Мұқағали – Маралтай Райымбекұлы

Бұл бетте «Мұқағали» атты Маралтай Райымбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 3528
Аза тұтқан аққудай,
Жалғыз басың қаңғырып.
Жалғыз өзің жүрсің бе,
Мәңгілікте мәңгіріп.
Алп-алп басып, алп басып,
Қара нардай шудалы.
Тәбетіңе у құйған,
Тәркі дүние думаны.
Аяқталған Жердегі,
Пайғамбарлық болмысы.
Қайтып көрмес жау табар,
Қайтып келсе сол кісі.
Сен де пенде, мен пенде,
Пенделігің — періште!
Жеңіп кеттің жеңіліп,
Өмір атты керісте.
Тамұқтағы жалындай,
Тау басында лаулаған.
Тұлғаң жырға айналып,
Хан Тәңірден аумаған.
Сақалы жоқ, шашы бар,
Аңыз болдың ел сенген.
Ақын емес... абыздай,
Аса ұстамай теңселген.
Келдік, солай кетеміз
Үрметімен Алланың.
Барып-барып қайтады,
Қыл қобызға бармағым.
Таңбасы бар, ені жоқ
Кеудемдегі кітабым.
...Кессең кермек жас тамар,
Жас қайыңның бұтағын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері