Өлең, жыр, ақындар

Бұлдырап қалған балалық шақтың елесі

  • 31.08.2020
  • 0
  • 0
  • 2109
Бұлдырап қалған балалық шақтың елесі,
Түсіме неге көп кіріп кеттің сен осы?!
Түн ұйқым менің бөлінген кейбір кездерде
Төтеннен келіп, боласың маған төреші.
Төреші болып басымнан өткен жылдардың,
Жасаған өзім, жасырған жұрттан сырлардың,
Шиелеп өзім, шеше алмай жүрген шырмаудың
Бағасын беріп, байыбын айтпай ұрландың.
Дейсің сен маған: «Ақкөңіл бала-ау, бейкүнәм,
Жасытқан сені жасаған сенің қай күнәң?..
Кінәң көп сенің, күнәң жоқ сенің бірақ та,
Басыңды шайқап кетесің жоқ боп бейкүмән».
Білемін, білем, төреші менің елесім,
Бәріне де айғақ күнәлі менің емесім.
Жүрегімді мен алдағым келмей, сондықтан
Жүрек пен мидың келемін көріп егесін.
Өзіңнен қалған өзгермей қалған мінезі,
Жүректің бірақ сүре алар ма өмір бір өзі,
Миға ырық берсем, болмыстың бәрін билеп ап,
Болғысы келер ұлық та өзі, ұлы өзі.
Кешір сен мені, кешір сен мені, тәтті елес,
Күнәм да болса, кінәм да болса, текке емес.
Жүрек пен мидың ынтымағы үшін күресте
Жүрегі барлар жеңісім менің жоқ демес.
Біреуі, міне, үлкені және өзіңсің,
Аян кеп берген аяулы менің кезімсің.
Адалдық болса жүрек пен мидың жемісі,
Балалық шақтың тәтті елесіндей сезілсін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түн

  • 0
  • 0

Тас төбеден үркер әлі аумай-ақ,
Самал соқты селқос тұрған тауды аяп.
Сердір шалғын арасына шық ұйып,
Сылбыр құмға жатыр құнын саудалап.

Толық

Жаңылшақ

  • 0
  • 0

Жаңылшақжан, жазық маңдай жаз сипат,
Құрғымыз кеп қиылушы ек наз сұқбат.
Тоқталған көз, оқталған сөз көп еді,
Атқан оқтай аялдамай жөнеді,

Толық

Сұрарсыңдар

  • 0
  • 0

– Өмірбаян жазып бер, – деді маған,
(Өміріңді сұрай ма тегін адам?..)
Өміріме аз емес өкпе-назым
Соны еске алу – өш ету мені маған.

Толық