Жүрегімді келіп бір назға орағым –
Әбілда Аймақ
Бұл бетте «Жүрегімді келіп бір назға орағым» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жүрегімді келіп бір назға орағым,
«Өлеңім» деп өзімше мәз боламын.
Сырт айналып бәрі де жүре берді,
Кімге керек қатықсыз сөз, қарағым.
Төңірегімді торлаған тозған ағын,
Азып-тозып мен дағы қозғаламын.
Өтсем екен естімей дүниеден,
Ескерусіз өлеңнің боздағанын.
Адам қалай бүтіндер азған арын,
Жүргендеймін бауырында өзге ананың.
Арыс болып ағып ем, ебіл-дебіл,
Білгенімде өзіме сөз қонарын.
Қалып кеткен ескіден көз ғанамын,
Өзгелерден сол шығар озбағаным.
Адыраспан түтетіп тазарсам ба,
Жасап алып жолыма аз ғана ырым.
Қоламтада ойымның қоздағанын,
Сеземін де шығады, боз-бораным...
Ескерусіз тағы да қалып кетіп,
Мүжіп жатыр өзімді өз қаламым.
1995 жыл, тамыз
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі