Қарағым, кешір, кешірші, қалқам, ағаңды – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Қарағым, кешір, кешірші, қалқам, ағаңды» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған махаббат туралы өлең берілген.

  • 02.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1997
Қарағым, кешір, кешірші, қалқам, ағаңды,
Уақыт құрғыр есейтеді екен адамды.
Әйтпесе сені танымай қалам деп пе едім,
Шолпан жұлдызды танымағандай таң алды.
Қарындас, кешір!
Қарағым, кешір, кеше гөр,
Көзіме бұлай түспегенің ғой кешелер.
Түспегенсің ғой, піспегенсің ғой ол кезде.
Қапылсың қандай, табиғат шебер, о, шебер!
Қарындас, кешір!
Кешір де дейтін жоқ күнәм,
Жүрегімді оттай жандырып өттің, жоқ күмән.
Есімнен танып жай оғындай бір соққыдан
Теңселіп тұрмын...
Көзімнің алды көк тұман.
Көз алдымдағы көк тұманым да ашылар,
Көңілімдегі көп алаңым да басылар.
Есіңнен тану, есіңде қалу, еске алу –
Өмірдің, қалқам, қызығы деген осылар!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері