Көктем – Дәулетбек Байтұрсынұлы

Бұл бетте «Көктем» атты Дәулетбек Байтұрсынұлы жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 10.03.2021
  • 0
  • 0
  • 1576
Жапырақ жайып бар ағаш,
Шымданып, дала түрленді.
Мың түсті гүлдер аралас,
Ғажайып күткен күн келді.
Нұр болып жауған жаңбырдан,
Жасарып кетті жер беті.
Балауса майса балдырған,
Қызғалдақ дала келбеті.
Мөлдіреп ауа сүзілген,
Бұлттарым мамық, мақтадай.
Аспанда тырна тізілген,
Жарқырап атқан ақ таң-ай!
Көктемім ғажап биылғы,
Көкірегімді кеңіткен,
Жүрекке шуақ құйылды,
Қалсашы сондай көрікпен...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері