Маңдайымды тіредім жақ таянып – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Маңдайымды тіредім жақ таянып» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 638
Маңдайымды тіредім жақ таянып,
Өткен күнім өртеніп жатты оянып.
Ешкім мені іздемес баяғыдай,
Күндер өтер тағы да оқтай ағып.
Кімге алданам,
Тағы да өлеңге ме,
Ағайыным дейтұғын кереңге ме?
Адамға тән бір ғұмыр бұйырмады,
Жаутаңдадым жоғары, төменге де.
Кімге алданам,
Дәруіш, палшыға ма,
Өзімді-өзім алдаудан мән шыға ма?
Кеудемдегі бозторғай пырлап ұшып,
Айдалада жем болды қаршығаға.
Баса алмай запыран-зәр, күйігімді,
Жібердім жүндей түтіп иінімді.
Жесір қалған қатындай ебіл-дебіл,
Бейуақытта таяндым бүйірімді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері