Өлең, жыр, ақындар

Уақытша жеңістер

Икрам Адырбековке

Ғасыр буаз болмаса да әділдікке желіндеп,
Қай кезде де Жеңіс даңқы екі топқа бөлінбек:
«МӘҢГІ ЖЕҢІС» және «БАРЛЫҚ УАҚЫТША ЖЕҢІСТЕР».
Күш жоқ осы заңдылықты тайдыра алар өрістен.

Уақытша жеңістердің уақытша бағы бар,
Бар тіршілік кейде тіпті уақытшаға бағынар,
Жеңімпаздың мойнына алтын алқа тағылар,
Жағымпаздар жамыраса теңеу таппай сабылар.

Әркез бұған елікпейтін қайсар тұлға табылар,
Сол тұлғаны «түзеу» үшін уақытшалар жабылар...
Дантес «жеңдім» деп ойлады
Пушкинді атып құлатып,
Бірақ оңбай жеңілгенін дәлелдеді уақыт.

Оразбайлар «жеңдік» деді Абайды ұрып, сұлатып,
Олардың да ұтылғанын әйгіледі уақыт.
Қарсыластар қылышынан өр Махамбет өлді де,
Нәтижеде, қара күштер ұлы ақынды жеңді ме?
Жан шындығы қамалғанмен зұлымдықтың торында,
МӘҢГІ ЖЕҢІС қалып қойды Махамбеттің қолында!
Шыншыл, асау тағдырым бар пенделікпен тебіскен,
Сақта, Құдай, мені барлық уақытша жеңістен.

Кеңейтуге жол ашпаса әділдіктің өрісін,
Уақытша билік пен даңқ неге қажет мен үшін?
Бір бақшада өссін, мейлі, Бәйтерек пен Асқабақ,
Менің бағым — Асқабақты күндемейтін басқа бақ.

Менің бағым — елдік, ұлттық мүддеменен өрілген,
Сондықтан да ұлтпен бірге өлу даңқы берілген...
Рухсызға жеңіс жолы тым оңай боп көрінбек,
Бәлкім, маған тас атқанның бәрі ертең жеңілмек...

Бұл ізгілік ағыс күшін ұқпаған бар, ұққан бар,
Ал ұққандар, негізінен, пенделігін жыққандар.
Пенделігін жыққан жандар — Рух тауға шыққандар,
Оларға риза Махамбеттер, Абай, Мағжан, Мұхтарлар.



Пікірлер (3)

Мадина Алдонгарова

керемет

Мадина Алдонгарова

Мұхтар Шақанов кітабын таба алмай , қиналатынмын. Бүгін балам ғаламтордан оқуға болатынын айтты . Сол үшін ағамыздың өлеңдерін оқып бір серпіліп қалдым . Менің де жазатыным бар . Менің есіміммен кіріп ютубтан Мұхтар аға тыңдап , өз пікірін айтса екен .Ал, өлеңдері өте керемет .

абат

Жағымпаздық дерті өрбіген заманда,
ПАРАСАТТАН арсыздық пен пасықтық,
Озық тұрар әманда!

Пікір қалдырыңыз

Мен саған ғашық едім

  • 0
  • 1

Қалайша жүрегіме бойламадың,
Өзіңмен бірге талай тойға бардым.
Мен саған ғашық едім, амалым не,
Сен мені бақытым деп ойламадың.

Толық

Алматыдан аттанарда

  • 0
  • 0

Өтті зырлап, заулап балғын күн, өтті жылдар ағылып,
Кеттің, жаным, асау тағдырдың тізгініне бағынып.
Қимасым боп неге қалмадың, неге алмадың ойыңа,
Әйтеуір сен асыл арманым, шақырмадың тойыңа.

Толық

Сын сағатта

  • 0
  • 0

Күзетші
Алдияр хан!
Асығындай еліктің,
Шемен жігіт келіп тұр.

Толық

Қарап көріңіз