Әке жыры – Әмірхан Балқыбек

Бұл бетте «Әке жыры» атты Әмірхан Балқыбек жазған әке туралы өлең берілген.

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1726
Оңашада үйiр екен ойға мұң,
Ұлым сенiң ертеңiңдi ойладым.
Кей ойыңның мiнезiнен шошынып,
Кей қиялдың тәттiсiне тоймадым.

Ботақаным, бауыр етiм, бүлдiршiн,
Сенi әйтеуiр бейбiт күндер күлдiрсiн.
Қазiр әкең — тас қамалың жаныңда,
Ертең халiң не болады, кiм бiлсiн?

Екi ой басып, бiрi — күдiк, бiрi — үмiт,
Отырғаным бiр суып, бiр жылынып.
Сенi мақтан қылар ма екем, жоқ әлде
Бiр iсiңнен кетер ме екен түңiлiп.

Ертеңiңдi ойлаумен-ақ алқындым:
Қызығына түспей атақ, алтынның,
Тек әйтеуiр намысы ояу, жүрегi от,
Азаматы болсаң екен халқымның.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері