Өлең, жыр, ақындар

Ең әдемі ағаш

  • 31.05.2020
  • 0
  • 0
  • 3200
Жаздың күні орманда,
Саяхатта болғанда,
«Әдемі, – деп, – қай ағаш?» –
Айналаны шолғанда,

Біреу айтты даралай:
«Әдемі, – деп, – қарағай.
Жап-жасыл боп тұрады,
Қыс пен күзге қарамай».

«Ағаш жетпес еменге,
Тамыры оның тереңде, –
Деді біреу, – қараңдар,
Жетеді бой, көлем де».

Біреу айтты қайыңды:
«Ән боп аты жайылды.
Салады еске ақтығы
Аспандағы Айыңды».

Біреу айтты:
«Шетенге
Айтқандарың жетер ме?
Негізі асыл болмаса,
Жай тарта ма бекерге?»

Бірі құндап бағасын,
Тізді жеміс ағашын.
Зорға басты жетекші
Балалардың таласын.

– Саралап тал, теректі,
Іздедіңдер еректі.
Ойлап тұрсақ, адамға
Барлық ағаш керекті.

Бір орманда әр ағаш
Өскен жақсы аралас.
Ең әдемі, меніңше,
Құс ұясы бар ағаш.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазақпын

  • 0
  • 0

Қазақпын мен ұлт боп ұзақ ұйыған
Сері елмін ұнатқан күй, сүйіп ән.
Досқа құшақ ашып, жауға бас имей
Тарихтың өткен талай сынынан.

Толық

Күзде

  • 0
  • 1

Сап-сары ала жапырақ,
Сап-сары ала атырап.
Сәл тербесе самал жел,
Түсіп жатыр жапырақ.

Толық

Тәрбиеші

  • 0
  • 0

Бізге тәртіп үйреткен,
Ән салдырып, билеткен,
Таныстырған ең алғаш
Әріптермен, суретпен –

Толық

Қарап көріңіз