Ыңғай-ау – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Ыңғай-ау» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1427
Ыңғай да, ыңғай, ыңғай ән,
Ырғағың сенің кімге аян?..
Шымшыған үні шымбайдан
Сыздаған іштен мұңды айдап,
Артыңда қалған күнді ойлап,
Айтылмай қалған сырды ойлап,
Қозыға теліп өзіңді,
Керек-ақ болып бір Баян,
Қуантып құнан сезімді
Қуғандай қырдан ор қоян
Ыңыранып бастап, ырғалып
Рабайда біреу айтпаса,
Ынтықтыра ма мұндай ән?!
Ыңғай да, ыңғай, ыңғай ән,
Сусыған қызыл құмдай ән.
Сағынған кезде сарғайып
Бойыңды басқан мұңдай ән.
Бұйырған белдің шөбіндей
Бұйырған пәлен мың бояу
Бұйығы көңіл еміндей
Булыққан сезім жүрді ояу.
...Ыңғай да, ыңғай, ыңғайға,
Ынтықса салып тынбай ма?
Көп жылға көңіл жасарып,
Көп ойдан әлпет қасарып,
Салғым кеп отыр «Ыңғайға».
Шашбауын бірақ көтеріп,
Шығандап шығар үн қайда?!.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері