,
Саусақтан атып қалған мерген толғап.
Түсіп қап жезді саусақ от басына,
Жезтырнақ қашпады ма қаны саулап?
Мен сорда мылтық түгіл, пышақ та жоқ,
Кездессе мен не болмақ, ол не қылмақ?
Жетім қыз жеке жүріп тау ішінде,
Қысылып қорыққаннан жан үшін де.
Есіне түсіріп еді пері жынды,
Халыққа ертек болған ертесінде.
Қайтсін - ай, бүкіл тауда бір - ақ өзі,
Не біледі, неге терең жетеді көзі?
Қазіргі алпинист қыз болар ма еді,
Тау тәңірі қала тұғын болып мезі!
Нақ түннің болғанында орта кезі,
Жаман түс, ұсқын пішін еткен мезі,
Ақыры қажып барып ұйықтап кетті-ау,
Күлмиіп қарақаттай қара көзі.
Айқасу
I
Жыланша ирелеңдеп шығыс жақтан,
Сұлудай шолпы тағып бұраң қаққан,
Екі өзен Ұлытаудан айрылысып,
Оқа боп, оңтүстікке төмен аққан.
«Қосшоқы», «Ақпанбетке» амандасып,
Бұраңдап күміс суы батыс тартқан,
Шешіле шеңберленіп жарыса ағып,
Түйіскен тік түбектен екі жақтан.
Албасты жарыса аққан қоя тұрып,
Түселік Қызылжардан сылдыр қаққан.
Қызылжар Қос шоқының жиегінен,
Теңесіп түркпеннің кілемімен.
Нуланып бұйра орман сағым басып,
Тараған Ұлытаудың сілемінен.
Көлбеңдеп күн батысқа жоғары өрлеп,
Асады батыс жаққа ирелендеп.
Ну орман, қалың тоғай, таныс.маған,
Буалдыр бурылданған көркін сәндеп.
Шалғыны ұйысқан бір бейне жібек,
Жауқазын жапырағы түр мәнерлеп.
Сәндігі сәнділердің гүлге оранған,
Ойлайсың бар сұлулық осында деп.
Кілемдей ортасына ою қойған,
Бүлдіршін бүлдеге ұқсап жібек тордан,
Өлшеусіз өзен бойы құлпырады,
Шабыны — шашақ, оюы — жауқазыннан
Бүлдірген қарақаты моншақтайын,
Салбырап мәуесінен тұрған сайын,
Үзіп жеп үзімдерін үлбіреген,
Аралап шыққың келмес ен тоғайын.
Байлығы табиғаттың адам үшін,
Тек сырын табиғаттың біл де түсін.
Табиғат бағынып кеп басын имек,
Жұмсаса егерде оған адам күшін.
Сіміріп табиғаттың тәтті балын,
Төсеніп төрт-бес үйі жібек шалғын.
Өзеннің оң жағында отыр әне,
Оранып ну орманын, қалың талын.
Жанған от шеткерірек қараша үйден,
Жылтырап көрінеді торғын түннен.
Алға алып кешкі шайын қарт Ахмет,
Отыр ғой от басында жалғызымен.
Бір тыныш адам еді Ахмет шал,
Жан еді жуас мінез көңілі адал.
Ақ көңіл аталық бар қасиеті,
Адал жан аз нәрсеге етпес амал.
Ақаңның жалғыз қызы осы Әйкеші,
Адалдан жалғыз сиыр, үш ешкісі.
Күресіп келе жатыр сұм өмірмен,
Кеткенмен әлдекімде ертеде өші.
Ата үшін басқаша ғой бала жөні,
Қартаймас карт жүректің бала емі.
Баласыз қарт атаның көңілді боп,
Кім айтар, бар ма, сірә, жүрген жері.
Бір сүйсе жалғызын қарт демалғандай,
Қызықсыз онсыз өмір деген қандай.
Ол үшін отқа түсіп күйіп жанбақ,
Атаға баласыз күн қайғы зардай.
Екеуі әкелі қыз күңкілдесіп,
Шөлдеген жаңа болды шәйін ішіп.
- Байлар ма — шаршап жүрген жатып қалды
- Тұратын шай артынан еті пісіп?
Бейшара әкелі - қыз жатып қалды,
(Қызы ғой шаршатпайтын сорлы шалды).
Қыз арқан, ата ол боп ұйықтай берсін,
Сөйлейік сырттағы бір торуылды.
II
Қосшоқы қойынынан бұлақ ағып,
Иреңдеп Қызылжарға құяды барып.
Жалтырап төскейінен аққан суы,
Дегізед күмістен тұр алқа тағып.
Алқалы Қосшоқының жырасында,
Бір адам отыр жалғыз қыр басында.
Жыраның жықпылында 20-30 ат,
Ерттеулі қаңтарумен тұр осында.
Жарқырап ер басында қылыш, мылтық,
Секіріп тұрмайды аттар аспанға ырғып.
Ат даяр, сайман сайлы сапталыпты,
Кеткендей мыңды құртып, жүзді қырқып.
Алтын ер, күміс жүген, өмілдірік,
Сауыр тоқым, құйысқанын төгілдіріп,
Ақ боз ат аспан құшып алдында тұр,
Дегендей ел бүлдіргем нем бұзық.
Дарақы бір қара сұр айқай сала,
Аттардан қаңтарулы арман дара,
Ішінде бір топ адам көпіруде.
Қылышын сермеп сөйлеп топты жара:
Атаман бұл сұмырай осыларда,
Бас болған бастығы осы қосыларда.
Атақты қарақшы боп елден шыққан,
Қарсы боп өкіметке осы маңда.
Қожаның баласы еді Халел деген,
Жер соғар алаңғасар мыңды жеген.
Білініп зұлымдығы айыпталған,
Қашқынбай қара ниет әкесімен.
Босанып қашып шығып қамалудан,
Ұлытау байларына кеп қосылған.
Қосылып соларменен елді шауып,
Байлармен табыспақ боп Қарақұмнан.
Ептісі атты саяқ басын қосып,
Қорған боп қашқан байға, сыртты тосып,
Қанішер жауыз таптың құрандысы,
Екшеліп шығып жүрген сыртта босып.
Жиылып жайлауда анау отырғандар,
Кешкісін Қарақұмға кетпек көшіп.
Түн бойы көшіп-қонып Ұлытауға,
Тау ішін паналамақ басты қосып.
Байлардың әрекеті аз болды ма,
Алдында боп тұрғанда өлім бесік,
Ерте - ақ құлақтанып конфескені,
Қашуға бет түзеген сөзді кесіп...
- Мен, міне, — деді Халел, — бастықтарың,
Жігіттер, сендермен бір менің жаным.
Атаның намысы үшін жүрміз, міне,
Жөн кезіп сақтамақ боп туыс арын.
Конфеске деген тағы шықты хабар,
Жер-су мен ата қоныс малды алар.
Ата-ана қорлық көрген қаралы жан,
Ер азамат деп келіп бізді табар.
Ал, жігіттер, бұл міне, ақырғы түн,
Қарақұмда болмақпыз бірісі күн.
Онда бар нелер қару, нелер батыр,
Қамданған күшін жиып аруақ үшін.
Бас сауғалап қашуға қайнап қаным,
Сондықтан да бір істі еске аламын.
«Құның жоқ қырың кетсе» дегендейін,
Бір қыздан түскені бар өмірде арым.
Ахмет деген шалдың қызы бар бір,
Жоқ шығар адамзатта ондағы түр.
Он рет сөз салдырып, өзім бардым,
Не керек әкесі оның болмай-ақ жүр.
Мен енді басымды имен, болмай мың қор,
Алдымнан кездессе де қазылған ор.
Бүгін түн алып кеткім келеді оны,
Көнсе де, көнбесе де көрсетіп зор.
Осы ойын айтқанда ол «жендеттерге»,
Сыпыра арам пейіл қанішерге,
- Халеке, сұлу жағын маған бер, — деп
Бастады әңгімені бір елірме.
- Он беске келгеннен соң қыздың жасы,
Тұрады сөз қылуға оның басы.
Ойлап ем сізге пар деп әнеугіде,
Көзіме түскенінде қара қасы.
Өзі де адамзаттың перизаты,
Білемін Айсұлу ғой оның аты.
Қолға егер сондай сұлу түсе қалса,
Емес пе жанға шипа көңіл шаты.
Немене Хакең айтса барамыз біз,
Ол қызды барамыз да аламыз біз.
Не сөз бар құр таласып тұра тұғын,
Аттанып түнде қайын табамыз біз!
Дегенде шу етісті дұрыс десіп,
Хакеңе де бөтен демей бас игенсіп.
- Баста, — деп елірмеге бұйрық етті,
Соқпақ боп алтайыны болса несіп.
Дүрлігіп түн жамылып қарақшылар,
Бет түзеп, Айсұлуға ауып назар.
Аттанып Қосшоқыдан жүріп кетті,
Кім білсін қирата ма, атар, шабар?
III
Сұлу түн кұшағына ап табиғатты,
Шомылтып тәтті ұйқыға адамзатты.
Маужырап жел де еспей ескектеліп,
Тыныштық, тынымды алып әсем қақты.
Ай жүзіп, аспанды өрлеп бұлтқа батты,
Қалқыды кейде жүзіп көрмей қақты.
Кей-кейде жымың етіп, шытыра жұлдыз,
Айменен қоса парлап ол да ақты.
Тоғай да мүләйімсіп, маужырапты,
Төгілген күмістей су сылдырапты.
Өсімдік — көк жапырақ, балғын төсек,
Балауса, басын иіп балбырапты.
Ақаңның ауылы да тынық түнде,
Тыныштық қойнына еніп көппен бірге.
Кең байтақ, табиғат тұр нұрын шашып,
Боянтып түнгі самал түрлі түрге.
Қотанда аз ғана мал күйсеп бырт-бырт.
Мекіреніп құндыздайын жүні жылт-жылт.
Демалып жатты жайлы жануарлар,
Табиғат тәтті өмірін бойға нәр ғып.
Maң төбет анда-санда бір мыңқ етіп,
Кілмиіп тәтті ұйқыға есі кетіп,
Ақаңның іргесінде жатыр еді,
Арсылдап атып тұрды неге жекіп.
Сау етті салт аттылар ауылға аңдай,
Жарқылдап жарақ - сайман жын қуғандай,
Ауылға келе ойран салды дерсің
Ес кетіп, пері соғып жын ұрғандай.
Шапқылап аз ғана үйді алай-бұлай,
Қорқыта мылтық атып, қылыш жұмсай,
Адамын дүрліктіре, малын қуып,
Сілтеуде найзаларын толғай - ырғай.
Қамалап әрбір үйді төрттен - бестен,
Шығарып үйдің ішін астан-кестен
- Қызды тап, қайда қыз? — деп іздеумен жүр,
Қиратып аяқ-табақ арсыз күшпен.
Шырылдап бөбек шошып бесіктегі,
Үрей боп қатын-бала кетті есі.
Абыржып ер азамат сасып тынды,
Қарусыз тиген жауға етпек нені?
Тиді жау көрінгенді турап кесіп,
Қой-ешкі үркіп кетті елерісіп.
Қозы-лақ көгенінде буынып қап,
Бұзаулар белдеуді үзді өкірісіп.
Арсылдап, шулап жатты, ит ұлысып,
Кемпір-шал кешкі асын жатты құсып.
Туырлықты сыр-сыр етіп алмас қылыш,
Аямай сырылдатып турап кесіп.
Денені бір нәзік үн шымырлатты,
Қынжылтты адамзатты, табиғатты.
Шер болған шіркейіне сорлы атаны,
Жауыздар жерге салып теуіп жатты.
Қамалап қарттың үйін жаулар алып,
Байғұсты байламақ боп, арқан, салып,
Көтеріп Айсұлуды бір-екеуі,
Халелге бермек болды алып барып.
Сорлы қарт қызын көріп, жылап - налып,
Жұлқынып жауға ұмтылды ызаланып.
- Неткен жан, жан ұшырған есалаң, — деп,
Қылышпен Халел қалды салып-салып.
Бөлінді мылжаланып домалақ бас,
Қан шапшып, суша ағып, ми аралас,
Сылқ етіп, қайран сабаз құлай кетті,
Денесі селк-селк етіп ана қараш.
Қызыл қан сел боп ағып, жаны шықпай,
Селкілдеп, тітіренді дәнеңе ұқпай.
Тілі келмей жалғызының атына да,
Қадірлі қарттың қанға боялуы - ай.
Қалайша шыдар жаның қанды өлімге,
Нақ туған әкең болса, болмай өңге.
Неткен жан шыдап тұрар мұндай іске,
Қалайша қан ұйымас жүрегіне.
Ыңырсып өліп жатты қыз әкесі,
Бұлқынды байлаудағы қыз денесі.
Шыдамай әкесінің өліміне
Құлады ер алдынан шығып есі.
Өңгеріп қызды Халел шырылдатты,
Құлшынып, кейін қарай бұрды атты.
Аң мінез, адам пішін сыпыра зұлым,
Қызды алып, масаттанып кейін қайтты.
Қан жосып, адам өліп, кұс жүн ұшып,
Үй сынып, малдар үркіп, шаңырақ түсіп,
Жау шауып, ауыл ойран болып қалды,
Қызды алып, бандит кетті шаттанысып.
IV
Топ-топ боп екі жерде, тауда түнеп,
Ылғи жас палуан, дене құрыш білек.
Жауынгер қызыл ерлер, ерке қыран,
Болатқа суарылған, батыр жүрек.
Жас ұрпақ алғыр батыр, асыл түлек,
Қажырлы қорықпайтын елге тірек.
Отанның қорғаушысы қызыл әскер,
Кешеден тауда жатыр тізгін тежеп.
Қос жартас арасында түн ішінде,
Екі әскер назар салып көз ұшына,
Қажымай тасаланып бұғып отыр,
Не бар, не жоқ көз жіберіп өрісіне.
Бұл екеу біздің әскер қарауылы
Отырған биік жерде байқап жауды.
Демалып қалғандары шырт ұйқыда,
Командир тұр тұйғындай жібек баулы.
Сезгендей шегірткенің шырылын да,
Бөленіп сұлу түнмен алтын нұрға.
Сүйкімді таза ауаны қанбай жұтып,
Чекистер сергек отыр қалыбында.
Нұрланған көк өсімдік толып жылға,
Толғанын он бестегі туған айға
Ұқсайды арша аңқып талы — қызға,
Жапырағы бейне алтын құлақ сырға.
Тау тегі тарылмайтын бір кең сала,
Сәйкеседі жауға да, жай адамға.
Маңқиып тура бермек қабақ қақпай,
Не паңдар келгенмен, нелер арда.
Ескі сыр қалыбында тау сілейіп,
Не күлмей, не жыламай яки кейіп.
Тек түнді жамылумен ұйықтап жатты,
Тым үлкен ұзын ырға төсін керіп.
Тау шипа паналайтын әркімдер – ақ
Аң болсын, адам болсын бас сауғалап.
Сондықтан біздің ерлер күтіп отыр,
- Бандиттер, — деп, — осында қорғаламақ.
Жазыққа екі батыр көздерін сап,
Түртісті бір - бірісін бір нәрсе аңдап.
- Бірақ та әлі қашық, бірталай жер
Келеді, — десті олар, — бір шақырым - ақ.
Заставаға барып бұлар хабар берді...
Сап түзеп командирдің соңына ерді.
Бандиттер бет түзеген жырашыққа,
Доғаша дөңгеленді жоқ боп сіңді.
Командир қырағырақ таса жерде,
Көзін сап келе жатқан бандиттерге,
Бейне бір таң бүркіті сияқтанып,
Отырды көздерін сап төңкерілте.
Бандиттер шұбатылып, көптігі итше,
Адам ба әлде мал ма, кешкен көш пе?
Әйтеуір қонып жатты жыраға кеп,
Мысалы құзғын құсап қонған етке.
Асығып әскерлер тұр ат қоюға,
Ұқсанып түлкі көрген көк тұйғынға,
Бірақ та командирден ұлықсат болмай,
Қозғалмай қалыбында қалды орнында.
Командир байқап тұрды қонғандарды,
Сондықтан ат қоюды колға алмады.
- Бір-ақ басып алуға тым ыңғайлы,
Келіп болсын, — деді ол, — қалғандары.
Бір кезде ақ боз атты жарқылдатып,
Байларға қонып жатқан тура тартып,
Соңында қаруланған бір топ атты,
Халел келед қызды өңгеріп, шырылдатып.
Қазірден жатып жатыр төсек салып,
Сұлуды Халел жатпақ қойнына алып.
Осы істі сезген сорлы қыз бейшара,
Отырды бір пұшпақта көңілі налып.
Сұм Халел жалғыз бұл ма әйел алып,
Жүргені он бесте ұлы бізге анық.
Ұлымен түйдей құрдас қызға қол сап,
Сорлыны еткен жоқ па ойлы ғарып.
Бір-екі күзетшіні қоймақ болып...
Сұлудың қасиетін жоймақ болып,
Сұлуға қара ниет беттегенде,
Команда берілді тез тұрған торып.
У да шу жыра іші болып кетті,
Қамалып бандиттерді ерлер епті.
Қозғалтпай орнынан басып алды,
Сұм таптың сұрқайына бермей кекті.
Гүрілдеп мылтық даусы жаңғырығып,
Тау ішін алай-түлей түтіндетті.
У-шуда жанталасқан сорлы сұлу,
Жырамен бас сауғалап шығып кетті.
Шеткерек қарағаннан жарқ етіп ед,
Құс па әлде, әйел ме әлде ақ көйлекті.
Ақыры сұлу болды-ау сол жарқ еткен
Ашынған түскен торға көріп тепкі.
ҚЫЗ КІМ?
Оқушы, ойда бар ма таудағы қыз,
Қажып ұйқтап кеткенін айтып ек біз.
Сол еді Ахметтің Айсұлуы
Түнеген тауға барып бандиттен түз.
II бөлім
Қыздарым қырдың гүліндей,
Ай айдарлы ақ саусақ
Әжелерін аялап,
Аймалайды күнді аңсап,
Ақылдары айдындай,
Алғырлығы қыран - ақ.
(Айманкүл)
I
Па шіркін, жаз паркте жүрген қандай,
Досыңмен сыр сырласа білген қандай.
Ортаға ап екеу ара бір қиялды,
Дұрыс сын сол қиялға берген қандай.
Гейненің лирикасын жүрек тартқан,
Бетховен музыкасын аңыратқан,
Қоса оған әңгімелеп от мінезін,
Ақынның өр кеудесін аспан қаққан.
Менің де жаным құмар терең сырға,
Қиялға, ақын жазған өлең-жырға.
Досыммен кеш паркте жүргім келед,
Бөленіп электрлі алтын нұрға.
Қарашы, кеш паркке көзің салып,
Серуендеп көңілді жұрт жүр демалып.
Ну орман, салқын ауа саласында,
Самалға есіп соққан мейірі қанып.
Әрбір жас өз-өзінің теңіменен,
Әзілмен, әңгімемен күлімдеген.
Екі жас керім кеште құлынша ойнап,
Тәп-тәтті бір алманы бөліп жеген.
Керілген кербез сұлу жаздың кеші,
Маужырап кұшағыма келші енші.
Бетті үрген.Солтүстіктен сәнді самал,
Еркіңмен есіп соқшы, ерінбеші.
Па шіркін, біздің жаста бар ма арман,
Шаттанып өміріне масаттанған.
Бақшада, гүл-бәйшешек арасында,
Еркімен таза ауада демін алған.
Мен де жас ерке ұланмын өмірім қызық,
Кеудемді көтеремін көкке созып.
Ішінде миллион жастың мен де жүрмін,
Өмірдің маржан сырын жырға тізіп.
Бір тілек миллион жас құрдастарым
Жүрекке қуат берер отты жалын.
Кеудемнен сондықтан да жыр құйылмақ,
Достарды, құрдастарды сүйіп жаным.
Немене шалықтамай көкте қиял,
Анталап күтіп тұрса көп құрбылар,
Өлеңге өмір сырын арқау етіп,
Немене ақын тілден ағызбай бал.
Өмірден өткен талай қынжылып жан,
Өр кеуде сияқтанған ақын ағаң,
Мен сондай о заманның ақыны емен,
Соңдықтан жаңа дәуір күйін тартам.
Жаңа өмір сырын тербеп жырын жазам,
Өлеңмен кен байлықтың кенін қазам
Қалам мен Арқа астын қосам дағы,
Қорытып асыл жырды топқа салам.
Кең арна құлаш созған алтын жырды,
Таратып жер жүзіне суша ағызам.
II
Қолтықтап сұлуларды жігіт келед
Қыз сөзшең, шешен тілмен ерді бөгеп.
Заманның қызыл гүлі балдырғанын,
Тәтті өмір бесігінде ырғап, тербеп.
Әдемі әзіл-калжың сып-сыпайы,
Сырласып, сыңқылдасып отты жүрек.
Ұнамды әсем түрмен етіп жатты,
Сүйкімді сұқбатпен ылғи өрнек.
Ішінде осылардың екі қыз келед,
Он жақта ақ құбасы елден ерек.
Көңілім қобалжиды танығандай,
Бір жерде осы аруды көрсем керек.
Дегенмен кіре қызды колға алмай-ақ,
Демалсын, оралармыз кейінірек.
Бақытты қала халқы дем алатын,
Баққа да жөнсіз болмас көңіл бөлсек.
Балбырап барлық өрім басын иіп,
Ну орман бау - ағаштар көкке тиіп.
Көкпеңбек көзді тартып гүл ішінара
Жыбырлақ жапырақтан қамқа киіп.
Өлкелі қанат жайып өсімдік те,
Сәндемпаз таза ауаны кеудеге іліп,
Самал жел табиғатты сипауынан,
Тек қана дірілдейді шөптер мүлгіп.
Роза гүл қолдан еккен қызыл жирен,
Бейне бір сияқтанып түкті кілем.
Бюсті Лениннің гүлге оранып,
Айшықты оюменен мәнерлеген.
Алдында сылаңдаған сұлу қыздай,
Керіліп, кербезденіп тұрғаныңдай,
Немесе ботасы өлген боз інгенше,
Музыка сыңсытады күйін шырқай.
Күй балқып музыкада қорғасындай,
Ыңырсып көкке қаптап шықты талмай.
Әнменен жүрегіңді сипап қана,
Сыңқылдап ойнап жатты әлі сырнай.
Пар - пармен би алаңда билеп кеткен,
Тангоны жай ырғақпен ерікті еппен.
Вальс те кейде ақырын, кейде шарлап,
Айнымай румбы да нақ киіктен.
Жан сүйер фокстрот бой жазатын,
Румбыны оралғандай бәйге көкпен.
Шатырша қол ұстасып краковяк та
Ілгері, кейде кейін лып-лып еткен.
Ақсұлу ақ шағала электрден,
Арықта асау сулар ағып келген,
Дірілдеп су бетінде шам сәулесі,
Жарық ай тек саңылау секілденген.
Сырменен осынша да отырған бар,
Қыздардан, шешендерден, жігіттерден,
Шеткерек креслода отыр екен,
Қыздар ғой манағы бір өзім көрген.
Бұлардың бірі Айсұлу, бірі Сара,
Екеуі шеткерірек отыр дара.
Соңғы кеш бұл паркпен қоштасатын,
Шыққан ғой серуенге сондықтан да.
Айсұлу бізге таныс ана жылдан,
Көргеміз ең соңғы рет оны таудан.
Бейшара қажып ұйықтап кетті деп - ау,
Тілім боп жас жүрегі күйіп зардан.
III
Оқушы, жас сұлуды алсаң еске,
Құлақ сал таңғажайып мына іске,
Мектепте бір тамаша қызық болды,
Нақ түсте он бес минут үзілісте.
Мектептің кең залында бір жас жігіт,
Күлімдеп әлдекімді тұрып күтіп,
Жанынан жаңа өтіп бара жатқан,
Бір қызды — Сәулем! — деді шырамытып
- «Сәулем!» деу мұң - ақ екен сол сұлуға,
Жүгіріп қыз ұмтылды тұрған жанға.
Жас жүрек шыдай алмай кетті ме әлде,
Жылаған шығып кетті даусы да.
Екеуі құшақтасып қолын жазбай,
Сағыныш оты жанып тұтанғандай,
Қуанғаннан құшақтап бір – бірісін,
Айқайлаған сияқты шыдай алмай.
Әсіресе сұлудың жылағаны,
Берілгендей сол жауға қиып жанды.
Екі - көзден маржандай жас тамшылап,
Бойдағы шымырлатты сезім қанды.
Таң қалып екі жасқа құшақтасқан,
Түсінбей студенттер таңырқасқан.
Жиылып үйме-жүйме бола қалды,
Жастарға құлын-тайдай шұрқырасқан.
Көзінен еркетайдың жас мөлтілдеп,
Жігітке сыр шерткендей әлдене деп,
Қайырып қайта ораған қара шашын,
Сипаған жарасып тұр аппақ білек.
Құшағын қыз бен жігіт жазып енді,
Жыламай сабыр тауып сөзге келді.
Көріскен құшақтасып екі жасты,
Айтайық ашығынан бұл кім еді.
Білегін құшақтаған жазып жігіт,
Жымиып Айсұлуға қарап күліп:
- Соншама сағындың ба, сәулем, мені.
Жылап та жібердің ғой жасың төгіп?
- Иә, аға, сағындым мен расында,
Қуанбай жан ағаңа тұрарсың ба?
Қуану да, қорқу да бірдей екен,
Жасық боп өсті деме жыласыма.
Өңім бе, түсім бе әлде деймін, аға,
Қай жақтан айтыңызшы келдің, аға.
Өзің әкеп түсірген рабфакты,
Бітірдім де, мұнда кеп ендім, аға.
Қазір де, міне, осында оқып жүрмін,
Есімде қорлық көрген сол бір күнім.
Ұмытқам жоқ, жан аға, құлағымда,
Адам бол, есей де жет деген үнін.
Әуелі қиын соқты оқу маған,
Өйткені аз оқығам бұрын бұдан.
Жылаған күндерім де болды, аға,
Күнделік үлгере алмай сабағымнан.
Бірақ та құр жыламай еңбек еттім,
Еңбекпен жолдастарға әрең жеттім.
Ақыры рабфакты бітіргенде,
Вузға экзаменде беспен өттім,
Деді де ағасына күлімдеді
Бірақ та мақтаныштық білдірмеді.
Жаңа өсіп келе жатқан жас сұлудың.
Бақыты аңғарылды түріндегі.
Іздеп келіп қуантқан сұлуды аға,
Аспирант боп Мәскеуден келген жаңа.
Дәл осы институтке келген төтен,
Бұл маман — жас химик Жұмаділда.
Айсұлу тауда жалғыз қорлық көріп,
Жүргенде адасумен уайым жеңіп,
Кездесіп осы жігіт рабфакқа
Кіргізген Ұлытаудан алып келіп.
Не қымбат, бәрінен де достық қымбат,
Жетімді адам қылу сылап-сипап.
Есінен қандай жанның кетер, сірә,
Жүргенде қолын берген зарлап - жылап.
Сол жанға жүрек қылы шертілмес пе,
Сол ыстық махаббаты ертілмес пе?!
Кімі бар Айсұлудың туған бірге
Ағасы, туысқаны осы емес пе?
Туысқандық: махаббат сол бір жасқа,
Күннен-күнге ұлғайып артылмасқа,
Жеміс күткен ағалық тілекке сай,
Іс етпес пе, па шіркін, қарындас та?!
IV
Айсұлу аға сөзін ақыл етті,
Оқуға жан-тәнімен қойды бетті.
Мөлшерлеп жұмыс күнін пайдаланып,
Жібермей, есептен тыс бір минутты.
Қолынан еш уақытта кітап түспей,
Отырад кейде үңіліп асын да ішпей.
Әй, шіркін, ішің білім — алтын кітап,
Кей-кейде тартасың - ау қызды күштей.
Көп жастар рабфакты бітіргенде,
Көрінді зеңгір тау боп вуз көзге.
Біразы қадам ұрды күміс шыңның,
Басына том құшақтап өрмелеуге.
Кейбір қыз содан кейін ермен кетті,
Кейбірі аз біліммен қызмет етті.
Кейбірі келер жылы оқыған жөн,
Деп тапты бәрінен де сол ретті.
Кейбірі қызыл ерін қиғаш қас боп,
Жасырын сүю болды бояп бетті.
Кейбірі «оқу, оқу, тағы оқиық»,
Деді де Айсұлумен жүріп кетті.
Әркім-ақ Айсұлуға талап етті,
Жас сұлу ондайларға болмай кетті.
Біразы бозбаланың тісін қайрап,
Ала алмай қалдық-ау, — деп қыздан кекті.
Соңынан институтте жүргенде де,
Елестеп құралайдай сұлу дене.
Хат жазып, сөз жүгіртіп алып ұшты,
От жанып жігіттердің жүрегінде.
Сүмелек соның бірі Халелович,
Сұр жылан сияқтанған жылмиған түс.
Салғанымен сайқал күлкі сұмдығына,
Одан да нәтижелі шықпаған іс.
Ішінен қаны қайнап: «Болсаң адам,
Тек қалмас шын әкеден алған батам», —
Деді де ішке түйіп жүріп кетті,
Намысшыл әке жолын қуған сайтан.
Ақыл бар, Сүмелекте әкесімен,
Ниет бар оларда бір қыз жөнінен.
Оқушы, танысармыз кейінірек.
Құрылған поэманың желісімен.
Жүргенмен әрбір жастың есі кетіп,
Айсұлу өз ісімен өзі лекіп,
Көп оқып, көп білуге тырысқан ол,
Сезімді, ұстамды ақыл, іске жетік.
Сымбатты сұлу қыздың көрінісі,
Жағымды ып-ыңғайлы көңілді ісі.
Әркімнің жүрегіне - ақ бал табар.
Сұлуды сүйген жаны күйіп іші.
Ақ құба, бидай енді, қиылған қас,
Уылжып, балбыраған, бір балғын жас.
Қыр мұрын, екі беттен қаны тамып,
Жүрекке от тұтатар сұлу қарас.
Қарақат, қара көзді жаудыраған,
Қайырып қайта ораған жібек тал шаш.
Самарқан миндаліндей жарқыраған
Тізілген түзу тісі кіршік шалмас.
Ақ жібек, ақ тамағы үлбіреген,
Қаз мойын, аққу кеуде, алмасы тас.
Тік иық, түзу жауырын бір шынара,
Бейне бір сияқтанып сұлу Парнас.
Қолтық пен қос алманың кеңдігінде,
Ләззат тұр бір сұлулық көз ала алмас.
Ат жақты, он саусақта кірсіз тырнақ,
Ақ жібек мінез де жоқ түрін бояс.
Нәзік бел бұраңдаған аққан суша,
Мықыны кеудесіне біткен айқас.
Орта бой, үйлесімді денесіне,
Түп-түзу толық балтыр із қисаймас.
Момақан ашуы жоқ жеңіл болмай,
Созымды бір-ақ сөзді, тілі балдай,
Сыңғырлап сырнайша үні шығып,
Әр сөздің сөйлесе ол түбін аңдай.
Кішіпейіл, түсінікті, тілі шешен,
Сөзіне құнар берер той тармалай.
Әдепті сыншыл көзбен дүние танып,
Махаббат сырын білсе құмарланбай.
Ар-ұят адамшылық кейпімен,
Іс етсе құр сұлу боп сылаңдамай,
Әр істің, әр нәрсенің жөнін біліп,
Жайдары ретімен сол бал таңдай.
Жігіттің қиялының қызы Айсұлу,
Пішін түр, мінезі бар тап осындай.
Шынында сұлудың да сұлуы бар,
Ақылсыз сұлу жанға болмай құмар.
Сұлудың сұлулығы тек ісінде,
Сұлуда ісі сұлу сұлулық бар.
Сұлуы Ресейдің Наталья
Не күш берді Пушкинге заманда тар?
Мінеки, топас сұлу нақ осылар!
Көрді ме сұлулардың сондай салтын,
Немесе жек көрді ме заман қалпын.
Асылы, сұлу сүймес жүрек бар ма?
Сұлумен неге қас болды Шелли ақын.
Өйткені тәрбиесіз сұлу не оңбақ,
Күштісі әлсіздерін жатқан зорлап.
Елдерден есті сұлу шығу киын,
Сондықтан Шеллидікі өте жөн-ақ.
Сұлулар біздің елден шықты шарлап,
Нешелер іскер әсем күшті тұрпат.
Өйткені ұлы Октябрь нұрын төгіп,
Ұрпағын өсіруде сылап-сипап.
Айсұлу жас балапан көлден ұшқан,
Шалықтап шарықтаған көкті құшқан.
Өмірдің күй сандығы қуанышқа,
Қалыспай сыр тербетіп жырын тосқай.
Есінде бес жыл бойы оқығаны,
Бар пәнді өте жақсы тоқығаны.
Қызығып, еш ерінбей том ақтарып,
Ғылымды дос еткені сүйіп жаны...
V
Түнгі он бір күйін күйлеп гуілдеді,
Электр қалыбында күлімдеді,
Шам-шырақ жанып тұрған ай жұлдыздың
Сәулесі су бетінде дірілдеді.
Екі қыз осы кезде бір-бірімен,
Қол алып қоштасуда ед уәдемен,
Тұрмақ боп өндірістің жайын жазып,
Кенді алып Жезқазғаннан, Риддерден.
Қызарып Сара бірақ ұялғандай,
Бір сөзге тілі барып сөйлей алмай,
Жан досы Айсұлудан акырғы рет,
Назданып тұр, кешірім сұрай алмай.
Осыдан біраз ғана күндер бұрын,
Хикая басталғалы терең сырдың,
Сараға почташы қыз хат алып кеп,
Қуантты үйіңнен деп адресін.
Хатты алып қуанышпен Сара сонда,
Жаңа алып оқығанда хатты ап қолға,
Дірілдеп сескенгендей әлденеден,
Қолынан түсіп кетті қағаз сонда.
Бірақ та оқып шықты сұлу бәрін,
Бір солып, бір қызара таппай дәнін,
Қозғалмай ойға батты кейбір кезде,
Біле алмай жұмбақ хатты не қыларын.
Хатты алып Айсұлуға барды Сара,
Дей беріп ұсына сап, — мына қара,
Кетті де бір ой түсіп, жасырмақ боп,
- Жай келіп ем, — дей салды сөзін бұра.
Бір күні түнгі бірдің шамасында,
Екі жас қос бәйтерек арасында,
Асфальтті көшені өрлеп келе жатты,
Е, кімге ұқсайды олар расында?
Бір хаттың жігіт күліп сырын сөйлеп,
Сыртына жазып едім үйіңнен деп.
Сұлу да қара көзін бір төңкеріп,
Тапқансың тамаша амал, өлмес, — деді.
Бірақ қыз былқ-сылқ етіп есі ауып,
Сұраққа кейде орынды жауап тауып,
Кей-кейде буынын да ала алмайды,
Жібек шаш ұйпаланып бетін жауып.
Сұлуды жігіт сүйіп сүйемелдеп,
Құшақтап аш белінен жүріп келед.
Былдырлап жас балаша түсініксіз,
Асылтып ақ білегін әлдене деп.
Жігіт те күлімдеген пішінменен,
«Жаным» деп сүйіп қойып ерінінен,
Мас жанды қарша ерітіп, еліктіріп,
Ойында мақсатыма жетсем деген.
Сұлумен жас бозбала үйге жетіп,
Сұлудың кісі айтқысыз есі кетіп,
Қақпаға таянғанда естілді үн,
Құлаққа «тоқта» деген сөз сап етіп...
Сара қыз сол қатесін мойынға алып,
Ұяттан тұр екі беті оттай жанып.
Өйткені ертіп үйге алып барған,
Шын досы Айсұлудың, білгені анық.
- Айсұлу, — деді кенет Сара тұрып,
Ол оған, «сәулем» деді жалт бұрылып.
Еркелеп құшақтасты екі сұлу,
Кете алмай бір - бірісін тастап қиып.
- Жан досым, жан қиярым, тыңда мені,
Өлсем де шығармаспын естен сені.
Жастықта жаңылу бар, кешір, достым,
Еске алды Сүмелекті неғып енді.
- Ай, Сара - ай, бірдей ме адам дүниеде,
Емес пе біреу топас, біреу төнбе.
Кейбіреу мақтан сүйген пайдақұмар,
Кейбіреу тым өрескел мінезінде.
Кейбіреу өне бойы ойын қуып,
Қиял - ой, талаптардан аулақ мүлде.
Кейбіреу әсіре қызыл алу құс та,
Орамды өсек сөзді әңгімеге.
Кейбіреу «үлкендікке» жаны құмар,
Таңданад көзге ілмейтін аз нәрсеге.
Әсемсіп, біз жаспыз деп жүргендер бар,
Олар нақ ұқсамай ма аққан селге?
Сезімсіз, ақыл-ойсыз жеңіл көшкен,
Несіне «жаспын» демек жан боп бізге,
Осындай «бейшара жан» артта қалған,
Ойлашы расында жоқ па бізде?
Бұл мінез мұндай жөнсіз әрекеттер
Сәулешім, білемін ғой жоқ қой сенде.
Тарихқа көзің салсаң бұрынғы өткен,
Адамды адам қанап зар еңіреткен.
Мысалы, Абай, Пушкин, Руссоны ал,
Күйініп өмірінде шермен өткен.
Дүниеде неше түрлі адамдар бар,
Қуанып, жылай білмек шын адамдар.
Адамсың, сенің де бір қатең ғой бұл,
Өткен іс еш нәрсе етпес, сабақ болар.
Сезімсіз жөн білмейтін сен емессің,
Оларға еш уақытта тең емессің,
Сен жассың, елін сүйген енді инженер,
Білім ап, тәрбиемен мектепте өстің.
Ойламас атаққа мәз паң демессің,
Әсіре көрінгенге таң да емессің,
Мен неге көңіліме кір сақтайын,
Кел, сәулем, сүйісейік, кештім, кештім!
- Сен де кеш, көңілге алмай сол түнгі істі,
Соңыма деме, сәулем, неге түсті.
Қимадым күлкісіне Сүмелектің,
Айтайын болмасын сыр екі ұшты.
Өйткені Сүмелекті білетін ем,
Демедім сондықтан да сен оған тең.
Анықтап жеттім кейін шын сырына,
Және де әкесінің Халел деген.
Сол Халел мені алам деп жас шағымда,
Өлтірген әкем сорды бояп қаңға.
Әнеугі өзің айтқан тау кезудің,
Себебі осы тұғын батқан жанға.
Бар екен сол әкесі Сүмелектің,
Соңында жүрген әлі ескі дерттің.
Баласы мұнда текке жүрмеуі анық,
Жүр ол тек шалығында кеткен кектің.
Бұл жөнде саяси орын көп ұзамай,
Тексермек бүгін-ертең уақыт солай.
Бәрін де білгенімнің айттым түгел,
Жан досым, Сүмелектің жайы осылай.
Қиыспай екі сұлу құшақтасты,
Сүйісіп еріндері шопылдасты.
- Поезда, самолетте, ерте алтыда, —
Деді де қол алысып ажырасты.
Беттеді Айсұлу да үйге қарай,
Маң басып шаттық қаны бойға тарай.
Ақ төсін айдындағы құша керіп,
Еркелеп таза ауаға шаттанғандай.
Жамылып тымық түнді айғарғандай,
Жарқырап жүріп келед ақша маңдай.
Кездесіп біреу-міреу жүрмесе ед,
Ыңғайсыз қараңғы түн жерде оңтай...
Кеш. Қараңғы. Сағат он шамасында,
Ұлы кек жүрегінің санасында.
Отырған қызыл көзді зұлым Халел,
Шақырып ақыл айтты баласына.
- Сен, бала, қал-жағдайды білесін бе?
Осылайша айтшы босқа жүресін бе?
Ертең мен өлген күні орнымды,
Кім басар? Бар ма айтқаным ерке есінде?
Аз емес, ата үшін еңбектерім,
Кезегің біле білсең енді сенің.
Біздерге мына кәрі жәрдем етер,
Кезегің келді ұлым түсін - түсін.
Өршіген білім орны мектеп анық,
Білімді мыңдар шыққан самғап шалып,
Осыны көргенімде қаным қайнап,
Уланып күйінемін отша жанып.
Отырмын сондықтан да ойға қалып,
Бойымды осы ауру барады алып.
Сен арқылы мектепті айналдырып,
Іс етсек деп ем көптен миға салып.
Түс барып институтқа, түс тезінен,
Білімнің ордасы ол, сонда алтын кен.
Кеңестің келешегі — жастар сонда,
Жақындас, тарт та өзіңе сол жастармен.
Сүмелек әкесіне иіп басын,
Төңкеріп қызыл көзін сипап шашын.
- Құп, әке, өз ойым да осы еді, — деп,
Жылмитып жауыз түрін, керді қасын.
- Және де білесің ғой Айсұлуды,
Ол үшін мені бұлар қанша қуды.
Сол сайқал институтта оқып жүр дейд,
Оған да татқызар ма ед қолдағы уды.
- Кім дейсіз? Ахметтің қызы ма ол?
- Иә, иә, нағыз өзі, сайқалың сол.
Онсыз да инженерлер жетерлік қой,
Соны да қатерге алып аңдығын жол.
- Иә, иә, білдім, білдім, ана жылғы
Бетке алып көшкендегі Қарақұмды.
Біз сонда ұсталғанда қашып кетіп,
Адасып аралаған қыз ғой тауды.
VI
Бастайық әңгімені Сүмелектен,
Ашулы Айсұлуға күш көрсеткен.
Білім бе, іздегені басқа ма әлде?
Жүр екен институтта не себептен.
Істерге қатынасып улы кекпен,
Зәрлі уын институтқа болды сепкен.
Кер тартып студенттер арасында,
Жоспарға кедергілі істер еткен.
Осының шағымынан шалып түрткен,
Шалдуар жаласынан талап еткен,
Ақымақ арам сөзі іске асқаннан,
Жастар болды институттан шығып кеткен.
Мектепте жік туғызу қамын еткен,
Талабы зұлымдыққа болмақ жеткен.
Жымысқы жар астында қарауылдап,
Арам қан, тер орнына шып-шып беттен.
Болар ед ұлтшылдықты дүрілдеткен,
Меңдетіп арбастырып ұлтты ұлтпен,
Тек қапа көрінгеннен қауіптеніп,
Барады бықсып өліп осы дерттен.
Бір туған өзіменен қарындасы,
Кезінде байқауынша емес досы.
Өмірді шын сүйіп жырлайды ол,
Алдағы ол да ерке совет жасы.
Ол Айман, тым жақын дос Айсұлумен,
Достасқан шын беріле жүрегімен,
Бір тұрып, бірге жүріп, бірге оқиды.
Шарықтап қуанышты заманда кең.
Ереді, еліктейді Айсұлуға.
Батады кейде бірге терең, сырға.
- Шын досым, шын сырласым, — дейді ішінен,
Қай уақыт оның сөзін тыңдағанда.
Айсұлу сияқты ол да өмір сүйгіш,
Білуге, үйренуге әсерленгіш.
Өмірге талпынады қанат жайып,
Болғанда өмір — шалқар, бұл — аққу құс.
Расы Айсұлудың мінездері,
Дос түгіл басқаға да еді үлгі.
Көретін оны жақсы бар оқушы,
Дегендей заманының Қыз Жібегі.
Әсері Айсұлудың Айман қызға
Сүйреген сияқты бір терең сырға.
Сондықтан тым басқаша мұның жолы,
Бұл сырды байқап та жүр зұлым аға.
Айсұлу алдағының — бірі анық,
Жақсы оқып, іждаһатпен жанын салып
Жүргенін Сүмелек те қатерге ап жүр,
Бұл жауыз институтта сұмырайланып.
Болды оны махаббатпен айналдырмақ,
Сұлуды сүймек басқа жолға салмақ.
Бірақ та қыздан жылы жауап қайтпай,
«Тоқтай тур, — деген, — бәлем», — қаны қайнап.
Айсұлу бітіретін соңғы кеште,
Атақ алды «инженерка» оқып беске.
Алыпқа Жезқазғандай белгіленді,
Енді оймақ асыл кеннен алтын кесте.
Сұм жауыз сұлуды енді көре ала ма,
Жетім қыз ел сүйерлік алса баға.
Өртеніп іші күйіп сұмырайланбай,
Неге қалсын дұшпан ит етпей таба.
Қаны оның Айсұлуға қараюда,
Кездессе атпақ оны бір ыңғайда.
Өйткені өмір сүру қиын оған,
Әкенің сөзі бар-ды және ойда.
Кетерін Айсұлудың аңдуда жүр,
Жас жанды қанішер қу қаңғуда жүр.
Екі-үш күн ұйқы көрмей ыңғай іздеп,
Паркте, станцияда қаңғуда жүр.
Ыңғайлы қапылысты іздеуде жүр,
Қимылын жас инженер көздеуде жүр.
Ертемен Айсұлудың жүруі анық,
Сондықтан бүгін кешті мезгеуде жүр.
VII
Айман қыз үйде отырып ойға батты,
Бір ойы бірін қылғып, бірін арғы.
Бір ойы шалқар көл боп, асау арда,
Сол ойдың толқынымен төмен ақты.
Ол ойы — өзі шыққан орталықты,
Еске алды түк ұға алмай миын шатты.
Әке мен ағасының жасырындап,
Жазатын жұмбақ хаты жанды оятты.
Екінші ағасынын мінездері,
Тартыншақ іс жүзінде ылғи кері.
Ұнамсыз аға ісі қарындасқа,
Салқындау ағаға қыз көптен бері.
Және де Айсұлумен достасқанда,
Жанқияр адал тілек, күш қосқанда,
Айтылған уәдені еске алды,
Серттескен шын доспыз деп сырласқанда.
Екі-үш күн ағасының ісі бұзық,
Ұйықтамай түрі қашып қаны қызып.
Әрекет бір сұмдықтың жолында жүр,
Белгілі аңдағанға байқап ызып.
Ойға алып осыларды біздің Айман,
Бір нәрсе шығарардан осы ойдан,
Жүгіріп ағасының барды үйіне,
Не тапты, немене етпек бұл жағдайдан?
Үйіне ағасының барып шықты,
Айман қыз, апыр-ау бұл неге асықты?
Сезді ме жан түршігер бір киын іс,
Бетке алып жүгіреді кешкі бақты?
Баққа кіріп, іздеп жүр әлдекімді,
Сезбейді толқындаған шаттық үнді.
Асығыста паркте Айман келед,
Сағат 11 жақындап қалды-ау енді.
Паркке Айман кіріп, жүгіріп жүр,
Тоқталып, кейбір жерде мүдіріп жүр,
- Қайда екен, жанқиярым, шын досым, — деп
Шыбындай шіркей болып булығып жүр.
Көпшілік тоғысқан топ жол бермей жүр,
Іздеген Айсұлуды көз көрмей жүр.
Арманы Айсұлуға хабар айту,
Әттең - ай, көлденеңдеп кез келмей жүр.
VIII
Бұраңдап Айсұлудың қыпша белі,
Ойға алып келе жатты әлденені.
Кей кезде көз алдынан жарқ еткендей,
Арда алып Жезқазғанның алтын кені.
Ұштасқан ар жағында Ұлытау еді.
Көрінген таңсық оған көптен бері.
- «Көзбен көріп, мейірімім бір қанса екен,
Көп шығар мен кеткеннен өзгергені?
Тасы да Ұлытаудың қоңыр еді,
Ол кезде жан баспаған соны еді.
Тексерсем сол таудың да сырын ашып», —
Деп жүрек алас ұрып елігеді.
Білімі болардай боп қиялына ем,
Осылай келе жатқанда шарықтаумен,
Жетті Айман ентігумен тал түбінде,
Парктен шыққан бетте көлденеңнен.
- Қалқам-ау, жүгіруің жөні қалай?
Іс боп қалды көлденеңнен әлдеқандай?
Келе ме біреу қуып жаным сені? —
Деп Айсұлу шошынып берді сұрай.
- Апатай, сені әуелде достым деп ем,
Тап үшін саған қаным қостым деп ем.
Атуын сұм ағамның бүгін сені,
Әдейі хабарлауға іздеп келем
Сұмырай тумай кеткір атпақ сені,
Алынбақ сонда сенен оның кегі.
Әке айтып, бұл орындап жүре тұғын.
Зиянкес екеуі де екен жегі.
Мен оны үйге жазған хаттан білдім,
Почтаға салайын деп қолыма ілдім.
Оқысам сыртқа шығып осыларды
Жазыпты, оқыдым да білдім сырын.
Бармай-ақ басқа жерге ұштым саған,
Қалсын деп жанын қорғап өлмей аман.
Ізденіп келіп қалар ол сұмырай,
Жан достым, — деді Айман, — қамдан - қамдан.
Сөйткенше тал түбінен қараң етіп,
Бір адам он қадамдай жерге жетіп,
Ұсынды суық ауыз сұр наганды,
Сұмырай қан ішуге белді бекіп.
Жеркенді бәйтеректер, тыжырынды,
Жапырақ сылаң қақпай жиырылды.
Әсем жел әуенімен сыбырласпай,
Қабақ түйіп, торғын түн тыжырынды.
Сүмелек көздеп қызды атпақ болды,
Сұлудың қанына ол батпақ болды.
Қыздарды көріп қалып көздеді әне,
Туралап Айсұлуға созып қолды.
Айман қыз ызаланып, күшке мініп,
Ағаға жауызданған қаһар тігіп,
- Қан ішкің келсе егер, зұлым аға,
Ат мені, — деп ышқынды қарсы тұрып.
Алдына Айсұлудың тұрып алды,
Досы үшін пида етіп қиып жанды.
- Кет әрі, жоғалт көзін, тумай кеткір! —
Сүмелек Айман қызға айқай салды.
- Сұм аға, қанқұмар ит, зұлымданба,
Бізді атсаң малынасың өзің қанға.
Аң жүрек, тумай кеткір, арам пейіл,
Ат, жауыз! — деп қайсарланды қажырлана.
Сүмелек ашуланды қайнап қаны,
Аң жанындай көрінді адам жаны.
Әне ол кезеп тұр-ау қарасаңшы,
Наганмен қос аруды қандатқалы...
IX
Химик, жас оқымысты Жұмаділда
Порошок - дәрілерді алып қолға
Демалыс күнін бүгін пайдаланбай,
Қызығып, опыт жасап отырған-ды.
Есіктен кіріп біреу түсі суық,
Жанына келіп қалды сонша жуық.
Жасаған опытына қызыққан жас,
Ол жанға бұрылмады мойын бұрып.
Таянып жетіп қалды ер жанына
Бір қолы жарқыраған қанжарында.
Химиктің оңашада жайын тауып,
Өзінің жетпек болып арманына.
«Жүр едім көптен мұнда жолай алмай,
Бір қайғы басқан еді аурудай.
Бүгін бір қолға түскен болды ғой күн,
Тұрамын енді қалай кегімді алмай?
Қолымда ұстаған қанды қанжар,
Жанына жеткен шығар енді ажал.
Химия кабинетін өртеп барып,
Корпусты жандыруға едім құмар,
Кілтін химкабинет түсіре алмай,
Жүр едім әуре боп ала жаздай.
Ал, қанжар, сенін досың тек қан ғана,
Тез сұғыл жас денеге, ал тоқталмай!
Саған серт рөліңді атқар, қанжар,
Саған серт жауым қанын ақтар, қанжар.
Асығып тұрмын қазір кету керек,
Тағы да мен өшіккен күткен жау бар!»
Осы ойды ойлады да қанжарын - ап,
Шегініп кейін қарай тура кеп қап, —
Иіліп кеп бауыздау дәл алқымнан,
Жарқ еткізіп жіберді қанжарды сап.
Қызыл қан көкке шаншып, — аһ! — деді ол,
Жан-жаққа тәлтіректеп сермеді қол.
Сол кезде фосфорға от тигізіп жау,
Әйнектен ырғып шықты болған соң жол.
Қан шапшып, жаны оның қиналса да,
Қоғам мүлкі ыстық қой адал жанға.
Жанып жатқан фосфорды лапылдаған,
Есіктен атты сыртқа алып қолға.
Корпустың ішін қаптап қара тұман,
Көк жалын лаулап жанды ұшқындаған.
Әйтеуір химкабинет әзір аман,
Фосфорды Жұмаділда ап лақтырғаннан.
Бір тұрып, бір жығылып Жұмаділда,
Боянды өзі барып өз қанына.
Бір кезде тәлтіректеп үйден шығып,
Құлады ұзап барып коридорға.
Кенеттен өртке шыққан қала жақтан,
Өрт кетті, — деген үнге, — сақтан - сақтан,
Жиылып келіп қалды біраз халық,
Корпусқа үңілісіп жанып жатқан.
- Өрт кетті, өрт кетті! — деп айқайласып,
Мектепте студенттер жүрді сасып.
Кек түтін қара қошқыл кекке бойлап,
Бөлмелер жанып барад лапылдасып.
Корпусын институттың түтін басты,
Көрінбей қызыл жалын отқа ұласты,
Апырмай, дәрілерге от тисе кеп,
Кім білсін, қопармасын тауды – тасты.
Бір суық қолмен келіп мұнда түскен,
Бір талы сіріңкенің жанып іштен.
Бір корпусты жоқ қылып жібермекке,
Лапылдаған тым астам жалын күшпен.
Өртеніп институттың корпусы әні,
Пожарный жанған отқа келгенше әлі.
Насосты жан-жағынан басып жатыр,
Әл бермей жанбай тұрып толған дәрі.
Кенет: гүрс-гүрс дауыс шығып дәрілерден,
Жан-жағын басты келіп тозаң - шаңмен.
Тікелей қара түнді жарып көкке,
Қып-қызыл жалын шықты көк түтіннен.
Насосты қойып жатыр жан-жағынан,
Кек жалын басылмай тұр лапылдаған. —
Химия кабинетінен кетіпті өрт, — деп,
- Суық сөз бірден бірге суылдаған.
Жас әйел мұны естіп ұшырып жан,
Кетті ол өртке кіріп жалындаған.
Толықсып әлден уақыт аянышты,
Бір ерді алып шықты бауыздалған.
Еңіреп есін білмей сорлы жас жан,
Көтерген омырауын қып-қызыл қан.
Селкілдеп шоршып түсіп жаны шықпай,
Жас боздақ құшағында талықсыған.
Айрылған жас жұбайдан сүйген жүрек,
Беріле бір-біріне күйген жүрек.
Өртке жұбай шалынып бауыздалса,
Деу қиын, — қаттылыққа үйрен жүрек.
Қайғылы қаза үстінде жас балдырған,
Қажымас қалайынша өртеніп жан?
Қан шапшып жан-жағына фонтандайын,
Кең маңдай бір жас өлді уылжыған.
Өлім бір келген апат адамзатқа,
Өмір бір жайнап өскен гүл сипатта.
Өмірді өлім жеңіп зарлантуы - ай,
Сүйгенді, құрдасты, елді тастап артқа.
Жас жаның жай тапқан-ды тым мезгілсіз,
Қайғы ғой тым күйініш тіл барғысыз.
Жас адам қанға оранып тулап жатса,
Қай жүрек қалмақ сонда қынжылусыз?
Не қайғы? Дүниеде өлім қайғы,
Сүйген жар кейін қалса жас жұбайы.
Қалай да езіледі тұла бойың,
Жас жүрек шыдамайды, шыдамайды.
Өмірді шексіз сүйген мен де жаспын,
Демеймін қара жер кеп бетім жапсын.
Өлімді көре алмаймын, тым мезгілсіз,
Жазасыз жанын алған қыршын жастың.
Өлімге қанша айтқанмен еш амал жоқ,
Болғанмен қандай жалын сенеді шоқ.
Тек, шіркін, жау қолынан қаза тауып,
Жоқ болды-ау жас арыстан жаралы боп.
Сүйген жар басын сүйеп жұбайының,
Солқылдап еңіреуде етпей пайым.
Езіліп жас жүрегі қанға айналып,
Түсіндей бұлт басқан реңкі айдың.
Баратып түсі сөніп жас химик,
Кете алмай жаным деді жарын қиып.
Және де қолыменен жерді тіреп,
Тітіреп деді әрең, — жау Халел, — деп.
Сөйтті де жас химик көзін жұмды,
Қапылыс кездестіріп жауыз сұмды. —
Қош, достар, қош, құрдастар, сүйген сәулем,
Уһ, — деді бар балғаны ең ақыры...
Секірген терезеден қараң етіп,
Суық қол таса – таса жермен өтіп,
Паркке таяп барып тұра қалды,
Қан толып екі көзге дір-дір етіп.
Тасалап бір шоқ талды наганды ұстап,
Тұрғанда екі қыздың кез болғаны - ай, қап.
Қаныпезер ұрттап келіп химик қанын,
Тағы да екі аруды болған атпақ.
Ақ маңдай қос аршын төс қатарынан,
Оқ күтіп тұрғаны ма бұл жауыздан?
Төніп келіп қанішер құшырланып,
Қан ішуге тағы да құмарланған.
Неткен кеш сұмырайдың жолы болған?
Не ажал қамалған оңнан - солдан?
Өрт салып, бір адамның қанын ішіп,
Тағы да өлім күткен қос арудан.
Бүгін кеш Сүмелектің жолы болды,
Қанталап екі көзі қанға толды.
Екеуін қоса түйреп жайратпақ боп,
Мінеки, атып салды созып қолды.
Тырс етті, наган бірақ от алмады,
Қанішер одан сайын қаталданды.
Наганды атып тастап қойынынан,
Қанжарды ап, қызға қарай ұмтылған-ды.
Қапыда атылмай қап ең соңғы оғы,
Жұлқынды, өзіне өзі ыза болды.
Айманның ызасына іші қайнап,
Ұмтылды жайратпақ боп бірінші оны.
Қанжарды суырғанда қойнынан,
Сап етті біреу келіп мойынынан.
Бірақ та қара қанжар ағызды қан,
Жарқ етіп кеудесінен қыздың Айман.
Сылқ етті, есі ауып құлады Айман,
Қан ұйып сұрғылттанды болып арман.
Айман қыз талықсыған жата тұрсын,
Айтайын сап еткен кім? Келген қайдан?
Қызығып физкультура ойнаған қыз,
Соғыстың ғылымына бойлаған қыз.
Жып-жылдам, ып-ыңғайлы өнері астам,
Бәйге алып күн - күн сайын тойлаған қыз.
Қолданбай осындайда бір өнерін,
Құр текке неге қалсын ойлаған қыз.
Сап еткен жау үстіне көз ілеспей,
Айсұлу ғой жауға шек қоймаған қыз.
Сұм жауыз Айсұлумен алысуда,
Тіресіп қол босатпай қарысуда.
Қоян - қолтық, келтірмей біздің сұлу,
Сырттан білек қарменен қарысуда.
Он саусақ екі қарын езіп кетті,
Тулады, жау бұлқынды, жерді тепті.
ЬІрғыды олай-бұлай қу қанішер,
Бірақ та қанжар түспей жарқ-жұрқ етті.
Сұмырай тез айналып аунап кетті,
Тең түсті Айсұлу да тігіп сертті.
Амал не, Айсұлудың қолы талды - ау.
Барынша қысып қатты бұлшық етті.
Жау дағы құшырланды ырс-ырс етті,
Өкшемен қызды сонда тарпып тепті.
Тырбанып бар әлінше күшін жұмсап,
Қыз - дағы жауға жатыр бермей кекті.
Қарашаш жау үстіне бұрқырады,
Етпелеп сұм Сүмелек бұлқынады.
Қанжары уысынан түссе - дағы,
Кейін бір жатыр енді тарпығалы.
Жұлқынып тағы да бір шалқалады.
Қалыпша қызды жауыз арқалады,
Сол қолын езе басты Айсұлудың,
Қанжардан қауіптеніп жақындағы.
Қыз қолын езіп барад астындағы,
Талдырып ақ білекті қаштырғалы.
Жұлқылап жау қолдарын арқасынан,
Тырбынып жатыр қыз да қайнап қаны.
Апырай! Жан таласқан жауды қара,
ЬІшқынды бар пәрменінше жанын сала.
Қайран қыз қандай қару қылар екен,
Қала ма әлде шіркін батып қанға?!
Ақ жібек үстіндегі болды-ау пара,
Ақ білек жер тырнаған болды-ау жара.
Қайсысы қайрылтып соғар екен,
Қанжарға қолы жетіп жатқан әне?
Бейшара есін жиды Айман бір кез,
Алысқан Айсұлуды көріп қап көз.
Жалма-жан ақ торғынын жұлып алып,
Орады қан боянған денесін тез.
Орнынан тұрды, аяғын баса алмады,
Бірақ та досын тастап қаша алмады.
Аяныш жанын сүйреп кекті қанмен,
Жауызға ұмтылуға қаһарланды.
Бір тұрып, бір жығылып жанын қинап,
Аз әлменен барынша күшін жинап,
Ыза кернеп соншама тұла бойын,
Тітіреніп ашынды сорлы бейбақ.
Аққан қаны торғыннан сусап, бунап,
Кеудеден тиген қанжар түскен құлап,
Тек қана қол қаққаннан жүрек аман,
Кеткеннен қабырғаға қанжар аунап.
Майысып сол жағынан .ашынса да,
Ауырып сынған сүйек асынса да,
Жан қиды, шын досына тұра ұмтылды,
Меңдеп қан аға түсіп басынса да.
Шын дос қандай тәтті осындайда,
Адал дос досқа осылай қосылмай ма?
Бір қолы мен қабырғасы күйресе де,
Тыңдамай етпек болды оған айла.
Ағызып тұла бойдан қызыл қанын,
Әл құрып жаралы жан іші жалын,
Орнынан сүйретіліп әлсіз ғана,
Алуға беттеді ол жау қанжарын.
Бірақ та қанжарға еркін таяна алмай,
Қол созып әлсіздіктен жанын қармай,
Тырмысып талықсыған Айман сұлу,
Көзінен жасын төкті нақ маржандай.
Алысқан Айсұлумен жау қасында,
Жарқырап қанды қанжар жатыр әне,
Кім үшін жатыр екен шіркін қанжар?
Қыз үшін жатыр ма әлде жауға бола?
Осылай жарқыраған жатыр қанжар,
Жүзінде суық өлім бейнесі бар.
Тағдыры үш адамның осында тұр,
Қайсысы бұрын жетіп мұны алар?
Алысқан қыздан қолын босатып ап,
Қанжарға жау қол созып, береді тап.
Өлуге жау қолынан намыстанып,
Босатпай жатыр қыз да мықтап ұстап.
Сүмелек сезді қыздың қажығанын,
Ойлады: — қалады, — деп, — енді жаным.
Ұстап ап бұрымынан қызды серпіп,
Уыстап алмақ болды тез қанжарын.
Бір кезде Айсұлуды алып соғып,
Астына мықтап басып, қолын созып,
Қанжарды алуға тез ыңғайланды,
Қанжар бірақ жырақтау жатыр озық.
Қанжарға лап-лап беріп жанған өрттей,
Сұқ қолы кейде жетіп, кейде жетпей,
Шаштан қыз ұстағаннан бір қолымен,
Еркін бір ұмтыла алмай ілгері өктей.
Айман да сүйретіліп қинап жанын,
Ұмтылып уыстауға жау қанжарын,
Қыбырлап бес саусағы топырақ ұстап,
Талықсып жеткізе алмай жатыр әлін.
Айман мен жау арасы бір - ақ адым,
Қанжар бар екі арада шашқан жалын.
Қайсысы бұрын алса бұл қанжарды,
Сөзсіз тұр ағуына қызыл қанның.
Таласып жаралы жан жауыменен
Кенеттен күш алғандай әлденеден.
Өзі де сезбей қалды қуаттанып,
Кеткенін қанжарды алып тым тезінен.
Иіліп бір қолымен ішін басып,
Жауызға алдындағы қаны тасып,
Созылып тыпырлаған Сүмеліктің,
Жанына келді аяғын әрең басып.
- Сен, қанжар, тек құмарсың қызыл қанға,
Жетпейсің адалына, арамына,
Жүзің қан, түсің суық есімде бар,
Сұғылдың жас денеме менің мана.
Жоқ қанжар, қапылыста қажыттың сен,
Жазасыз жас жан едім адал жүрген,
Тез ақта, міне, арам қан, — деді - дағы,
Қанжарды салды жаудың бүйірінен.
Жауыздың көкке шапшып қара қаны,
Жер тырнап дөңбекшуде шықпай жаны.
Талықсып, талмаусырап құр сүлдері,
Екі қыз бірін-бірі құшақтады.
Соңы.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі