Дилемма – Жүрсін Ерман

Бұл бетте «Дилемма» атты Жүрсін Ерман жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.07.2020
  • 0
  • 0
  • 3283
Қимайтын жанды қапа еттім,
Жақындарымды жат еттім.
Ортасында ылғи қаламын
Ербеңдеп жатқан екі оқтың.

Мойындап өмір өкімін,
Берік болмаққа бекідім.
... Сетінеп кете беремін,
Біреу емеспін.

Екімін.
Жібектен болса бір тінім,
Бір тінім – талы шырпының.
Тұтанып қоя беремін
Ойылып отпен жыртығым.

Екімін,
Екі бөлекпін.
Есемді жатыр елеп кім?
Біресе отпын маздаған,
Біресе сулы көнекпін.

Арбаса нәпсі-ыбылыс,
Алаңдай берем ұлып іш.
Көңілге неге сыймайсың
Көзіме сыйған құбылыс?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері