Дауа
(баллада)
Кейуана өлді.
Ешкімі де жоқ артында.
Кеңсайдан құйттай қазылды қабір марқұмға.
Топырақ салдық.
Үйіне келдік, көршілер
Ұмытпай ас-су беретін дәстүр-салтында.
Пенсиясынан жырымдап жиған тиынды
Жұмсадық шашпай, өзіне бәрі бұйырды.
Көрші біткен мүсіркеп, қолы ашылып,
Жетісін, қырқын өткізер қаржы жиылды.
Ниеті ауып үлкен де кіші жұмыла,
Жүгірді істің ыңғайы менен ығына.
Үлкендер жағы «сауап қой» дейді күбірлеп,
Сауапты сыйлау – қарттықтың қатал сыры да.
Жігіттер жағы мекемеде әрбір беделді,
Бірінен-бірі көрсетті асып «өнерді».
Дүкеннің кейде сөрелеріне түспейтін
Азық-түлікке кемпірдің үйі кенелді.
Әйелдер жағы үйіріліп қалып ұршықтай,
Айналып бәрі ас үйден ұзап жүр шықпай.
Дастарқан жайып, көңіл айтуға отырдық,
Көңілмен кеңіп кемпірдің үйі қушықтай.
Шынында өзі шындық қой айтып жүрерлік,
Көршінің хақын өтеу де қазір бір ерлік.
Шөлмектерді ашып, «Иманды болсын марқұм» деп,
Толтыра құйып тартып та, тартып жібердік.
Япыр-ай дейміз, көршілер бүгін жарады, ә!
Адам мен адам араласпаса бола ма?
Кетеміз ерте, келеміз кешке қарбалас,
Қарбалас емес қарекет бар ма қалада?
Талай жыл бойы тұрса да бірге орамда,
Тіс жарып бір сыр айтпапты кемпір адамға.
– Туысы бар ма?
Хабарламаппыз табанда,
Үлгіріп келіп бір уыс топырақ саларға.
– Ешкімі де жоқ, ешкімі де жоқ, білем мен,
Әкелеріміз бұлармен біздің бір елден, –
Әйел дауысты жұқалтаң жігіт шіңк етіп,
Әдемі сөйлеп, әдейі ғана шіренген.
– Мүмкін емес, – деді завторг жігіт Жорабай, –
Мүмкін емес, – деді шегелеп сөзін тағадай.
– Возможно, – деді замнач жігіт сыпайы, –
– Возможно бәрі...
Бас шұлғып қалдық жағалай.
– Возможно, – деді ол, – туысы болса, болсын ал,
Алыста шығар, аурушаң шығар, кем шығар.
Советтік өмір салтымен қызмет көрсеттік,
Советтік семья бір мүшесіне несі бар?
– Иә, иә, – дедік,
– Дұрыс-ақ, – дедік,
– Тым дұрыс.
Дымымыз шықпай қалыппыз тегіс тым-тырыс,
Сол, сол-ақ екен, Жорабай әлгі жұлқынсын,
– Массың ба! – дедік,
– Отырсай тыныш, нақұрыс.
Ішкенде мұндай білмеуші ек бары бұрқағын,
Білетініміз – жұмыртқадан жүн қырқатын.
Білетініміз – пәленбай кілем үйінен
Шығарса сыртқа, көздердің жауын құртатын.
Білетініміз – бір жылда үш-төрт машина
Ауысып ылғи тұратын еді астында.
Білетініміз – қарамай үлкен-жасына,
Болмаса бастық, сөйлейтін еді басына.
Масайып алған морт мінез сынбай тынар ма,
– Возможнаң қалай?.. – алды ол замды сұрауға, –
Қарға тамырлы туыссыз қазақ болмасын,
Білмейтін бұл кім?.. – қарады ол бізге, – милау ма?..
– Тек, – деді біреу,
– Тәйт, – деді біреу түршігіп.
Біреулер кейіп, біреулер күйіп, күрсініп.
Біреулер сәл-пәл миығын тартып күле алмай,
Қас қағым сәтте құбыла қалды тіршілік.
Күйіп-піскенмен Жорабайды жұрт қайда аяу,
Сол кезде біреу сыбырлады оған майдалау:
– Замнач қой бұл, Тәкең ғой біздің қадірлі,
Қара басқыр-ай, танымайтын ба ең, ойбай-ау...
Сол кезде Жөкең төбеден таспен ұрғандай,
Орнынан тұрды ырғала жаздап, ырғалмай.
Сол кезде Тәкең:
– Дәстүрлі салтты білмейтін
Қызметкер, – деді, – дөре
кі, – деді, – бұл қандай?..
Кемпірдің солай тарқадық алып сауабын,
Жорабай қазір беріп жүр сотқа жауабын.
...Әділсің, Өмір!
Әдемі сәтін туғызған
Біреуге сауап, біреуге жауап – дауаның.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі