Шардара – Мылтықбай Ерімбетов

Бұл бетте «Шардара» атты Мылтықбай Ерімбетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.04.2020
  • 0
  • 0
  • 1534
Ендірер қызғалдақтай құм шырайын,
Әкеліп асыл дария, сыршыл ағын.
Жантайып киіз үйде жатқан бабам,
Сезбеді-ау жамбасынан су шығарын.

Көшті бабам, ол нені аңсамады,
Жібермеді туған жер, ел самалы.
Сенбеді, құмға тұтас су толар деп,
Шеген сап, құмдық қазып көрсе-дағы.

Киімдей көз құртын жеп киілмеген,
Жемістей – жеткізбеген, иілмеген.
Құдықты қырық құлаш әзер қазып,
Бұл құмнан тамшы сұрау қиын деген.

Күсті қол, қатқан табан көнтерілі,
Бірі – кеш, кетіп жатты, ерте бірі.
Көретін күн болар ма, дескен олар,
Құм дала дария болар ертегіні.

Көрмеді, көрді бірақ, немересі,
Шардара су қоймасы деген осы!
... Екі жас қайық айдап келе жатыр,
Балыққа шыпа толған кенересі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері