Ұстараның жүзінде жүрсін, жаным – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Ұстараның жүзінде жүрсін, жаным» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1338
Ұстараның жүзінде жүрсін, жаным,
Бойжеткендей кінәмшіл қымсынғаның.
Қысылғаның ұнайды, қымсынғаның,
Қымсынуда білемін тылсым барын.
От шарпыған қанатын көбелегім,
Көбелегім, «көзсізсің» демек едім.
Көріпкелі болады көзсіздің де
Табиғат пен тағдырдың жебегенін.
Көріпкелі болады көзсіздің де,
Аман қалдық сан рет ессіз мүлде.
О, Махаббат-тәңірім, өзің сақта,
Сені, сені берген жоқ ешкім бізге.
Кінәланба, қорланба, қапаланба,
Өкінгенмен онысыз опа бар ма?
Тек махаббат сыйлайды ортақ өмір
Бірер мезгіл, бірер сәт екі адамға.
...Туса перзент, дүниеден өтсе бір ұл,
Бір қуан да, артыңа өксіп, бұрыл.
Найза ұшында, жүзінде ұстараның
Өтер-кетер, қайтейік, өстіп ғұмыр.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері