Өлең, жыр, ақындар

Көген

  • 02.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1371
Қоңыр төбел көк қозы тілік құлақ,
Түлкі құрсақ, өзі сақ, сұмдық қу-ақ!
Қимылыңды таниды анадайдан
Қусаң – құйын, құлағын жымып бірақ.
Момын түлік төлі-ау деп ойламайсың,
Алатайдай үркітіп айналасын,
Көгенделмек ойы жоқ көк қозының
Зыр қағады, соқса да қайда басын.
Қыл көгеннен көк қозы сондай запы,
Құтылуды ойлайды қалмай қапы.
Көк қозының енесі сақа саулық –
Құнарлы мал қайтпаған бар қайраты.
Қошақанын иіскетіп енесіне,
«Хош, хош» деп бір қол тисе денесіне.
Сақа саулық күрпілдеп күллі емшегі
Қозысыз-ақ ииді келесіде.
Енесі оның құнарлы дегеннен бе,
Көк қозыны құмармыз көгендеуге.
Көк қозыны кім бұрын ұстап алса,
Тап сол күні сол бала керер кеуде.
Көк қозы емес көк қозы көк көжектей,
Бізді көрсе қашатын тек безектей.
Біз де оны қуушы ек ожарланып,
Ойын емес, әрине, жекпе-жектей.
Ұйқы-тұйқы қотанды үркітуші ек,
Көк қозы да сидиған шырпы тірсек.
Саулықтардың бауырымен сүңгіп-сүңгіп,
Шетке шығып кететін бір кідірсек.
...Жеңгем маған нұсқады көк қозыны,
Көзім түсті, көк қозы бөрте жүні
Бұйра-бұйра марқайып қалған екен,
Сол қалпында сақтығы, еркелігі.
Назарымды аударып басқа жаққа,
Басқа сыңай үйіріп қас-қабаққа.
Ниетімді білдірмей жақындадым
Енесіне жанасқан «ашқараққа».
Көк қозы да бардай-ақ көріпкелі,
Жаурынымен қалғандай көріп мені.
Сирағынан шап берген кезімде мен
Ол да кейін сирағын серіпкені.
Енесінің бауырынан ырғып бір-ақ,
Ыршып-ыршып жөнелді жымық құлақ.
Езуінде көпіршіп тәтті иінді,
Сілекейін үлгірмей жиып бірақ.
Қуыс-қуыс қотанның қалтарысын
Қуын қара, қуалап жалтарысын.
Мен де қуып келемін жау қуғандай,
Ол да қашып барады жан-тәні үшін.
Ұстататын түрі жоқ ант атқанның,
Жеңешемнен қысылып жалтақтадым.
Белімдегі қыл бас жіп сап етті еске,
Қыл бас жіпті тұзақтап, сәл тоқтадым.
Сәл тоқтадым саулықты көлегейлеп,
Қыл тұзақты жібердім көлбей сермеп.
Бір серпіліп көк қозы бір-ақ сәтте
Еркелігі сап болды желдей сергек.
Беу, бейкүнә!
Төлі ғой момын малдың,
Не екенін білмейтін жалынғанның.
Көк қозының қоп-қоңыр көздерінен
Көрдім мұхит – мұнарға малынған мұң.
Көрдім...Бірақ мен оны еледім бе,
Төбел қозы тұрды сол көгенінде.
Кейін білдім, қиын көген емес,
Көндікпеудің көгенге көнеріңде!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қашардың өлімі

  • 0
  • 0

Құмнан ауыл көшкенде жазға салым,
Төбемізге төнеді тозбаса күн.
Алақанат ашылған жерді көріп,
Қуанғаннан мөңкиді боз қашарым.

Толық

Әріптеспен әңгіме

  • 0
  • 0

Мен – ақынмын, досым бар драмашы,
Өнер бір дерт, өзек өрт, сұрамашы.
– Ойың, ойың, ойың аз, – дейді ол маған,
– Оқиғаңды, – деймін мен, – сыналашы!

Толық

Адамзаттың әулетіміз – бәріміз

  • 0
  • 0

Адамзаттың әулетіміз – бәріміз,
Жер – кемеде бірге біздің жанымыз.
Адам ата, Хауа анадан таралған
Әуел баста нәсіліміз, қанымыз.

Толық

Қарап көріңіз