Өлең, жыр, ақындар

Сыбаға (Этнографиялық дастан)

  • 09.04.2021
  • 0
  • 0
  • 732
І.
Қала. Көше. Көліктер құжынаған,
Жылауық қой қаланың күзі де әман.
Терезеден ұмсынып сыртқы әлемге,
Көз алмайды Қасым қарт құбыладан.

Көз алмайды Қасым қарт құбыладан,
Алыста қалған дәурен, күніне алаң.
Сағынышы –ауылы, кең алқабы,
Ыстық тасы ауылдың, құмы да оған.

Қала. Пәтер. Бәрі бар. Күтім бөлек,
Көңілін кім бірақ та бүтіндемек?!
Кіржің етті кемпірі тағы, міне,
«Аман болсын жалғыз ұл, шүкір де» –деп.

Терезеге ақ жаңбыр құлайды үдеп,
Көңіл күйін тұрғандай күн де әйгілеп.
Ойын қалай дөп басты, ей, бәйбішесі,
«Өзің де әрең жүрсің-ау Құдай біледі».

Бәйбішеге мырс етті қарап шалы,
Аман болсын, иә, рас қарақтары.
Ұлы менен келіні жұмысында,
Немересі мектепте таң атқалы.

Шүкірінен әлбетте жаңылмайды,
Ұл – ақылды, шүкір ғой, келін – жайлы.
Айтқан болды бірдеңе жауын жайлы,
Тағы ойлады ішінен ауыл жайлы.

Шаңырағы ауылда тұр қаңырап,
Қора қалды, мал емес мұң жамырап.
...Кенет, есік ашылды – немересі.
Жүре берді екеуге күн жадырап!

Иіскеп-сүйіп Әжесі немересін,
Жібіткендей шөлдеген кенезесін.
«Е, Алла бергеніңе шүкір» – дейді,
...«Сол ауылдың қимайды неменесін?!»

ІІ.
Кеш. Дастархан. Отбасы. Асылған ет,
Бәрі үстелдің жайғасқан басына кеп.
Ата-әже мен ұл-келін, немересі,
Нағыз бақыт ойлайсың осы ма деп!

Былқып піскен етін-ай бағыланның,
Әжей жайған ғажап-ау дәмі нанның.
Жанып-жанып жіберіп қайрағына,
«Сармойнағын» ақсақал қолдына алды.

«Береке – осы», дегендей «ырысың да»,
Өткір бәкі қылпыды жұмысында.
Құлақ түріп тыңдайды кәрі атасын,
«Құлағы» бар немере уысында.

«Ата», – деді әлден соң құлын-бала,
Бұлтитады екі ұртын күлім қаға.
«Ұлттық асын Қазақтың кім біледі? –
Деп, – мұғалім сұраған бүгін ғана.

Жауап берді бәрі де балалардың,
Айтып жатыр не түрлі тамақ әркім.
«Донер», «Пицца», «Сэндвич» дегендер бар,
Тамағы олар емес қой Бабалардың?!.

Мен сонда айттым «Апай, қазақ – ет жейді» деп,
«Ұлттық асын қазақтың Ет дейді», – деп.
«Айтқандардың жаңағы ешқайсысы,
Қазы-қарта, шұжыққа жетпейді», – деп!

Етті салып береді табақтарға,
Ет те мол соғым кезі боп жатқанда.
Біз ауылда тұрғанда үнемі әкем,
Қой соятын келетін қонақтарға».

«Міне, дұрыс! Нақты, жөн жауап әрі, –
Деп, – мақтап, апай беспен бағалады.
Ата деймін, оңай ғой айтшы неге,
Білмейді соны қаланың балалары?»

«Еее, балам-ай, жарапсың, азаматсың,
Біраз нәрсе, байқаймын, шамалапсың.
...Қасиетіңнен айналдым қайран ауыл,
Сен не деген ғажапсың, кәрәматсың!

Дұрыс, Ет қой – шын асың, ұлы асың да,
Ет – дәстүрің, салтың да ұғасың ба?!
Қазақ етпен сыйлайды өлісін де,
Тірісін де, құрдасын, құдасын да!

Баласын да, жасын да, кәрісін де,
Білген қазақ ет жеудің мәнісін де.
Қазақ етпен өлшейді сый-құрметті,
Солай болған, бертін де, әрісінде.

Айналайын, жарапсың, күнім, шын-ақ,
Баяндайын отырсаң түбін сұрап.
Қазақ деген қырандай биік ел ғой,
Ет жемесе қалатын қызылсырап.

Білмейді ғой, дедің-ау соны да олар,
Мен тарқатып айтайын сен ұғып ал.
Әрбір бөлек еттің өз қадірі бар,
Әр мүшенің өзіндік жолы болар...».

Бас пен жамбас

Қазақ досқа, қасқа да ас береді,
Қонағына құрметті бас береді.
Ол дегенің – ізеттің ең үлкені,
Ол дегенің табақтың қастері еді!

Қазақ – қазақ болғалы дәстүр ұйытқан,
Әттең, соны ел болдық рас сұйылтқан.
Қазекең өкпелескен адамға да,
Тісін қақпай болса да бас бұйыртқан!

Есік емес, Бас дәйім төріңе асық,
(Ірі малдың шекесін бөліп асып).
Мейманының алдына қойған елміз,
Маңдайынан қасқалап «жолын ашып».

Баба салтын ұғып ал, дұрыстап балам,
Ұғындырар саған кім ұқсап маған.
Әкесіндей құрметтеп бас тартқанмен,
Әкесі бар адамға ұстатпаған!

Жақсыларын даяр боп үлгі етуге,
Аямаған үлкеннен құрметін де.
Ал, енді одан соңғы ізеттілік,
Бас ұстаған адамның міндетінде!

Тәрбиесін қазақтың теңіз көрем,
Былжыр болар деп миын жегізбеген.
Құлақ берген балаға «тыңдап өс» деп,
«Өсек айтсын» бірақ та дегізбеген!

Сен де, балам, жүрерсің сол ізбенен,
(Мақтанамыз ұмытсақ немізбенен?)
«Көреген бол» деп жасқа көзін берген,
Бірақ тағы жұртты аңды дегізбеген!

Жақсы сөбен маңайың гүлденсін деп,
Тіл табысып туыспен үлгерсін көп.
Қолына ұрып келінге таңдай берген,
Бермеген бірақ мүлде тілденсін деп!

Сыйлы мүше бастан соң – жамбас деген,
Табағың да жамбассыз толмас дер ем.
Ертеректен сөз де бар келе жатқан –
«Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген!»

Омыртқа мен белдеме

Омыртқа мен белдеме бөлек жөні,
Өзгесі емес оны ұстар еленгені.
Белдеменің сегіз сыны болады деп,
Ақындар да қосыпты өлеңге оны!

Омыртқаның қанық бол мән-жайына,
Қандай атау бергенін қандайына.
Омыртқа алдын – батырдың маңдайына,
Ал шүйдесін – шешеннің таңдайына.

Иығын теңеп – жұмыр жер жәннатына,
Қолтығын – Самұрық құс қанатына.
Қалағын –асқар таудың заңғарына,
Өзегін – өзен судың аңғарына.

Асар кім бар қазақтан жыр қылуда,
Сын айтыпты жастарға сын қылуға.
Күрегін – арғымақтың азуы деп,
Қармағын – ұста ұстаған ыңғыруға.

Зерек болса мұны тез жас та ұғынар,
Білмей қалса маңдаймен тасқа ұрылар.
Көріп жүрсің, білесің біздің елде,
Омыртқаға шақыру дәстүрі бар!..

Қазы. Сүбе қабырға.

Құлыным, атасынан кен іздеген,
Жылқымінез халықпыз желі үзбеген.
«Жемесең де май жақсы» деп қашанда,
Соғым десе жылқыдан семіз жеген.

Қазысы – бал, жылқының сүті – нұрлық,
Еттен безсе оңбайды түбі бұл жұрт.
Барымтасы өткеннің – жігіттік қой,
Барымта жоқ, барымта бүгін – ұрлық!

Не жайлы еді әңгіме, қазы жайлы,
Қонағасың қазысыз жарымайды.
Бұл заманның иісалмас адамдары,
Қазы менен шұжықты айырмайды.

«Шынашақ», «елі», «бармақ», «сере» өлшеген,
Мұғалімің сұраса айт, егер сенен.
Достарыңа айта жүр қазы бар да,
Түкке алғысыз деп әлг дөнер-сөнер!

Қасиеті қазақтың құрығында,
Жылқы – тағың, жарықтық, тұғырың да!
Қазысымен емдеген жөтелін де,
Қазысымен емдеген сынығын да!

Біз де келмес бір күні көшке ерерміз,
Ұғып ал, ұқпасаңдар сескенерміз.
Басқа қосып екі тал қабырғамен,
Ердің құнын кей кезде шешкен елміз!

Жілік

«Атың барда жер таны желіп жүріп,
Асың барда ел таны беріп жүріп».
Ұлы дала перзенті – дана халқың,
Шығармаған тегін салт, тегін ғұрып.

Астау менен табақтың сәні жілік,
Жолы үлкені жіліктің – кәрі жілік.
Еті жұмсақ, сондықтан оны көрсе,
Біздей шалдар қалады жаны кіріп.

Ұстамайды қыз-қырқын, жігіт-желең,
(Елміз жасқа қарайтын үмітпенен).
«Сүр бойдақ» боп жігіті, ал, қыздары,
«Отырып қалар» дейді күдікпенен.

Бір мәслеле айтатын осы арада,
Ауылдағы көргенсің шошалада.
Мал-басымының құты мен киесі деп,
Кәрі жілікті байлайды босағаға.

Жіліктердің ішінде «сымбаттысы»,
Балаларға өзіңдей қымбаттысы.
Асықты жілік саған таңсық емес,
Пайдасы мол әрі оның бір жақсысы.

Көшпендінің әлем таң дәстүріне,
Өз қағынан тек қазақ қашты, міне.
Памперс те кимей-ақ өскен ұлсың,
Шүмек болған бұл жілік әпшуіңе.

Асықты да боядың қына теріп,
Асығың да көрмеген, сірә, кеміп.
Сол үшін де тетелес балалармен,
Шекісіп қап жүрдің ғой тұра келіп.

Дұрыс, еркек атыңа сай намысты,
Қолдан бермеу болған жөн байлам ішкі.
«Алшысынан әрдайым түссін» дейтін,
Батаң да сол асықпен байланысты.

Ортан жілік тағы бар оданғысы,
Өзгесінен еті мол, орамдысы.
Жілік майын, шіркіннің, шағып ішкен,
Жігіттің өгізге тең болар күші.

Ұлттық ойын – тәрбие, ал есіңе,
Берік болсын ұқыпты уәдесіне.
Деп қазекең кішкентай тобығын да,
Жаратыпты тұрмыстың кәдесіне.

Уақыт ырғып, ғасырдан ғасырына,
Ділгір болдық өткеннің асылына.
«Ақсүйек» боп ақ сөңке сүйегі де,
Тілекші еді сол кездің ғашығына.

Жал-жая

Жал мен жая жүреді қосарланып,
Құнарың сол бойдағы өс аңғарып.
Бүгінгілер май емес, шандырға әуес,
Содан да ғой барамыз осалданып.

Азар елдің асынан жал кетеді,
Жал-жая кетсе еріңнен әл кетеді.
Әл кеткені еріңнен – Елге қауіп,
Өкініштің одан соң бар ма өтеуі?!

Төс

Пайғамбар да сыйлағын күйеу баласын,
Ертең қызын бір елдің сен де аласың.
«Жүз жылдық» деп күйеудің күйеулігі,
Қайын жұрты тасытқан мейманасын.

Қайын жұрты әспеттеп күйеулерін,
Көп болсын деп үйелмен-сүйелменің.
Еркелетіп күйеуге төс тартады,
Ер Төстіктей болсын деп жиендерім.

Жауырын

Болмаған мен мүшенің бәрі құнды,
Айтқан дұрыс ерекше жауырынды.
«Жауырынды мүжіме қу боласың!»,
Деген сөздің тереңде тағылымы!

Бұл тыйымның берері, себебі не?
Салар болсаң ойыңның елегіне.
Сақтандырып, кедейлік, жалқаулықтан,
Етің тірі, пысық бол дегені де.

Бұл даланы сан майдан, жорық көрген,
Қызғыш құстай, бабалар, қорып келген.
Сонда талай хандарың соғыс жайын,
Сұрапты жауырыншы көріпкелден.

Жауырынға «сөйле!» деп ерік берген,
Қазақ кенде болмапты көріпкелден.
Жауырынның, міне, осы қасиетінен,
Талай дұшпан қан жұтып, өлік көмген.

Құйрық-бауыр

Құру керек отбасын саналы адам,
Ұрпақсызды тіріге санамаған.
Адамзаттың – ең ізгі мақсаты осы,
Жалғасқан Адам ата-Хауа анадан.

Отау құру, келген соң балиғатқа,
Ол – заңдылық айнымас шариғатта.
«Басың екеу болмай, мал екеу болмас»,
Ұрпағың ол – қалар із фәниде артта.

Жақындатып екі елді қылып құда,
Құйрық-бауыр асату – ғұрып бұ да!
Ұмытылып кетпесе жарар еді-ау,
Көбейіп қытай, кәріс, түрік құда.

Бабаларың тапсырған ардағың көп,
Құйрық-бауыр, киіт беру қалды әмір боп,
Сен үйленіп, қолынан құдалардың,
Құйрық-бауыр асасам арманым жоқ!

Қарта, Қарын, Ұлтабар, Көтен

Мекендесе жүректің түбін ынсап,
Керегі сол пендеге шын ұғынсақ.
«Сырты түк те іші боқ» дегенменен,
Түлігіңнің ішінде жылы-жұмсақ.

Қай асың бар қартаға тең қойғандай,
Қарын, шіркін, қай еттен кем болғандай?!
Бір жапырақ қартамыз дертке дәру,
Аттай шауып кетерсің ем қолданбай.

Ұл – мырзасы әулеттің, ұлығы да,
Мұрагер сол – әкенің құрығына.
Ұлтабар жеген келін ұл табады,
Кәміл сенсе халықтың ырымына.

Солай жаса десе салт, десе дәстүр,
Қазақы ырым «дәл солай» десе, рас бұл!
Құлындаса жылқыда биелерің,
Жылқышыға сыбаға – көтен астыр!

Қазақ иек артпайды бос ырымға,
Бар болмысын сыйғызған осы ұғымға.
Табиғаты, қонақжай дастарханы,
Әлімсақтан сақталған жосынында.

Жалғайтын сен көненің көшін, ұлым,
Ет – әуелі ұлттығың, сосын – ілім.
«Бір қазақтың үйінде, бір қазақтың,
Қақысы бар» деген бар, осын біл!

ІІІ.
Сабақтады ақсақал сөзін жайлап,
Құлшынысы бала отыр көзінде ойнап!
Әжей үнсіз, ауылды сағынды ма,
Жүргенімен сыр бермей өзін қайрап.

Сағынады-ау, қалайша сағынбасын?
Ондай жұмақ біледі табылмасын.
Кеше ғана түсінде ауылдағы,
Ескі үйінің әктеп жүр қабырғасын.

Ауыл иісін аңсайды көп, ішінен,
Ауылсыз тамырдың бір соғысы кем.
Не боп еді, түсінде, иә, кеше,
Қызыл сиыр қайтпапты өрісінен...

Түскен үйдің келін боп босағасын,
Қалдырған соң қалайша босамасын.
«Жалғыз ұлдың қолына барайық» деп,
Өзі еді ғой көндірген отағасын.

Жүр ғой дейсің қалайша сағынбай бұл,
Әрең-әрең әйтеуір шағынбай жүр.
Дүкен сүтін қосқан соң қойды-ау шәйға,
Маңдайының қырысы жазылмай бір.

Қалалықтар несіне бәлденеді,
Артық нендей ауылдан бар беделі?!
Әжей ойда, атасы немереге
Сорпа жайлы сөз етті әлденені...

Мамыражай дастархан басы мына,
Қуанышты немере асығына.
Шал тіс шұқып, баласы жілік шағып,
Тықылдатты «құс-құс» деп қасығына.

Ет желініп, болғанда сорпа ішіліп,
(Келін шәйін қамдап жүр, торт ұсынып).
Ауыз үйдегі телефон шылдыр етті,
Қолданбайтын жайда ешкім олқысынып.

Тудырғанмен беймезгіл үні секем,
Бәрі амандық, әйтеуір, тыныш екен.
Телефон соғып тұрған Қасым қарттың,
Ауылдағы аталас інісі екен!

«Жадау көңіл туыссыз жұбана ма,
Күздік жықтым, кел» – дейді – сыбағаға!
Өткен қыстан сақтаған сүрің де тұр,
«Келмей қалма тағы да, бірақ, аға!»

Бармағалы ел жаққа асты жылдан,
Күрсінді қарт көзіне жас тығылған.
Қарап сосын ұлына бұйрық берді:
«Дәл қазір сұранып қой бастығыңнан!».

Деп жатыр ғой «сыбаға сақтағамыз»,
Бара алмасақ туыстан жаттанамыз.
Бүгін ерте жатыңдар, таң бозынан,
Құдай жазса, ауылға аттанамыз!

ЭПИЛОГ

Жеңіл көлік ауылдан барады «үркіп»,
Қасым қарттың көзінде дала кілкіп.
Кеше барып бет сипап қайтқан қорым,
Қала берді алыста қарауытып.

Киесі – ауыл екенін, ырысы да,
Немере естен шығармас түбі, сірә.
Ауылдағы туысы сыйға берген,
Қысып апты қамшысын уысына.

Құлынының сүйсініп мұнысына,
Шүкірлігін байлады тіл ұшына.
Бір-екі күн тағы да қалар еді,
Ұл мен келін асықты жұмысына.

Дала. Көлік, соңында шұбаған жол,
«Айналайын, Ел сыйлар ұлы адам бол!
Ғұмырлы бол, шырағым, осы өмірден,
Алатұғын болса екен сыбағаң мол!»

Деп әжей де аймалап немересін,
(Көліктің сүртті бұлдыр терезесін).
Терезеден барады ауыл ұзап,
«Осы ауылдың қимаймын неменесін?!»

Қараша, 2018 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күз

  • 0
  • 0

Өз қанына малшынып, тағы да бір күн өлді,
Аспан төмен салбырап, бұлтқа айналған жын өрді.
Екілене үдеген есер жаңбыр сорғалап,
Топырақты жердегі есалаң қып жіберді.

Толық

Такси

  • 0
  • 0

– Ақшаң болса апарамын қайда да, –
Деп такси шал жымияды қуақы.
– Қолыңыздан келмейді, – деп жай ғана,
Жымиямын, ал, апарсаң міне ақы!

Толық

Бір мұңыма ұласады бір мұңым

  • 0
  • 0

Бір мұңыма ұласады бір мұңым,
Күйін кешіп жүрген жанмын жындының.
Сезім деген оп-оңай-ақ болса ғой,
Көрсететін киносындай үндінің.

Толық

Қарап көріңіз