Өлеңім

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 21.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1749
Тағдырың тәйкі түссе – терең егес,
Тұяқты іліктірер сөреңе кеш.
Өлеңде қан болады,
Жан болады,
Болмаса бұл екеуі өлең емес.

Өлең де кәдуілгі адам сынды
Өрбітер өтірік пен саған шынды.
Хас ақын, қасақы ақын...
Өз сөздері
өздерін айналып кеп табар сүңгі.

Оның да дәйегі бар,
Дәстүрі бар,
Дағдарып қалмау үшін басты құрал.
Қуанып жай бір кезде,
Қай бір кезде
қуарып тамағына тас тығылар.

Мен қандай болсам егер, ол да сондай,
Жортатын жанына бір жолдас алмай.
Сәті бар сүзілетін,
мүжілетін,
Жартаспен жағаласқан бор қашаудай..

Ол – менің жылап барып жұбанғаным,
Ол – менің құлап қалып тұра алғаным.
Өзіммін – нақ түрі сол кейіпкердің,
Өзіммін – авторы сол шығарманың.

Менікі – онда жүрген арман-ұран,
Менікі – жапырағын жарған ыраң.
Бүлкілдеп қан тамыры,
Сол өлеңнің
бойына менен барып жан дарыған.

Пенде жоқ темір өзек,
Сылаң бойым
сірессе, суық жерге тұрар бейім.
Жырымда жаным қалар, жалын қалар,
Бола ма өлді деуге бұдан кейін?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Өлеңім өлеңінің авторы кім?

Абзал Бөкен — осы өлеңнің авторы.

Өлеңім өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Өлеңім өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Абзал Бөкен өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Өлеңім өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері