Жанартау – Ұлықбек Есдәулетов

Бұл бетте «Жанартау» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1680
Не қажет қара басыма?
түкiрдiм-дағы түңiлдiм!
бiр қарап шаранасына
дүниеге келген жырымның,
барамын дар ағашына,
осыны бүгiн ұғындым.

Мен дағы асық иiргенмiн,
бала болғанмын икемдi,
айналып тасы диiрменнiң
ұнтады жүрек-жүйкемдi,
таңдырға басым иiлген күн -
iшiмде қасқыр ит өлдi.

Кеудеме қонар шау қарға,
көзiмдi шұқыр отырып,
от ойнап самарқау қанда
тұрармын сонда секiрiп! -
сенбеңдер жанартауларға
сөндiм дегенi - өтiрiк!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері