Жанна Д'аркше – Қалмаханбет Мұқаметқали

Бұл бетте «Жанна Д'аркше» атты Қалмаханбет Мұқаметқали жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1078
Арыларда кекті ойдан,
Ағарады қиық Ай...
«...Өртке қарсы өрт қойған,
Өреңіздің биігі-ай!

Өмір мәні – Өмірде!
Өңге одан сый күтпе.
Сыймай қалған Сенімге,
Серт пе, сынық Түйсік пе?

Соның және құны осы-ақ –
Сүю! ( ...емес сүйісу!).
Кімге сыйлар ләззат,
Күйген шаштың иісі?..

Күлер, күлер қосылып,
Күрсінер де, мұңданар...
Алаңқайда шашылып,
Алақандай күл қалар.

Шыдап, шыдап, шыдар Ар,
Шыңғырғанда шын, нағыз:
Кірпігіңіз шыланар,
Көзіңізді жұмбаңыз!!! »

Айта алмады ол күбірлеп,
Ақырғы ақыл Адамға:
– Алаңқайлар түбінде,
Айналады алаңға...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері