Жаңбырдан кейінгі Алматы – Қуандық Шаңғытбаев

Бұл бетте «Жаңбырдан кейінгі Алматы» атты Қуандық Шаңғытбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.03.2021
  • 0
  • 0
  • 1932
Алматының өзі, шіркін, тұрған жыр!
Төкті-ау бір күн дүркін-дүркін дүр жаңбыр,
Көшелерде күміс жалын жалтылдап,
Толықсыды қоңыр-шымқай гүл жамбыл.
Жаңбыр сосын таусылды да басылды,
Сырлы инағаш манар тауға асылды,
Қолшатырлар қанаттарын жинады,
Торғын аспан мөлдіреп кеп ашылды.
Ару қала салқындап тұр жеп-желең,
Көшелерге көл орнады көлденең.
Көл бетінде ақ торқа бұлт шомылып,
Көл түбінде аспан жатыр көлбеген.
Осы сәтті күн қимайтын секілді,
Әйнектерге қонды нарттай екінді.
Жібек жұпар бұрқырайды жан-жақтан,
Шалқиды, айхай, самал сүйіп бетімді.
Гүлге толы, нұрға толы Алматым,
Сөн тұрғанда, қайтем аспан жәннатын?
Қадіріңді білмейміз ғой кейде біз,
Еһ, Алматым, махаббатым, ләззатым!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері