Ханшадай өзін ұстаған – Жұматай Жақыпбаев

Бұл бетте «Ханшадай өзін ұстаған» атты Жұматай Жақыпбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.09.2020
  • 0
  • 0
  • 3420
Ханшадай өзін ұстаған,
Қара алмас көзді, бал ерін,
Басынан құс та ұшпаған,
Бұла өскен асқақ жан едің.

Қара оқа құсап бұрымың
Жарқылдап әрбір талы да,
Жарасып барлық қылығың,
Жараспай пенде жаныңа,

Көңілің балқып тәтті әнмен,
Кірпігің, қасың дірілдеп,
Өтуші ең жасыл бақтармен,
Өтуші ең шалқи күлімдеп!

Жадымда қалды жатталып:
Бек әсем қызыл көйлегің,
Күлуге сол сәт шақ қалып,
Қасыңды керіп сөйлеуің.

Жыр болсын басқан ізің де,
Аңыз боп атың әдемі.
Тәкаппар аппақ жүзіңде
Тарыдай бір мең бар еді.

Жаныма бір мұң жетті де,
Жабығып өтті уақытым.
Тарыдай меңде кетті ме
Таба алмай қойған бақытым?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері