Әкем де болған, шешем де болған мұңдарым – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Әкем де болған, шешем де болған мұңдарым» атты Әбілда Аймақ жазған әке туралы өлең берілген.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 835
Әкем де болған, шешем де болған мұңдарым,
Ешкімге сенбей, сендерді ғана тыңдадым.
Иілсем-дағы боранның тұрып өтінде,
Сынбадым,
Қайта бос туған жанды шыңдадым.
Сырымды айттым кеудемде менің тұншыққан,
Сендерге аян сазды әуендерім сыңсытқан.
Өздерің едің тал бесігімді тербетіп,
Қара көзімнен бір түйір жасты ыршытқан.
Менімен бірге талай жерлерде түнедің,
Торыққанымда сендерді қарғап-сіледім.
Балдай шарапты бөлісіп ішіп өзіңмен,
Келетін бақты қолымды жайып тіледім.
Айналам толы достарға талай ашындым,
Өзімді өзім түсінбес жаннан жасырдым.
Сондықтан болар, сенімен егіз жаралып,
Қайран мұңдарым, сендерге ғана бас ұрдым!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері