Кіндік қан – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Кіндік қан» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1202
Шыр етіп түсіп шарана
Шашалып барып жұтты ауа.
Түскендей сынап бағана
Сылқ ете түсті жүкті ана.
Тоғыз ай, тоғыз күн күткен
Бір-ақ дем екен бар медет,
Жанарға сонда нұр біткен
Әлдебір ғажап әл демеп.
Шашалып сәби, жұтты ауа
Басталғандай енді еркі.
Қуанды көптен күпті ана
Жылағанына перзенті.
Қуанды әке аптығып,
Албыртып жатты ана да.
Қамданып тойға жатты жұрт,
Қамсызы – құйттай шарана.
Кіндікті кесіп, ал, міне,
Көтеріп алды басқа ана.
Бәрі де бір сәт...Мәңгіге
Тамғаны кіндік қан ғана.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері