Тел өскен тең құрбыңмен қатар өскен
Тел өскен тең құрбыңмен қатар өскен,
Сен маған мүшел үлкен апа емес пе ең!
Бір үйдің бозтайлағы ең, қыз ғып беріп,
Табиғат тек сол жерден қателескен.
Ерке едің, еркін едің, шолжаң емес,
Бір үйдің байламы едің, болжамы емес.
«Тағдырың қосақтайды кімге сені»,
Кез еді сағым-сауал ол жағы елес...
...Қойлы ауыл қоңыр төске кеп қонғансын,
Кез еді көктемде ойнап өткен жасын.
Сынағы кәмелеттік аттестаттың,
Кез еді кәмелетке жеткен жасың.
Кез еді қырмызы гүл қырдың үсті,
Кез еді көл күмбірлеп мың дыбысты,
Жарықтық жан иесіне қанат бітіп,
Көбелек көк көдеден ырғып ұшты.
Бұл неткен албырт көктем, аңғал көктем?
Сәріде самалы есіп салған беттен,
Деміндей мынау жап-жас дүниенің
Сайды өпкен, саланы өпкен, аңғарды өпкен.
Ұлдары ек қойлы ауылдың жалаң аяқ,
(Даланы сыйлап өстік, даланы аяп...)
Қозысын көк тұсақтың құнан қойға
Телуші ек шешемізге қарамай-ақ.
Әз апа, қойлы ауылдың қызы едің ғой,
Сол көктем қыз боп сен де түзедің бой.
Келгенде демалысқа апаң айтты:
«Қарағым, бар қарамыз бір өзің ғой».
Көзіңнен керемет бір нұр жүгіріп,
Қарап ең, о, ғажап-ай, тірлік – үміт.
Бір жәндік...дәуіт екен, шаңыраққа
Шыға алмай тал уыққа тұрды ілініп...
Көк көйлек, киіп қызыл, жасыл көйлек,
Иіс май, әтір сумен шашыңды өңдеп
Келуші ең әр емтихан өткен сайын,
Үйің той, жатушы еді шашу көл боп
Айтты әкең: «Ақ тайлағым, алаң білмей,
Оқи бер сәулеленіп сонау күндей».
Жұрт айтты: «Жолы нәзік, беу, бишара-ай,
Ата-ана қабағына қарап жүр ғой».
Әз апа, иман жүзді арға толы,
Әкеңіз ашық дүние – малға қолы.
Қаракөл ауылының қарт қойшысы
Жан еді қарапайым шаруа торы.
Көбік сөз айтпайтұғын, көлгір мақтан,
Әр сөздің артын күтіп орнын баққан.
Мал үшін қырық жыл ұйқы-күлкі бөлді,
Жоқ бірақ омырауына орден таққан.
Байсалды мінезбенен, парықпенен
Қатардан көрмеген жан қалып төмен.
Айтпақшы, алған бір жыл құрмет қағаз
Алтынмен айналасын әдіптеген.
...Бір күні ауыл сырты қара жолға,
Бұрқ етіп шыға келді қара «Волга».
Жүр едім қозы қайырып қыр басында
Тұмсығын сіздің үйге қадағанда.
Оқыс бір сезім теуіп сананы кеп,
Дір етті әлденеге бала жүрек.
Әз апа, сені ойладым...жүдеді-ау деп,
Соңғы айда сын тапсырған сабағы көп.
Әз апа, сені ойладым, аяулы апа,
Көңілі болмаса деп қаяу-қапа.
Құбылып бала қиял көкірегімде,
Керемет құдірет, күш оянды, апа.
Әз апа, сені ойладым, алтын апа,
Маңдайы кере қарыс, жарқын апа,
«Жалғыздық, жат жұрт» деген екі сөздің
Салқыны мені келіп шарпыды, апа.
Бір ғана сәулесі боп нұрдың, апа,
Сен менің қиялымда тұрдың, апа.
Мен саған осы барлық сезімімді
Есейіп айтсам дедім бір күні, апа,
Өзіңе айтсам дедім бір күні, апа!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі