Екі ауылдың ортасы жалғыз төбе – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Екі ауылдың ортасы жалғыз төбе» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1237
Екі ауылдың ортасы жалғыз төбе,
Өзен бойы көк құрақ, жалбыз, беде.
Жасақ ертпей жаныңа, жыңғылдардың
Жықпылымен келмейсің жалғыз неге?
Жалғыз неге келмейсің көп именбей?
Біздің жаққа кеттің ғой көңіл бөлмей.
Жалғыз болып жүрмін мен, жәудір тамшым
Жапырағымнан жәудіреп төгілгендей.
Зәмзәм құяр сен менің құмырамсың,
Зәмзәмімнен бір жұтсаң құнығарсың.
Кездесуге апталап келмей кетсең,
Кермек суға көлденең ұрынарсың.
Қосылмаған зәрулер кемде-кем бе?..
Ғашықтықтың ауруы меңдегенде,
Түтінін де қызғанам екі ауылдың
Қолтықтасып төбеде көлбегенде.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері