Өлең менен адаспаса болғаны – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Өлең менен адаспаса болғаны» атты Әбілда Аймақ жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 799
Өлең менен адаспаса болғаны,
Жетті-ау деймін бәрінің де толғағы.
Ал Қәландар әлемге хат жолдады,
Есі барға бақ-дәулетің қонбады.
Әкімдердің уысына толмады,
Сонда да өлең абыройын қорғады.
Бұйырмай ма тілек тілеп еккені,
Бұйырмай ма несібе деп орғаны.
Өлең атқа мінгенімен «Пірім!» деп,
Жүрек күйреп, ортасынан тілінді өт.
Баяғыдай патшаларды жағалап,
Киелі өлең, әруақты жыр бүлінбек.
Өлең қазір көшеде жүр сандалып,
Кіл мазаққа неғылсын ол шамданып.
Ішқұса боп өртенеді оңаша,
Шенділерге жалбақтауға арланып.
Өлең менен адаспаса болғаны,
Жетті-ау деймін бәрінің де толғағы.
Ал Қәландар әлемге хат жолдады,
Есі барға бақ-дәулетің қонбады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері