Қайықсыз қасіретті кешіп ерен – Жангелді Немеребай

Бұл бетте «Қайықсыз қасіретті кешіп ерен» атты Жангелді Немеребай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.04.2020
  • 0
  • 0
  • 1419
Қайықсыз қасіретті кешіп ерен,
Шер жұтып, мұңға батты-ау есіл өлең.
Сәбиін жүрегімнің жұбатайын,
Өмірге өкпе артамын несіне мен.

Сыйласқан артта іні, алдымда аға,
(Еркелікпен сайран да салдым дара).
Кей-кейде түсірсе де шырғалаңға,
Түсінікпен қарадым тағдырға да.

Достықтың өлкесінде өрісі кең,
Таныдым тілектесті көп ішінен.
Қас қылған дұшпанға да кектенбедім,
Құндырақ өмір маған сонысымен.

Қиялмен мініп талай ерттеп елік,
Сезіммен түстім қанша өртке келіп.
Махаббат машахаты жеңе алмаған,
Ақын едім сүю мен сертке берік.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері