Ең әдемі ағаш – Оразақын Асқар

Бұл бетте «Ең әдемі ағаш» атты Оразақын Асқар жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.05.2020
  • 0
  • 0
  • 3440
Жаздың күні орманда,
Саяхатта болғанда,
«Әдемі, – деп, – қай ағаш?» –
Айналаны шолғанда,

Біреу айтты даралай:
«Әдемі, – деп, – қарағай.
Жап-жасыл боп тұрады,
Қыс пен күзге қарамай».

«Ағаш жетпес еменге,
Тамыры оның тереңде, –
Деді біреу, – қараңдар,
Жетеді бой, көлем де».

Біреу айтты қайыңды:
«Ән боп аты жайылды.
Салады еске ақтығы
Аспандағы Айыңды».

Біреу айтты:
«Шетенге
Айтқандарың жетер ме?
Негізі асыл болмаса,
Жай тарта ма бекерге?»

Бірі құндап бағасын,
Тізді жеміс ағашын.
Зорға басты жетекші
Балалардың таласын.

– Саралап тал, теректі,
Іздедіңдер еректі.
Ойлап тұрсақ, адамға
Барлық ағаш керекті.

Бір орманда әр ағаш
Өскен жақсы аралас.
Ең әдемі, меніңше,
Құс ұясы бар ағаш.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері