Өлең, жыр, ақындар

Махамбеттің мүсіні

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 4229
Достарым менің кіл мықты,
Әр сөзі бір-бір өнеге.
Сатқындық дейтін сұмдықты,
Сүймейді олар және де.
Ақынбыз өңкей батырмыз,
Қидасын жілік атандай.
Біріміз мыңға татырмыз,
Өтемісұлы Махаңдай.
Жеткізер бізбіз (ол да анық!)
Адасқандарды арманға.
Бұқара жайлы толғанып,
Сырахана мен Барларда.
Көбейіп кенет жалқы боп,
Ере алмай заман көшіне.
Сүйеніп, сенер халқы жоқ,
Махамбет түсіп есіме.
Теңселіп үйге қайтамын,
Батыр боп, кейде ақын боп.
Жалғыздық әнін айтамын,
Жалғыз болмасқа хақым жоқ.
Құлаймын келіп төсекке,
Түс көрем, пәс боп аспаным.
Мені де қосып өсекке,
Жүреді сатып достарым.
Достарым менің кіл мықты,
Әр ісі бір-бір өнеге.
Сатқындық дейтін сұмдықты,
Қолдайды олар о неге!
Көңілдің солай хошы жоқ
Ере алмай тағдыр көшіне.
Оянам қайта, досы жоқ,
Махамбет түсіп есіме.
Ойланам сонсоң, шындықты,
Көрсету керек шын ақын.
Сатқындық дейтін сұмдықты,
Мансұқтап мәңгі тұратын.
Шошынар көріп көп пенде,
Мәрмәрдан қашап үлгісін.
Ой салар өткен-кеткенге,
Жасасам шіркін бір мүсін.
Махамбет тұрса басы жоқ
Алға аттай бере тоқтаған.
Дұшпаны менен қасы көп,
Досы жоқ жалған мақтаған.
Ауыр бұл көрініс расында,
Адамзат атын ұсақтап,
Ықылас тұрса қасында,
Кесілген басты құшақтап.
Жонымнан пышақ ұрғандай,
Ғарыштан келген дабылдай,
Жолыма тұзақ кұрғандай,
Қабылдан өлген Абылдай.
Құлаймын қайта шалқамнан,
Түс көрем... шайдай аспаным.
Құшақтап, мәз боп арқамнан,
Жатады қағып достарым.
Достарым менің кіл мықты,
Әр сөзі бір-бір өнеге.
Сатқындық дейтін сұмдықты,
Кешпейді олар және де.
Қамығар кейін (ол да анық!)
Оңаша бәрі қалғанда.
Ұлы ақын жайлы толғанып,
Сырахана мен Барларда.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көне Тараз

  • 0
  • 0

Ниет еткен мұсылмандай намазға,
Ниет етіп ғазал төктім қағазға.
Ғасырлардың саусағында нұр шашқан,
Гауһар жүзік секілденген Таразға.

Толық

Ақырзаман. Алматы

  • 0
  • 0

Жатыр еді кенеттен (дала тымық!)
Алатаудың басынан қан атылып,
Түйдек-түйдек шудадай бұйраланып,
Нөпір тасқын ұмтылды қалаға тік.

Толық

Ар

  • 0
  • 0

Тауықтың ары тарымен бірге,
Шашылса тары — шашылар.
Аққудың ары жарымен бірге
(Жарына ғана бас ұрар).

Толық